ВС РК - Постановление от 30.05.2019 по делу 6001-19-00-6КГ/13 (Об административном правонарушении)

6кг-13-19

2019 жылғы 30 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М. Балкен,

судьялар Н. Жолдасбеков, Б. Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры Т[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 4 шілдедегі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 29 қаңтардағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен

П[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 137-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

2018 жылғы 4 шілдеде шығарылған Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты П[...] қатысты ӘҚБтК-нің 137-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот ісін жүргізу тоқтатылған. Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың актісі өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады. Наразылықты қолдаған прокурордың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы

заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс құжаттарына сәйкес Әйтеке би ауданы, Комсомол ауылының әкімі П[...] 2018 жылғы наурыз - мамыр айлары аралығындағы шешімдерімен жер учаскесін жалдау құқығы аукциондық және конкурстық тәсілмен берілмеген. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 137-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Аталған істі қарау барысында жергілікті соттар П[...] әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген тұжырым жасап, іс бойынша іс жүргізуді қысқартқан. Алайда, соттардың бұл қортындысы негізсіз.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында іс бойынша іс жүргізуді тоқтату заңсыздықтың негіздемесі ретінде П[...] әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс материалдарында дәлелдемелердің болуы туралы дәлел келтірілген. Наразылық дәлелдерінің негізділігі мыналармен расталады.

ӘҚБтК-нің 832-бабының 2-бөлігіне сәйкес шағым беру, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімін өткізіп алу оларды қарауға қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Істі дұрыс шешу үшін сот мерзімдері мен олардың мәнін шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұнына қарамастан тексереді. Апелляциялық сот ӘҚБтК-нің 832-бабында көзделген мерзімнің өтуіне байланысты прокурордың апелляциялық өтінішхатын қабылдамау қажеттігі туралы тұжырымға келген. Бұл ретте апелляциялық сот прокурор даулап отырған бірінші сатыдағы қаулы прокурордың атына жіберілмегенін ескермеген. Апелляциялық сот прокурордың апелляциялық өтінішхатын қабылдамай, ӘҚБтК-нің 832-бабы 2-бөлігінің істі дұрыс шешу үшін мерзімнің мәнін дәлелдеу қажеттігі туралы талабын орындамаған. Оның орнына, апелляциялық сот өз қаулысында бірінші сатыдағы соттың қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігін көрсетумен шектелген, істі мәні бойынша шешуден және заңдылық қағидасын қамтамасыз етуден жалтарған.

Жергілікті соттар істі қараған кезде Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 48-бабының талаптарына жауапқа тартылатын адамның ісәрекеттерінің сәйкес болуына баға бермеген.

Кодекстің 48-бабының 1-тармағында сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру мүмкіндігі туралы жалпы ереже көзделген. Осы талаптағы ерекшеліктер Кодекстің 48-бабы 1-тармағының 1)-21) тармақшасында көрсетілген.

Тиісінше Кодекстің 43, 44, 44-1-баптарының тәртібінде жер учаскелерін беру рәсімі өтініш Кодекстің 48-бабы 1-тармағының 1)-21) тармақшаларына сәйкес келген жағдайда жол беруге болжауға негіз бар.

Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген мән-жайлар орын алғанын тексермеген, ӘҚБтК-нің 8-бабында бекітілген заңдылық қағидасы қамтамасыз етілмеген.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәлме-дәл сақтауға мiндеттi (ӘҚБтК-нің 8-бабы 2-бөлігі).

Жоғарыда айтылғандарға байланысты алқа істі бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар қараған кезде заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілгені туралы қорытындыға келеді. Осыған байланысты алқа жергілікті соттар қабылдаған актілерді бұзып істі жаңадан қарауға жолдау қажет деп санайды. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 137-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы бойынша П[...] қатысты қабылданған Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 4 шілдедегі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 29 қаңтардағы қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М. Балкен Судьялар Н. Жолдасбеков

Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.