ВС РК - Постановление от 03.06.2021 по делу 6001-21-00-6кп/30 (Об административном правонарушении)

6кп-30-21

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 3 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Д. Рахметулин,

судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Т[...],

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 207-бабының 7- бөлігі бойынша Т[...] қатысты,

Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 3 желтоқсандағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 207бабының 7-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 583 380 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор Т[...] қорытындысын, Т[...] және С[...] түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының күшін жоюға не оны өзгертуге мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің

шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына сәйкес «Түркістан қаласы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Т[...] «Түркістан облысы, [...] ғимарат мекен жайы бойынша орналасқан Түркістан қаласының балалар қолданбалы өнер мектебінің қазандығын газбен жабдықтау мемлекеттік сатып алу», «Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Ш[...] батырлары көшесі, № 29 ғимарат мекен жайы бойынша орналасқан «Бөбек» бөбекжай-балабақшасының қазандығын газбен жабдықтау мемлекеттік сатып алу», «Түркістан облысы, [...] мекен жайы бойынша орналасқан «Толагай» бөбекжай-балабақшасының қазандығын газбен жабдықтау мемлекеттік сатып алу» ашық конкурстарын өткізу кезінде техникалық ерекшелікке сәйкес келмейді деген себеппен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамай конкурсқа қатысудан заңсыз шеттеткені үшін ӘҚБтК-нің 207-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда жергілікті соттардың қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша сот істі қарауға кіріскенде өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамның түсініктемелерін, іс жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсіндірмесін және сарапшылық қортындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуының, істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.

Жергілікті соттар конкурстық құжаттаманың ажырамас қосымшасы болып табылатын техникалық ерекшелікті зерттемеген. Істе техникалық ерекшелік жоқ. Сонымен қатар, конкурстық комиссияның конкурсқа қатысудан шеттетілген қорытындылар хаттамасы іске тіркелмей, оның заңдылығын соттар тексермеген. Әкімшілік жауапқа тартылған Т[...] уәкілетті органмен көрсетілген бұзушылықтар жөнінде түсініктемелер алынбаған. Соттардың тұжырымдары тек әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға, аудиторлық есептің көшірмесіне және кінәні мойындауға негізделген.

Соттардың қаулылары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың қаулысы туралы» Жоғарғы Соттың № 5 2018 жылғы 20 сәуірдегі нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес келмейді.

Осыған байланысты алқа Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сот және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 3 желтоқсандағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Рахметулин

Судьялар Ж. Ермағамбетова М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.