Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3683 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-2к/3683 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев, талап қоюшы А.Байдалы, оның өкілі Г.Пернебаева, жауапкер Е.Дербисбековтің қатысуларында,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айдана Оразбайқызы Байдалының жауапкерлер Еркегали Сембекович Дербисбековке, Адилбек Умирбекович Кулымовқа, Анар Абитаевна Кенжехановаға, нотариус Перизат Аблашовна Айдарбековаға, даудың нысанасына дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлға Еркебұлан Әділбекұлы Құлымовқа қойған жауапкерлер Еркегали Сембекович Дербисбеков пен Адилбек Умирбекович Кулымов арасында жасалған тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды және тұрғын үйді сатып алу-сату шарты Айдана Оразбайқызы Байдалы мен Еркегали Сембекович Дербисбеков араларындағы жасалған, жарамды деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А.Байдалы жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Е.Дербисбеков пен А.Кулымовтың арасында 2022 жылғы 27 желтоқсанда жасалған №2091 тізілімде тіркелген Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, №94 тұрғын үйді сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, №94 тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі Е.Дербисбеков пен А.Байдалы арасында жасалған, жарамды деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда апелляциялық сатыдағы сот даулы мәміленің мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтініне және заңдық салдар туғызу ниетін көздемей жасалғанына дұрыс құқықтық баға бермегенін көрсетіп, алқа қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 158бабы 1-тармағына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. АК-нің 160-бабының талаптарына сәйкес, оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнінде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.

1988 жылғы 1 тамыздағы неке қию туралы куәлікке сәйкес жауапкерлер А.Кулымов пен А.Кенжеханованың араларында некелері тіркелген.

2021 жылғы 5 қарашадағы неке қию туралы куәлікке сәйкес үшінші тұлға Е.Құлымов пен талап қоюшы А.Байдалының некелері тіркелген. Жауапкерлер А.Кулымов пен А.Кенжеханова үшінді тұлға Е.Құлымовтың ата-анасы, талап қоюшы А.Байдалының қайын атасы мен енесі.

2024 жылғы 16 қыркүйектегі соттың шешімімен үшінші тұлға Е.Құлымов пен талап қоюшы А.Байдалының арасындағы некелері бұзылып, 2022 жылғы 25 қыркүйекте туған М.Әділбек анасының тәрбиесінде қалған.

2022 жылғы 27 желтоқсанда №2091 тізілімде тіркелген Е.Дербисбеков пен А.Кулымов араларында Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, №94 мекенжайда орналасқан тұрғын үйді сатып алу-сату келісім шарты (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Бұл пәтер А.Кулымовпен 7 000 000 теңгеге сатып алынған, оның 2 000 000 теңгесін үшінді тұлға Е.Құлымов, 5 000 000 теңгесін талап қоюшы А.Байдалы төлеген.

Талап қоюшы А.Байдалы талаптарының негізі ретінде дау айтылған шарт бойынша тұрғын үй құнын өзі төлегенін көрсетіп, АК-нің 158-бабы 1- тармағы және 160-бабымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдап,оны аталған үйге төленген қаражаттың басым 5 000 000 теңге бөлігін А.Байдалы төлегендігімен, дау айтылған шарт жасағанда АК-тің 158бабы 1-тармағының талаптары бұзылғандығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот, сот шешімімен келіспей, келесі негіздерге байланысты оның күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдыруға жататыны туралы тұжырымға келген.

АК-нің 147-бабының мағынасына сай, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері мәмілелер деп танылады.

Дау айтылған шарттың 3-тармағына сай, тұрғын үй сатушы мен сатып алушының өзара келісім бойынша 7 000 000 теңгеге сатылғаны, келісілген баға сомасы бойынша тараптар шартқа қол қойғанға дейін толық есептескен.

Шарттың 6-тармағына сай, тараптар осы шартқа қол қою барысында дендері сау болғандықтан өз міндеттерін қорғап, іске асыра алатындарын, оның мағынасын түсінуге кері әсер ететін аурулармен ауырмайтындарын және алдау, қорқыту, күш көрсету әсері болмағандығын растаған.

Осы шарттың 8-тармағында тараптарға АК-тің 380, 385, 386, 393баптарының, Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» заңының 18, 53-баптарының мазмұны, сондай-ақ, жасалған мәміленің салдары мен құқықтары нотариуспен түсіндірілген.

Дау айтылған шарттың мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен, сондай-ақ тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін немесе екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалғанын бекітетін шынайы және жарамды дәлелдемелерді талап қоюшы келтірмеген және мұндай дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған. Шарт жасалған уақыттан бері 1 жыл 9 ай өткен, осы уақыттан бері даулы тұрғын үйде жауапкерлер тұрып келген, тиісті коммуналдық және салық төлемдерін төлеген.

Осыған байланысты сот алқасы дау айтылған шартпен тараптардың шарттан туындайтын құқықтық салдар жасау ниеті болғаны туралы дұрыс тұжырымға келген.

Талап қоюшы А.Байдалы екінші талабында Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, №94 тұрғын үйді сатып алу-сату шарты Е.Дербисбеков пен өзінің арасында жасалған деп тануды сұраған.

АК-нің 154-бабы 1, 2-тармақтарына сай Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп есептеледі.

Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды дептануға құқылы.

Көрсетілген заң талабына сай, нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе жарамды деп танылуы мүмкін.

Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, №94 тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесін жауапкерлер Е.Дербисбеков пен А.Кулымов арысында жасалып, нотариуспен куәландырылған.

Талап қоюшы А.Байдалы көрсетілген тұрғын үйді сатып алу-сату шарты өзімен жасалғанын бекітетін жарамды дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Осы тұрғыда, талап қоюшының даулы тұрғын үйді сатып алуға қаржы бергені дау айтылған тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, осы шарттың онымен жасалғанын бекітетін жеткілікті дәлел болып табылмайды.

Дау айтылған шарт рәсімделгенде талап қоюшы А.Байдалы нотариустың кеңсесінде болған және шартқа байланысты қарсылық білдірмеген.

Талап қоюшы А.Байдалының даулы тұрғын үй рәсімдеп шарттың талаптары толығымен орындалып, екі жылға жуық уақыт бойы тұрғын үйдің тағдырына қызығушылық білдірмей, ері Е.Құлымов арасында отбасылық қарым-қатынаста дау туындаған соң, үйді аларда қаражатты өзі төлеген деген негізбен сотқа талап қоюымен жүгінген.

Талап қоюшы құқықтарын жүзеге асырған кезде заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершілік принциптерін сақтамай, әділетсіз әрекет еткен. Оның мәмілені сот тәртібімен даулау жөніндегі әрекеттері басқа адамға зиян келтіруге, құқықты теріс пайдалануға бағытталған.

Бірінші сатыдағы сот қаралып жатқан істі дұрыс әрі заңға сәйкес шешуге елеулі маңызы бар жоғарыдағы мән-жайларға жеткілікті көңіл аудармаған және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, нәтижесінде ол заңсыз шешім қабылдауға әкеп соқтырған.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықтаған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымдағы уəждер сот алқасының қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен соттар материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер

ұсынылмаған. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.