Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1499 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 14 мамыр №6003-26-00-2к/1499 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Ж.Қ.Рүстембеков,

аудармашы Т[...],

талап қоюшы Т[...], оның өкілі С[...],

жауапкердің өкілі Г[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер К[...] қойған шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі қабылданған Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 тамыздағы шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Т[...] талап қоюында 2018 жылы А[...] 500 000 теңге қарыз алғанын, қарызды қайтару үшін Г[...] 2 800 000 теңге қарызға алғанын, әрі қарай қарызды қайтару үшін Н[...] 4 000 000 теңге қайта қарыз алғанын, бұл ретте соңғыға кепіл ретінде өзіне меншік құқығымен тиесілі Орал қаласы, [...] мекенжайында орналасқан [...] пәтерді сатып алу-сату шартын жасағанын, осы шартта пәтердің құны 6 800 000 теңге деп бағаланып, шарт 2020 жылғы 5 қыркүйекте рәсімделгенін көрсеткен. Осыдан кейін, Н[...] қарызды қайтарып, пәтерді кері сатып алу үшін 2021 жылғы 28 мамырдағы қарыз шартына сай К[...] 6 000 000 теңге қарыз алып Н[...] бергенін, даулы пәтер кепіл мүлік ретінде К[...] атына рәсімделгенін көрсеткен.

Талап қоюшы соңғы шартты рәсімдеу кезінде ауырып тұрған соң оқымай қолын қойып бергенін, бұл шартта қарыз мөлшері 12 000 000 теңге жазылғанын білмегенін және бұл шарттың мәніне түсінбей қолын қойғанын, іс жүзінде К[...] 12 000 000 теңге қарыз алмағанын, барлығы 6 000 000 теңге қарыз ақша еуроға баламасында алғанын көрсетіп, Қ[...] 2021 жылғы 28 мамырда жасалған 12 000 000 теңге қарыз алу шартын (әрі қарай – даулы шарт) жарамсыз деп тануды сұрады.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, жауапкердің өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 159бабының 9-тармағына сәйкес алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Іс құжаттарына қарағанда талап қоюшы өзінің пәтеріне қатысты алаяқтық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арызданған. Орал қаласының полиция бөлімінің тергеушісінің 2023 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен Н[...] қатысты алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылған.

2024 жылғы 15 қаңтардағы сот шешімінен Т[...] Н[...] 2020 жылғы 05 қыркүйектегі пәтерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Дауланып отырған 2021 жылғы 28 мамырдағы қарыз шарты жазбаша түрде жасалып, нотариуспен куәландырылған, шартқа сәйкес К[...] Т[...] 12 000 000 теңге қарыз берген.

Сотта қарыз алушының да қарыз берушінің де даулы шартты жасау барысында оның тараптарының еркіне қатысты заң талаптары бұзылмағаны, ал, мәміленің алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалғаны, сондай-ақ тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болғаны туралы дәлелдер жоқ екені анықталған.

Талап қоюшының қарыз шарты бойынша қарыз мөлшері нақты алынған қарызға сәйкес келмейтіні, бұл шарт жасасу кезінде ауырып, мәміленің мәнін түсінбегені туралы уәждері сот дәлелдері жоқ болғаны себепті негізсіз деп танылған. Қазіргі уақытта қарыз шарты толық орындалған.

Кассациялық сот жауапкердің арызына орай бірінші сатыдағы соттың талап қоюға АК-нің 178-бабында көзделген үш жылдық ескіру мерзімін қолданғаны заңды деп санайды. Даулы шарттың үш жылдық ескіру мерзімі өтіп кеткен, оның себепті жағдайда өткені туралы дәлелдер жоқ, заң талаптарына сай талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Алайда, іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 25 тамыздағы шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар

М.Қадырова

Ж.Рүстембеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.