Қ А У Л Ы
2025 жылғы 19 қараша №6003-25-00-2к/1504 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
талап қоюшы Б.Избасаров пен оның өкілі Г.Темирханова, жауапкер Г.Маметалиева және үшінші тұлғаның өкілі З.Әлиевтің қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Бекмурза Избасаровтың жауапкер Гульназ Бекмурзакызы Маметалиеваға, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкерлер жағындағы үшінші тұлғалар Шымкент қаласының нотариусы Нұрсұлтан Қаржаубайұлы Қандаулетовке, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Б.Избасаровтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Б.Избасаров жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2024 жылғы 12 шілдедегі Б.Избасарова мен Г.Маметалиева арасында жасалған даулы тұрғын үйді жер учаскесімен бірге сатып алу - сату шарты жарамсыз деп танылған, жауапкерден мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы Б.Избасаров кассациялық шағымында, апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, алқа қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берген.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Б.Избасаров пен Б.Избасарова 1970 жылғы 27 маусымында заңды некеге тұрған.
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 194-орам, Спатаев көшесі, №149 «А» мекенжайында орналасқан жер телімі мен тұрғын үй (бұдан әрі - даулы жылжымайтын мүлік) 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 4058 сатып алу-сату шарты және 2024 жылғы 24 мамырдағы №2442 салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес ерлі-зайыпты Б.Избасаров пен Б.Избасароваға тиесілі болған.
2024 жылғы 12 шілдедегі сатып алу-сату шартына сәйкес, даулы жылжымайтын мүлікті Б.Избасарова өзінің қызы Г.Маметалиеваға 24 872 910 теңгеге сатқан.
Сол күні шарт жасалғанға дейін Б.Избасарова даулы жылжымайтын мүлік сатып алынғанда некеде болмағаны туралы нотариуспен куәландырылған арызға қол қойған.
2024 жылғы 16 шілдедегі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - АҚ) мен Г.Маметалиева арасында жасалған банктік қарыз шартына сәйкес, банк қарыз алушыға 10 606 656 теңге көлемінде 72 ай мерзімге несие берген.
Міндеттемені орындауды қамтамасыз ету мақсатында сол күні Г.Маметалиева шарт жасасу арқылы даулы жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қойған. Ол шарт тіркеуші органда тіркелген.
2024 жылдың 14 қарашасында Б.Избасарова қайтыс болған.
Б.Избасаров қайтыс болған жұбайы Б.Избасарова мен қызы Г.Маметалиеваның арасындағы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын ортақ мүлікті сатуға келісімін бермегенімен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот даулы мәміле меншік ортақ мүліктің иесінің бірі Б.Избасаровтың келісімінсіз жасалғанымен оның АК-нің 223-бабы және Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 33-бабының 1-тармағында көзделген меншік құқығы бұзылғаны және даулы мәміле бойынша мүліктің құны төленбегені және жылжымайтын мүлік сатып алушының иелігіне өтпегенімен негізделген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келіспей, талап қоюшы Б.Избасаровпен құқықтар теріс пайдалану орын алғанын анықтаған.
Атап айтқанда, талап қоюшы мен даулы келісім шарттың тараптары бір отбасының мүшелері, соның ішінде талап қоюшы Б.Избасаров қызы Г.Маметалиева тұрғын үйді сатып алу-сату шартын банктен кепілге осы пәтерді салып, несиені анасы Б.Избасароваға аудартып, содан кейін ол ақшаны қажеттіліктеріне пайдалану мақсатын алға тартқаны жөнінде хабардар
болғанын, талап қоюшы бірнеше рет қызымен бірге банкте болғанын ескеріп, тараптар бұл дауды құқықтарын теріс пайдалану арқылы даулы тұрғын үйді кепілден шығаруға бағытталған әрекеті деп бағалап, АК-нің 8-бабының 7- тармағына сәйкес талап қоюшының құқығын қорғаудан бас тартқан.
Сот апелляциялық сатыдағы сот қорытындыларын материалдық құқық нормаларына қайшы болғандықтан төмендегі негіздерге байланысты негізсіз деп табады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабының 2, 3- тармақтарына сәйкес, меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 223бабына сай, ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 33-бабының 1-тармағына сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 34-бабының 3-тармағына сәйкес, ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.
Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
АК-нің 157-бабы 1-тармағына, 158-бабы 1-тармағына сәйкес, мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады. Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады. Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді. Мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып
табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
АК-нің 406-бабы 1-тармағына сай, сатып алу-сату шарты бойынша бiр тарап (сатушы) мүлiктi (тауарды) екiншi тараптың (сатып алушының) меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе жедел басқаруына беруге мiндеттенедi, ал сатып алушы бұл мүлiктi (тауарды) қабылдауға және ол үшiн белгiлi бiр ақша сомасын (бағасын) төлеуге мiндеттенедi. АПК-нің 65-бабының 3-бөлігіне сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес. Анықталғандай, 2024 жылғы 12 шілдеде тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жасағанда сатушы Б.Избасарова ері талап қоюшы Б.Избасаровтың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алмаған.
Осы ретте, талап қоюшы Б.Избасаровтың даулы мәміле жөнінде білгені туралы жауапкер тарапының уәждері тиісті дәлелдеме болып саналмайды, себебі заң талаптарына сәйкес меншік иесі жылжымайтын мүлікті сатуға келісім бергенін тек қолы нотариуспен куәландырылған құжат бекітеді. Мұндай құжат алынбаған. Сондай-ақ, банк қызметкері мен тұрғын үйдің сатып алушысының талап қоюшы мәміле жасауға келісім бергені туралы көрсетулері жол берілетін дәлелдемеге жатпайды.
Осылайша талап қоюшының Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабының 2, 3-тармақтарына және Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 34-бабының 3-тармағына қорғалатын меншік құқығы бұзылған.
Одан бөлек, іс жүзінде сатушы анасы мен сатып алушы қызы арасында тұрғын үйдің құны алыс-беріс орын алмаған. Бұл мән-жайды жауапкер Г.Маметалиева жоққа шығармайды. Яғни, банк мәміле бойынша қаражатты сатушы Б.Избасарованың есеп шотына аударған, содан кейін сатып алушы қызы Г.Маметалиева ол ақшаларды қайтып алып өз қажеттілігіне жұмсаған. Сатып алушы бұл үйді қабылдап алмаған, осы уақытқа дейін тұрғын үйде талап қоюшы тұрып келеді.
Көрсетілгендердің негізінде, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі қалпына келтірілуге, кассациялық шағым қанағаттандырылады.
Талап қоюшымен сотқа талап қоюымен жүгінгенде 245 729 теңге мемлекеттік баж төленген. Сондай-ақ, талап қоюшы кассациялық шағым бергенде 122 864 теңгенің орнына 1 966 теңге төлеген. Сот талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылғанын ескеріп, жауапкерден мемлекет пайдасына 120 898 теңге мемлекеттік баж өндіруге жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімі қалпына келтірілсін.
Жауапкер Гульназ Бекмурзакызы Маметалиевадан талап қоюшы Бекмурза Избасаровтың пайдасына 245 729 теңге (екі жүз қырық бес мың жеті жүз жиырма тоғыз) теңге мемлекеттік баж, мемлекет пайдасына 120 898 (жүз жиырма мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
А.Тоқсанбаев
Төрағалық етуші
Судьялар
А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.