№6003-26-00-2к/661 іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.К.Есдаулетов, судьялар Г.М.Даулеткалиева, Н.Б.Ормаханов болып, прокурор К[...], талап қоюшы өкілі Ж[...], жауапкер өкілі С[...],
үшінші тұлғалар өкілдері К[...] мен А[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Г[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Г[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, полиция қызметкерлерімен заңсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаудан өзіне келтірілген 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оған, соттың қолданыстағы заңдарда осы негізде моральдық зиянды өндіру қарастырылмағаны, талап қоюшыға қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазасының қолданылмағаны және оған қатысты мемлекеттік органмен заңға сәйкес емес қандай да бір акт шығарылмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауына, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің салдарынан шеккен жан азабының дәрежесіне тиісінше баға берілмеуіне байланысты сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, мамандандырылған сотпен талап қоюшының мүліктік емес игіліктері мен құқықтары бұзылғаны анықталмағандықтан, сот қаулысында оның ақталуына байланысты зиянды өтеттіру құқығы танылмағандықтан және тиісті жауапкер болып табылмауына байланысты сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Соттармен бұл істі қарауда мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 951бабының 1-тармағына сәйкес моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
Іс құжаттарына қарағанда, Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің Орал қаласының полиция басқармасының полиция қызметкерлерімен 2025 жылғы 29 қаңтарда Г[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабының 9-бөлігі негізінде №252774030007560 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылып, қарау үшін сотқа жолданған.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен Г[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өндірісі, оның әрекетінде құқық бұзушылық құрамы дәлелденбегендіктен тоқтатылған.
Г[...] осы мән-жайларға байланысты, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қадір-қасиеті мен ар-намысына
нұқсан келтіріліп, қорланып, ызаланып, ашулануына байланысты өзіне моральдық зиян келгенін көрсетіп, осы талап қоюмен сотқа жүгінген. Алайда, әкімшілік істің тек құқық бұзушылық әрекеттің дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылуы, талап қоюшыға моральдық зиянды даусыз өтеттіру құқығын туындатпайды, өздігінен моральдық зиянды өндіруге негіз болып табылмайды.
Себебі, АК-тің 917-бабының талабы бойынша зиянды өтеу үшін құқыққа қарсы әрекет пен соның салдарынан келтірілген зиянның арасындағы себептік байланыс пен кінә дәлелденуге тиіс.
АК-тің 951-бабына сәйкес моральдық зиян өтелуге жатады, егер талап қоюшы өзінің нақты тән немесе жан азабын шеккенін және оның жауапкердің әрекетімен тікелей байланыстылығы дәлелденсе.
Оны дәлелдеу міндеті АПК-тің 72-бабына сәйкес талап қоюшыға жүктелген.
Дегенмен, талап қоюшымен моральдық зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті және жол беруге болатын дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған.
Іс құжаттарында оның денсаулығының нашарлауы, психологиялық зардаптар, іскерлік беделіне нұқсан келуі немесе өзге де моральдық зардаптардың болғанын объективті түрде растайтын дәлелдер тіркелмеген.
Бұл ретте, жоғарыда аталғандай жалғыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің тоқтатылуы талап қоюшыға моральдық зиянның келтірілгенін бекітетін бұлтартпас дәлелі бола алмайды.
Одан бөлек, талап қоюшыға қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазасы қолданылмаған, мемлекеттік органмен оған қатысты заңға сәйкес емес қандай да бір акт шығарылмаған.
АПК-тің 68-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша сотпен шешім қабылдауда әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Өз кезегінде, шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
Шағым берілген сот актілерін зерделеу соттардың ұстанымы іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырыстарында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың қарау нысаны болып, даулы сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілгендіктен, сот актілеріне өзгерістер енгізу не олардың күшін жоюға негіз жоқ. Сондықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші А.Есдаулетов
Судьялар Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.