ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 қыркүйек №6003-25-00-4к/1463 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Құбасай Тілеулі» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) жауапкерлер Бәйдібек ауданының әкіміне, «Бәйдібек ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қатысты жер комиссиясының хаттамалық шешімдерін және әкімнің қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою, шарттарды жарамсыз деп тану, қайта конкурс өткізуге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 қазандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға «Натилла-Алтай» ШҚ-ның берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, конкурс өткізу кезінде рәсімдік нормалардың бұзылуына және кворумның болмауына сілтеме жасады.
МАӘС-тің 2024 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою
қанағаттандырусыз қалдырылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлғаның өкілі сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Басқа мүдделі тұлғалардан істі олардың қатысуынсыз қарау жөнінде өтініштер түсті.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісінше хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді, келмеу себептерін сотқа мәлімдеген жоқ.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бқдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға соттар жол берген.
Дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандыра отырып, төмен тұрған соттар рәсімдік нормалардың бұзылуына және кворумның болмауына сілтеме жасаған.
ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда заңды болып табылады.
АПК-нің 14-бабында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізудің бір қағидаты – сот ісін жүргізу тілі қағидаты бекітілген, ол азаматтық сот ісін жүргізу субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін мәнге ие болып, Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді.
АПК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
АПК-нің 14-бабының екінші бөлігіне сай, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Алайда төмен тұрған соттар сот ісін жүргізу тілі туралы қағидаларды бұзған. Әкімшілік талап қою орыс тілінде беріліп, «Құбасай Тілеулі» ШҚ-ның басшысы Б.П. Қарабасовпен қол қойған.
Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 3 маусымдағы ұйғарымымен іс бойынша сот ісін жүргізу орыс тілінде айқындалған.
2024 жылғы 13 қыркүйекте талап қоюшының өкілі З.Т. Амирова сот ісін жүргізу тілін орыс тілінен қазақ тіліне өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген.
2024 жылғы 13 қыркүйектегі сот ұйғарымымен талап қоюшы өкілінің жазбаша өтінішхатына сәйкес іс бойынша сот ісін жүргізу тілі қазақ тіліне өзгертілген.
Істі сот талқылауына дайындау барысында және одан кейін жауапкерлер тарапынан сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтінішхаттар берілмеген. Мұндай өтінішхат тек талап қоюшы өкілі тарапынан ғана келіп түскен.
АПК-нің 14-бабының екінші бөлігі ережелерінен бірінші сатыдағы соттың сот ісін жүргізу тілін өзгертуге негіздері болмаған, процестік заңда көзделген шарттар сақталмағаны көрінеді.
Атап айтқанда, сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтінішхат талап қоюшының орнына оның өкілімен берілген; іс жүзінде мұндай жазбаша өтінішхаттарға уәкілетті тұлғалар қол қоймаған; іске қатысушы екі тараптың келісімі (өтінішхаты) болмаған; көрсетілген әрекеттер істі сот талқылауына дайындау мерзімдерінен тыс жүзеге асырылған.
Осыған байланысты талап қоюшы өкілінде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дербес өтінішхат беруге процессуалдық құқығы болмаған. Мұндай құқық тек талап қоюшының өзінде ғана және тек оның өкілі талап қоюды өзі меңгермейтін тілде берген жағдайда ғана туындайды. Бұл жағдайда талап қою «Құбасай Тілеулі» ШҚ-ның атынан орыс тілінде басшы Б.П. Қарабасовтың қол қоюымен берілген.
Осы мән-жайларда соттың сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқықтық негіздері болмаған.
Апелляциялық саты аталған құқық бұзушылықтарды жоймаған.
АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуі тиіс.
Процестік бұзушылықтарды негізге ала отырып сот актісін жойғанда кассациялық сот қабылданған шешімнің мәнін талқылауға кіріскен жоқ.
Істі қайта қарау кезінде сот жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, істі толық көлемде қарап, тараптардың уәждері мен дәлелдерін тексеріп, істің мән-жайларын нақты анықтап, оларға тиісті құқықтық баға беріп, дауды қолданылатын материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес шешуі тиіс. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысының күші жойылып, осы іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін. Мүдделі тұлға «Натилла-Алтай» шаруа қожалығының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.