ҚАУЛЫ
5 наурыз 2026 жыл №6003-25-00-2ки/17 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,
судьялар – Е.Б.Тулеев, Л.Е.Қайырбаева болып,
прокурор А.С.Камашевтің,
талап қоюшының өкілдері Д.М.Сейфуллиннің, С.А.Жоламановтың, жауапкердің өкілі Г.Е.Жұбанияздың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – талап қоюшы, Министрлік) «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі – жауапкер, «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-і) айыппұл сомасын өндіру туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап, АНЫҚТАҒАНЫ:
Министрлік жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 69 000 000 теңге айыппұл, 2 070 000 теңге мемлекеттік баж сомасы өндірілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі, яғни жауапкерден мемлекет пайдасына 3 090 190 теңге айыппұл өндіру қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда Министірлік істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын алға тарта отырып, дау айтылған сот актілерінің жауапкерден 3 090 190 теңге айыппұл өндіруден бас тартқан бөлігінің күшін жойып, талап арызды толықтай қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсы пікірінде дауланып отырған сот актілерін өзгеріссіз, ал талапкердің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.
Талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсы пікірін, прокурордың сот актілері өзгертілуге жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.
Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктердің орын алынуына жол берілген.
Соттар анықтағандай, Министрлік пен «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-і арасында екі келісімшарт жасалған.
Біріншісі, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аумағында XXXVII12-ші (ішінара), F (ішінара) блоктары шегінде орналасқан «Тасболат» мұнайгаз конденсатты кен орнында көмірсутек шикізатын өндіруді жүргізу туралы 1998 жылдың 28 қаңтарындағы келісімшарт (бұдан әрі – 1-Келісімшарт).
Осы келісімшарттың 85-тармағының 8) тармақшасында (1Келісімшартқа 22.05.2022 жылы енгізілген №6 толықтыруларға сәйкес) жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың 34 - тармағында көрсетілген жобалық құжаттар көрсеткіштерінің бірін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін 20 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) түрінде тұрақсыздық айыбын төлеу жауапкершілігі қарастырылған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 133-бабының 1- тармағының 1-тармақшасында жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеуі түрінде жауапкершілік қарастырылған. Соттар, осы істі қарау барысында жауапкердің 2023 жылы келісімшартта көзделген мұнай және газ өндіру көлемін орындамағанын нақтылы анықтаған. Аталған жағдайда, соттардың «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 20 000 АЕК мөлшерінде, яғни 69 000 000 теңге айыппұл өндіруі заңды.
Шешімнің бұл бөлігі, жоғарыда атап өткендей, жауапкер тарапынан дауланбайды.
Екіншісі, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аумағында XXXVII - 12Е блогының шегінде (ішінара) орналасқан Ақтас мұнай-газ конденсаты кен орнында және іргелес аумақта көмірсутек шикізатын барлауға және өндіру туралы 2000 жылғы 12 желтоқсанындағы келісімшарт (бұдан әрі – 2- Келісімшарт).
Осы келісімшарттың 29.6-тармағының 3) тармақшасында (2Келісімшартқа 23.09.2016 жылы енгізілген №5 толықтыруларға сәйкес) жер қойнауын пайдаланушы қаржылай міндеттемелерін орындамағаны үшін есепті
кезеңде орындалмаған міндеттемелерінің 1 (бір) пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеу жауапкершілігі қарастырылған.
Жауапкердің 2021 жылы орындауға тиісті қаржылық міндеттемелері 1 827 698 950 теңгені құрайды (2-Келісімшартқа 21.11.2022 жылы енгізілген №8 толықтырулардың №1 Қосымшасы - Жұмыс бағдарламасына сәйкес) .
Алайда, 2021 жылы жауапкер жер қойнауын пайдаланушы ретінде өзіне жоғарыда алған қаржылай міндеттемелерін 1 518 680 000 теңге мөлшерінде ғана орындаған, яғни орындалмаған қаржылай міндеттемелердің мөлшері 309 018 950 теңгені құрайды (1 827 698 950 – 1 518 680 000), сәйкесінше төленуге жататын айыппұл мөлшері 3 090 190 теңге (309 018 950 * 1%).
Жергілікті соттар аталған айыппұл мөлшерін өндіруден бас тарта отырып, жауапкердің есептік жылда орындаған қаржылық міндеттемелерінің пайыздық қатынасы 30 % жоғары, яғни қаржылық міндеттемелері заңнамалық белгіленген шегінде орындалған, сол себепті Кодекстің 133-бабының 2- тармағының 1-тармақшасына сәйкес құзыретті органның «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-не айыппұл төлеу туралы хабарламаны жіберуіне негіз болған жоқ деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот жергілікті соттардың мұндай тұжырымымен келісе алмайды, себебі аталған заң нормасы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының бұзылуына жол берілген кезде және осыған байланысты тұрақсыздық айыбын төлеу, немесе анықталған бұзушылықты жою жөніндегі міндеттерді орындау туралы құзыретті орган тарапынан хабарлама жіберу рәсімін ғана реттейді.
Ал, сотқа беріліп отырған талап арыз Кодекстің 133-бабының 1- тармағының 1-тармақшасына және Министрлік пен жауапкер арасында қол қойылған 2-Келісімшартқа негізделген. Аталған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының қаржылай міндеттемелерін орындамағаны үшін есепті кезеңде орындалмаған міндеттемелерінің 1 (бір) пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеу жауапкершілігі тікелей қарастырылған және мұндай жауапкершілікке тартылудың есептік жылда орындалған қаржылық міндеттемелердің мөлшерімен байланыстылығы көрсетілмеген.
Кассациялық соттың аталған тұжырымы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының № 6001-25-006ип/15 қаулысындағы құқықтық көзқарасына толықтай сәйкес келеді.
Мұндай жағдайда, талапкердің «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 3 090 190 теңге (309 018 950 * 1%) мөлшерінде айыппұл өндіруі туралы талабы орынды, әрі заңды, сол себепті қанағаттандыруға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің жауапкер «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 3 090 190 теңге айыппұл өндіруді қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, істің бұл бөлігінде жаңа шешім қабылдансын.
«Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 3 090 190 (үш миллион тоқсан мың бір жүз тоқсан) теңге мөлшерінде айыппұл, 92 706 (тоқсан екі мың жеті жүз алты) теңге мөлшерінде баж салығы өндірілсін.
Сот актілерінің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Туғанбаев М.А.
Судьялар Тулеев Е.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.