Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2380 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2380

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшылар Н.Исаев пен Н.Д.Дуйсеновтың, талап қоюшылардың өкілі С.С.Самиеваның, жауапкердің өкілдері Ш.С.Сатаев пен А.А.Амангельдинаның қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Нияз Исаевтың, Нұржан Досыбайұлы Дуйсеновтың, Еркин Бегадилович Нурадиловтың, Айбек Рыштаевич Жақсыбаевтың, Сәрсенбек Мұхымбековтың, Абзал Тәжібайұлы Керімовтың, Сеитхан Туйғанбекович Ботабековтың, Бахытжан Елемесович Байсаковтың, Нағашбек Ендибаевич Дюсебековтың, Темиргали Курманалиевич Сатановтың, Ізбасар Таңатарұлы Өзгелдиевтің, Жомарт Жүмабайұлы Бұхарбаевтың жауапкер «Волковгеология» акционерлік қоғамының іс-әрекетін заңсыз деп танып, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын ай сайын және мерзімі өткен тұрақсыздық айыппұл сомасын төлеп беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Алматы қаласының Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда «Волковгеология» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ) іс-әрекетін заңсыз деп танып, 2014-2022 жылдары аралығындағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын және мерзімі өткен тұрақсыздық айыппұл сомасын төлеп беруді міндеттеуді сұраған. Алматы қаласының Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімімен талап қоюшылардың талап қою арызы - қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот

iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшылар Н.Исаев, Н.Д.Дуйсенов, А.Р.Жақсыбаев, С.Т.Ботабеков, Т.К.Сатанов, С.Мұхымбеков, Н.Е.Дюсебеков, Ж.Ж.Бұхарбаев, Б.Е.Байсалов, А.К.Керімов, Е.Б.Нурадилов, І.Т.Өзгелдиев «Волковгеология» АҚ-ның №5 геологиялық барлау экспедициясы филиалында еңбек шарты негізінде жұмыс атқарып келеді.

Талап қоюшылардың «Волковгеология» АҚ-ның №5 геологиялық барлау экспедициясы филиалының қызметі жер үстінде технологиялық ұңғыма бұрғылауды жүзеге асыруға бағытталғаны анықталған.

Сот отырысында талап қоюшылар өздерінің еңбек қызметін ашық кеңістікте жүзеге асыратынын атап өтіп, олардың жұмыстары жер асты жұмыстарымен байланысты емес екендігін жоққа шығармаған.

Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді қанағаттандырудан бас тартқан.

Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда, талап қоюшылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен (күші жойылған - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен) бекітілген тізбенің 1-бөлімі 1- тарауының 1-тармағына сәйкес, жұмыс уақытының кемінде 80%-ын жерасты жұмыстарында өткізетін жұмыскерлер санатына жатпайтынын, уран өндірісі жүргізілетін блоктарда және ұңғымалардың жанында немесе сол деңгейде іс жүзінде жұмыс атқарған қызметкерлерге, жұмыс берушінің тапсырыс берушіден алған анықтамасына сәйкес, олардың қызметі зиянды деп танылғандықтан, тиісті айларға 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленіп келгенін және талап қоюшылардың сотқа осы талап қоюмен жүгіну мерзімі өтіп кеткенін соттар негізге алған.

Өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесін бекіту туралы (Күшін жойған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1562 қаулысымен жұмыс берушінің қаражаты

есебінен міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын (ары қарай -МКЗЖ) аудару жүргізілетін өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесі бекітілген. МКЗЖ жұмыс беруші тарапынан еңбек жағдайлары (зиянды (ерекше зиянды) болып танылған жұмыстарда ай сайынғы жұмыс уақытының кемінде 80% жұмыс істеген жұмыскерлер үшін төленеді. Жұмыс уақытының есебі жұмыс беруші белгілеген құжаттарға сәйкес жүргізіледі.

Осыған сәйкес, МКЗЖ төлеу үшін келесі шартар сақталуы тиіс:

  • жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында айдың кемінде 80 % жұмыс істеуі керек.

  • Жұмыскердің кәсібі бекітілген тізбеге сәйкес болуы тиіс.

Талап қошылардың кәсібі бекітілген тізбеге сәйкес келеді. Алайда талап қоюшылар 80% жерасты жұмыстарында жұмыс iстейтiн жұмысшылар қатарына жатпайтыны анықталған. Аталған мән-жайды талап қоюшылар да жоққа шығармады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2014-2022 жылдары аралығында «Волковгеология» АҚ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) қышқылданған блоктарда жұмысты тікелей орындаған қызметкерлерге ғана есептелген, яғни уран алатын блокта және ұңғымалардың қасында немесе сол деңгейде іс жүзінде жұмыс жасаған қызметкерге жұмыс беруші, тапсырыс берушінің анықтамасы негізінде зиянды болып табылуына байланысты тиісті айларға 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының аталған қаулыға сәйкес есептеліп төленіп келген.

Тапсырыс берушінің қышқылданған блок екені туралы анықтамасының нәтижесінде сол айларға төленген.

Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі. Бұл жағдайда аталған құжат тапсырыс берушінің анықтамасы болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюды қанағаттандыруға негіздер жоқ деген тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.