№6003-25-00-2к/3562
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 26 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы Т.А.Туткышовтың, өкілі Е.Е.Мынжановтың,
жауапкер өкілі Б.Т.Жакиповтың қатысуларымен, ашық сот отырысында Түркістан облысының Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Турдалы Айтжанулы Туткышовтың жауапкер «Түркістан облысы Білім басқармасының Төлеби ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтық күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, жалақысының айырмасын өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Т.А.Туткышов сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда «Түркістан облысы Білім басқармасының Төлеби ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Бөлім) 2025 жылғы 3 наурыздағы № 57 «қызметінен босату туралы» бұйрығын заңсыз деп танып күшін жоюды, өзін бұрынғы «Әңгірата» жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне қайта орналастыруды және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2025 жылғы 12 ақпан мен 26 маусым аралығындағы жалақысының айырмасы 1 618 170 теңгені өндіруді сұраған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған, Бөлімнен талап қоюшы Т.А.Туткышовтың пайдасына 2025 жылғы 12 ақпан мен 26 ақпан аралығында мектеп директоры лауазымынан босатылып, мектеп мұғалімі жұмысын атқарған уақытындағы жалақыдағы 150 000 теңге айырмасы өндіріліп, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығындары бөлінген, сот шешімінің жалақы айырмасын өндіру жөніндегі бөлігі дереу орындауға жолданған.
Талап қоюдың ішінара қанағаттандырылуына, соттың талап қоюшының тәртіптік жазасы бар бола тұра еңбек міндеттерін тиісінше қайталап орындамағаны сотта өз дәлелін тапқаны жайлы тұжырымға келуі негіз болған. Апелляциялық сатыдағы сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Т.А.Туткышов кассациялық шағымында, тәртіптік жазаның қолдану мерзімі өтіп кеткендіктен, даулы бұйрықты қабылдау кезінде кәсіпордақ комитетінің дәлелді пікірі алынбауына және шешімде негізсіз істің
прокурордың қатысуымен қаралғаны жайлы көрсетілгендіктен, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотының қайта қарауына жолдауды сұраған.
Бөлім кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, Т.А.Туткышовтың қайталап еңбек міндеттерін орындамағаны іс құжаттарымен расталғанын көрсеткен.
Іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, шағым уәждерін талқылап, шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, кассациялық соты келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1- бабының 1-тармағының 76)-тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.
Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16)-тармақшасының талабы бойынша жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша: тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған бұзылуы мүмкін. «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 24-тармағына сәйкес, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керек.
Жұмыс беруші тәртіптік жаза түрін айқындаған кезде Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15), 16), 17), 18) тармақшаларында көзделген жағдайларда еңбек шартын бұзуды қолдануға құқылы.
Іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мектеп мұғалімдерінің арыздары негізінде Бөліммен жүргізілген тексерудің 2024 жылғы 29 қазандағы қорытындысымен, Т.А.Туткышовтың мектепке Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптарын бұзып, 4 педагогтің мектепке конкурссыз жұмысқа қабылдағаны, біліктілігі сәйкес келмейтін үміткерді жеңімпаз деп танып қызметке тағайындағаны, педагог емес қызметкерлерге (зертханашыларға) сағат жүктемесі берілгені анықталған.
Аталған мәселе құрылған жұмыс тобынының жиналысында қаралуы қорытындысымен, Бөлімнің 2024 жылғы 25 қарашадағы №444 бұйрығымен, Т.А.Туткышовқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған. Анықталған заң бұзушылықтарды, оның ішінде заңсыз қабылданған қызметкерлерді босату мен конкурстық рәсімдерді қайта өткізу міндеттеліп, орындалу мерзімі 2024 жылғы 25 желтоқсанға дейін белгіленген.
Белгіленген мерзімде бұл талаптар орындалмаған. Бұрынғы бұзушылықтардың жойылмағаны ғана емес, жаңа заңсыздықтар да анықталған: атап айтқанда, мектепке гардеробщик қызметіне қабылданған азаматша келесі күні дефектолог лауазымына, ал зертханашы қызметіне қабылданған азамат педагог-психолог лауазымына тағайындалған.
2025 жылғы 15 қаңтардағы №08 бұйрықпен оған «қатаң сөгіс» жарияланып, заң бұзушылықтарды жоюдың жаңа мерзімі – 2025 жылғы 27 қаңтарға дейін белгіленгенімен, бұл мерзімде де талаптар орындалмаған. Осы мән-жайлардың негізінде, Бөлім басшысының 2025 жылғы 3 наурыздағы №57 бұйрығымен Т.А.Туткышовпен жасалған еңбек шарты тәртіптік жазасы бар жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамауы негізінде тоқтатылған.
Тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтпеген. Талап қоюшы сайланбалы органның мүшесі болып табылмағандықтан, жұмыс берушінің кәсіподақтың уәжді пікірін алу міндетті болмаған.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюшыны тәртіптік жазасы бар жұмыскер бола тұра еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап тиісінше орындамаған деген қорытындысы негізді.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.