Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4734(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4734(2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 23 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы А.О.Ибагарованың, өкілдері М.О.Мажитовтың,

А.Х.Тұяқбаевтың,

жауапкер өкілдері Т.Ш.Абубакировтың, Р.С.Буршеевтың және К.А.Дауылбаевтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Алтын Онгарбаевна Ибагарованың жауапкер «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйрықтарды заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру және моральдық зиянның өтемақысын өтеу туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен А.О.Ибагарованың талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сотпен талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, талап қоюшының тәртіптік жазасы бола тұра еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны, онымен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылатыны туралы тұжырымға келуі негіз болған. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен бұл сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылған.

«Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) 2024 жылғы 31 қазандағы №835-м бұйрығы заңсыз деп танылып күші жойылып, А.О.Ибагарова Серіктестіктің әлеуметтік саясат және ішкі коммуникация тобының басшысы лауазымына қайта орналастырылған.

Серіктестіктен А.О.Ибагарованың пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына еңбек шартын бұзу кезінде төленген өтемақыны, жеке табыс салығы және зейнеткерлік төлемдер, басқа да міндетті төлемдер алына отырып 5 782 266 теңге жалақысы, моральдық зиянның 500 000 теңге өтемақысы өндірілген.

Сот шығыстары бөлінген.

Іс бойынша жаңа шешім шығарылуына апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюшының тәртіптік теріс қылығы үшін жауапқа тартылған жұмыскер бола тұра қайталап қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны сотта өз дәлелін таппағаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Жауапкер кассациялық шағымында, сотпен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, қайталап тәртіптік теріс қылық жасалғаны іс құжаттарымен расталуына байланысты, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған. Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, жауапкердің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары сотта зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен, анықталған істің мән-жайларымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1- бабының 1-тармағының 76) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылықжұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады.

Тараптар арасында дау туындағанда қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 16 – тармағының талабына сәйкес, сот Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында көзделген негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамды бұрынғы жұмысына қайта алу туралы талап қоюды шешу кезінде жұмыскердің бұрын сол үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған теріс қылық жасаған-жасамағаны, осы тәртіптік жазаны қолданудың заңнамалық актілерде белгіленген тәртібі мен мерзімдерінің сақталғансақталмағаны, жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау немесе қайталап тиісінше орындамау белгісінің бар-жоғы туралы дәлелдемелерді зерттеуге міндетті.

Егер сот істі қарау кезінде адамды бұрын жасалған теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту заңнаманы бұза отырып жүргізілгенін анықтаса, онда қайталану белгісі алып тасталып, талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта алынуға тиіс.

Қайталануды айқындау кезінде жұмыскерде, оның бірінші теріс қылыққа ұқсас қандай тәртіптік теріс қылықты қайталап жасағанына немесе

басқа тәртіптік теріс қылық жасағанына қарамастан, тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде оның түрлерінің (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс) біреуінің бар болуын басшылыққа алу қажет. Еңбек шартын бұзудың негізінде жұмыскерге еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдану көзделген.

Бұл ретте сот жұмыскердің Еңбек кодексінің 65-бабында көзделген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылған бұрын жасалған тәртіптік теріс қылығы болған кезде ғана еңбек шартын осы негіз бойынша бұзуға мүмкін болатынын назарда ұстауы тиіс.

Іс құжаттарынан анықталғандай, А.О.Ибағарова Серіктестікке 2007 жылғы 2 сәуірде жасалған № 41 еңбек шарты негізінде жұмысқа қабылданып, 2024 жылғы 20 ақпандағы қосымша келісім бойынша әлеуметтік саясат және ішкі коммуникация тобының басшысы қызметін атқарған.

Серіктестіктің жоғарыда аталған даулы бұйрығымен Кодекстің 52бабының 1-тармағының 16)-тармақшасы негізінде онымен 2024 жылғы 31 қазаннан бастап жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған. Оған төменде анықталған мән-жайлар негіз болған.

А.О.Ибагарова 2023 жылғы 27 желтоқсанда шартсыз, жаңа жыл мерекесі қарсаңында жұмысшылардың балаларына тарату мақсатында жеке кәсіпкер Р.Ембергеновадан сыйлықтарды қол хат арқылы Серіктестік басшылығының келісімімен қабылдап алған. Себебі, олар жұмысшылардың балаларына таратылған, Серіктестік тарапынан олардың кіммен, қайдан, қандай қаражатқа алынуына байланысты сұрақтар туындамаған.

Сәйкесінше жұмыс беруші бұл туралы 2023 жылғы желтоқсан айында бiлген немесе бiлуге тиiс болған.

Бұл мәселеге қатысты жұмыс беруші мен жұмыскер арасында дау кейіннен 2024 жылғы 27 мамырдағы жеке кәсіпкер Р.Ембергенованың жеткізілген ойыншықтардың ақысын төлеуді сұраған хатынан туындап, А.О.Ибагароваға 2024 жылғы 10 шілдеде №25-м бұйрығымен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған.

Демек, оған тәртіптік жаза Кодекстің 66-бабында көзделген бір айлық мерзімі өтіп кеткеннен кейін қолданылған.

Одан бөлек, бірінші сатыдағы сотпен осы оқиғаға байланысты талап қоюшының уәждері тиісінше зерттелмеген, оларға баға беріліп, жоққа шығарылмаған, нақты кінәлілік әрекеті, қызметтік нұсқаулығының нақты бұзылған тармағы анықталмаған, іс біржақты қаралып сот ісін жүргізудегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы сақталмаған. Осыдан кейін, жұмыс берушінің 2024 жылғы 4 қазандағы №31-м бұйрығымен А.О.Ибрагимоваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған. Оған 2024 жылғы 9 қыркүйектегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамынан келіп түскен тендерлік құжаттарды

әзірлеуде орын алған қателіктерге байланысты кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шара көру туралы хаты негіз болған.

Яғни, талап қоюшыға оған жауапты тұлға бола тұра теңдерлік құжаттамаларды қазақ және орыс тілдерінде жасақтап, порталға жариялауға тиіс болғанымен, порталға қазақ тіліндегі құжаттар енгізілмей қалғаны үшін тәртіптік шара қолданылған.

Бұдан кейін, талап қоюшы 2024 жылғы 17 қазандағы №33-м бұйрығымен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.

Серіктестік директорымен 2024 жылғы 12 қыркүйекте өткізілген кеңестің хаттамалық шешімімен А.О.Ибагарова мен Б.Борашовқа 16 қыркүйекке дейін (1 жұмыс күні ішінде) әлеуметтік мәселелер бойынша бос тұрған маманның вакантты жұмыс орнына алынатын үміткерлерді тестілеуден өткізуге арналған тестілеу сұрақтарын дайындау, ұжымдық шарт бойынша материалдық көмек беру жөніндегі жұмысшылардан түскен ӘСжІКТ-ның орындауындағы арыздарды ЕАТжПББ-ға алыс беріс актісімен тапсыру, ӘСжІКТ-ның әлеуметтік мәселелерге жауапты маманның вакантты жұмыс орнына қабылданған жұмысшыны 5 жұмыс күніне ЕАТжПББ бөліміне ұжымдық шарт бойынша материалдық көмекке бұйрық шығару тәртібін үйренуге жіберу жүктелген.

Кеңестің хаттамалық шешімімен А.О.Ибагарова мен Б.Борашов жазбаша түрде келіспеушілігін білдірген.

Осы фактіге байланысты А.О.Ибагарова Серіктестікке жазған хатында бұған дейін барлық жағдайда аталған шешімде көзделген жұмыстардың орындалуы кадр бөліміне жүктеліп, солармен атқарылып келгенін, ол үшін бұл бөлімге арнайы бір штаттық бірлікте берілгенін, өзі басқарған бөлімге бекітілген 2 штаттық бірліктің 1 уақытша болса, Б.Борашовтың үнемі еңбекке жарамсыз парақтарында, еңбек демалысында, спартакиядаларға қатысуына байланысты жұмыста болмайтынын, сондықтан кадр бөлімімен орындалуы тиіс жұмыстардың өзіне негізсіз жүктелгенін, өз кезегінде кадр бөлімінде 8 адам жұмыс атқаратынын, ЕАТиПББ-не тапсыруға тиіс қызметкерлердің арыздарын осы бөлім бастығының орынбасары И.Бекмолдиновтың дөрекілік танытып өзінің қызметтік кабинетіне келіп актіге қол қоймай тастап кеткенін көрсетіп, осы мәселеге қатысты бұған дейін жазған қызметтік хатына сәйкес тиісті шара көруді сұраған.

Одан бөлек, аталған жұмыстардың орындалуы тікелей талап қоюшының лауазымдық нұсқаулығында көзделмеген, жүктелмеген.

Алайда, бұл факті бойынша А.О.Ибагарова тарапынан құқыққа қарсы, кінәлілікпен қызметтік міндеттерін орындамауы орын алғанын анықтау немесе жоққа шығару мақсатында бірінші сатыдағы сотпен аталған құжаттар зерттелмеген, оларға құқықтық баға берілмеген.

Қалыптасқан жағдайда, талап қоюшымен уақытты және қажетті еңбек ресурстарын қажет ететін аталған жұмыстарды белгіленген бір жұмыс күні

ішінде орындауға расында дәлелді себептерге байланысты мүмкіндігі болмағаны байқалады.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әріАК) 8-бабының талабы бойынша, заңды тұлғалар өзiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды.

Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Жоғарыда аталған А.О.Ибагаровамен еңбек шартын бұзуға негіз болған жұмыс берушінің бұйрығы бойынша, соңғыға халықаралық қарттар күніне орай зейнеткерлерге материалдық көмек көрсету мақсатында олардың тізімінің жасалуы тапсырылған.

Онымен жасалған тізімдегі зейнеткерлердің 3 қайтыс болғаны анықталған.

Жұмыс берушімен А.О.Ибагарованың бұл қателігін жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау ретінде бағаланып, онымен еңбек шарты бұзылған.

Алайда, А.О.Ибагаровада тізімді жасауда қайтыс болған зейнеткерлер туралы ақпарат болғаны, қателіктің қасақаналық ниетте жасалғаны анықталмаған, оның құқықтық салдары болмаған, жұмыс берушіге материалдық зиян келтірілмеген. Жұмыс беруші тарапынан А.О.Ибагаровамен еңбек шартын бұзу жөнінде шешім қабылдауда орын алған жұмысындағы кемшіліктердің мазмұны мен сипаты, жасалған кездегі мән-жайы, оның әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн келеңсiз зардаптары, жұмыс өтiлi (стажы), жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайларды ескеруге міндетті болған.

Өз кезегінде, талап қоюшы жалғыз басты ана болып табылады, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар, сәйкесінше әлеуметтік жағынан осал топқа жатады, жасы 58-де, отыз жылға жуық еңбек өтілі бар. Бұл тұрғыда, кассациялық сатыдағы соты апелляциялық сатыдағы сотының А.О.Ибагарованың әрекетінде еңбек шартын бұзуға негіз болып табылатын - тәртіптік жазасы бар жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамау белгілерінің анықталмағаны жөніндегі тұжырымдарымен келіседі.

Негізгі талап қанағаттандырылғандықтан, Кодекстің 161-бабының және АК-тің 951-бабының талаптарына сәйкес талап қоюдың қалған бөлігі дұрыс қанағаттандырылған.

Кодекстің 4-бабына сәйкес адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттарының бірі болып табылады.

АПК-тің 6-бабының 5-бөлігінің талабына сәйкес егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Сондықтан шағым берілген қаулы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.