№6003-25-00-2к/2537
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Н.О. Қосанов, судьялар А.З. Каирбеков, М.Т.Кадырова, талап қоюшының өкілі Ә.Б.Досәлиевтің, М.Н. Мухашеваның, жауапкер Д.Н.Атеновтың, өкілі Г.С. Нарымбетовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жауапкер Думан Нурдильдаевич Атеновке жеке сот орындаушысы лицензиясынан айыру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған талап қоюшының өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген жауапкер мен оның өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Жауапкер Д.Н.Атенов 2017 жылғы 20 сәуірдегі берілген №3692 лицензия негізінде жеке сот орындаушысы (бұдан әрі- ЖСО) қызметін атқарған.
Іс құжаттарына сәйкес Түркістан облысының Әділет департаментінің (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 15 қаңтардағы №24-н бұйрығы негізінде ЖСО Д.Н.Атеновтың қызметіне жоспарлы бақылау жүргізілген. Жоспарлы бақылау жүргізу нәтижесі бойынша ЖСО Д.Н. Атеновтың өндірісіндегі атқарушылық іс құжаттарының орындалу барысы тексерілген. Өндірістегі мемлекет пайдасына өндіру туралы 71 атқарушылық іс құжаттарынан және әлеуметтік маңызы бар санаты бойынша 12 атқарушылық іс құжаттарынан борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп орындату шараларын толық қолданбағаны, атқарушылық өндірісті орындаудың екі айлық мерзімі бұзылғаны көрсетілген.
Жоспарлы бақылау нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, онымен ЖСО Д.А. Атенов таныстырылған, жауапкер бақылау нәтижелерін жоққа шығарған жоқ.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2-бабына сай, осы Заңға сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.
Заңның 144-бабының 2-тармағының 1), 4)-тармақшаларына сай Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру атқарушылық әрекеттер жасау кезінде, оның ішінде мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзған;
бір ай ішінде осы Заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты бойынша атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайларда уәкілетті органның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.
ЖСО Д.Н. Атенов Заңның 32-бабының 1-тармағының, 37-бабының 4- тармағының, 66-бабының 1-тармағының талаптарын бірнеше рет бұзғаны анықталған. Соның салдарынан мемлекет пайдасына және әлеуметтік маңызы бар алимент өндіру санатындағы атқару құжаттары уақтылы орындалмай, мемлекет және жеке тұлғалардың мүддесіне нұқсан келген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар жоспарлы тексеру жүргізу кезінде тексеру нысаны болған атқарушылық өндірістері тараптарынан Департаментке немесе өзге де құзырлы органдарға ЖСО Д.Н.Атеновтың әрекетіне (әрекетсіздігіне) арыз-шағымдар түспегенін. Сондай-ақ, талап қоюшы тарапынан Д.Н.Атенов жеке сот орындаушысы қызметін атқару кезінде мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келуіне әкеліп соқтырған, қолданыстағы заң талаптарын өрескел немесе елеулі түрде бұзғаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тартылғаны жөнінде дәлелдеме ұсынылмаған деп қорытындылап, талап қоюды қанағаттандарусыз калдырған. Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдамаларымен келіспейді.
Заңның 39-бабының 1-тармағы бойынша мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Бақылау қорытындысында көрсетілген 71 атқару өндірістері бойынша Заңның 39-бабына сәйкес мерзім бұзылғаны іс материалдарымен бекіген. Бұл жағдай жауапкер Д.Н. Атеновтың бірінші сатыдағы сотқа жолдаған құжаттарынан анықталған. 71 атқару өндірісінен 34 атқару өндірісі бақылау аяқталған сон орындалған, қалған 30 мемлекет пайдасына атқару өндірістері 2023 жылы, 2024 жылы қозғалғанга қарамастан орындалмаған.
Талап қоюда көрсетілген әлеуметтік маңызы бар атқарушылық істер бойынша жауапкер бірнеше айлар және жылдар бойы міндетті мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған. Борышкер А.А. Хуртиннан өндіріп алушы А.Н. Хуртинаның пайдасына ¼ бөлікте алимент өндіру туралы 2019 жылғы 24 мамырдағы қозғалған атқару өндірісі бойынша борышкерге қатысты түсініктеме алынбаған. Борышкердің табыс көзі анықталмаған, борышкердің алимент берешегі есептелмеген, борышкерге қатысты мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылмаған. Бұндай бұзушылықтар басқа атқарушылық өндірісі бойынша орын алған, атап айтқанда № 2932/1951-3692, №3110/19-51-3692, №1641/23-51-3692.
Алимент өндіру туралы атқарушылық істер бойынша өндіріп алушылардың атқару құжаттарын кері қайтару туралы арыздары тексеру аяқталғаннан кейін жазылғаны іс материалдарынан анықталған. Бұл жағдай жауапкердің бір ай ішінде атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамағанын дәлелі.
Анықталған мән-жайлар ЖСО Д.Н. Атеновтың атқарушылық істерің
белгіленген мерзімде орындау жөніндегі міндетін тиісінше орындамағанын, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде заңда көзделген барлық қажетті атқарушылық әрекеттерді жасамағанын растайды.
Кассациялық сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып талап қоюшының кассациялық шағымында көрсеткен уәждерін негізді деп есептейді.
Іс бойынша мән-жайлар толық көлемінде анықталғанымен, оларға бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс құқықтық баға берілмеген, соның салдарынан құқық нормалары дұрыс қолданылмаған. Сондықтан соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жана шешім шығаралсын. Түркістан облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Думан Нурдильдаевич Атенов жеке сот орындаушы №3692 лицензиясынан айырылсын.
Жауапкер Д.Н. Атеновтан мемлекет пайдасына 1966 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілсін.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.О. Қосанов
Судьялар А.З. Каирбеков
М.Т. Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.