ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 қараша № 6399-25-00-4к/2332 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Г.Б. Дуйсенбаев, Н.М. Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі Г.Д. Джанабергеновтың қатысуымен ашық сот отырысында Жомарт Даулетжанович Куралбаевтың «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жер учаскелеріне қайта жасақталған жерге орналастыру жобасын бекіту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуын заңсыз деп тану, қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына талап қоюшының өкілі Г.Д.Джанабергеновтың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж.Д. Куралбаев «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімімен Ж.Д. Куралбаевтің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Г.Д.Джанабергенов кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда кемшіліктер орын алғаны анықталды.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 4 мамырдағы № 392 қаулысы және Шымкент қаласында жер учаскелеріне өткізілген сауда-саттықтың (аукцион) нәтижесі бойынша 2007 жылғы 5 наурздағы № 28 хаттамасына сәйкес Д.А. Дукембаева Шымкент қаласы Алматы-Ташкент тас жолы бойынан жалпы көлемі 0,10 га жер учаскесі сауда қатарларын жобалау және құрылысын жүргізу үшін жеке меншік құқығымен табысталған. Аталған қаулының (хаттаманың) негізінде жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп, кадастр №19-309-063-4318 сәйкестендіру құжаты табысталған.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 4 мамырдағы № 392 қаулысы және Шымкент қаласында жер учаскелеріне өткізілген сауда-саттықты (аукцион) нәтижесі бойынша 2007 жылғы 5 наурыздағы № 27 хаттамасына сәйкес Б.А. Арыстанова Шымкент қаласы Алматы-Ташкент тас жолы бойынан жалпы көлемі 0,10 га жер учаскесі сауда қатарларын жобалау және құрылысын жүргізу үшін жеке меншік құқығымен табысталған. Аталған қаулының (хаттаманың) негізінде жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп, кадастр №19-309-063-4317 сәйкестендіру құжаты табысталған.
2013 жылғы 18 қаңтардағы сату-сатып алу келісім шарты негізінде Б.А.Арыстанова Д.Дукембаевадан жер учаскесін сатып алып, Шымкент қаласының жер қадастрлық кварталға бөлінісі өзгертілуіне байланысты 2016 жылы 25 тамызда Шымкент қаласы Алматы-Ташкент тас жолы бойынан жалпы көлемі 0,10 га жер учаскесінің кадастр №19-309-063-4318 саны кадастрлық №19-309-205-4847 санды сәйкестендіру құжаты табысталған.
Шымкент қаласының жер қадастрлық кварталға бөлінісі өзгертілуіне байланысты көлемі 0,10 га жер учаскесінің кадастрлық №19-309-063-4317 саны кадастр №19-309-205-4846 өзгертілген.
2020 жылғы 9 қыркүйекте сату-сатып алу келісім шарты негізінде кадастр №19-309-205-4847, №19-309-205-4846 жер учаскелерін Ж.Куралбаев сатып алған.
Кадастр №19-309-205-4847 жер учаскесіне жаңа кадастр №22-327-015191 сәйкестендіру құжаты алынған.
2024 жылы 26 қарашада талап қоюшы Басқармаға екі жер учаскесінің Шымкент қаласы, Алматы-Ташкент тас жолы бойынан жаңа сауда қатарларын жобалап, жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекітуге мемлекеттік қызметі бойынша жүгінген.
2024 жылғы 28 қарашада Басқарма Ж.Д. Куралбаевтың өтініші бойынша ұсынылып отырған жерге орналастыру жобасы Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі - МЖК ААЖ) картасында кадастрлық № 19-309-085-1375 жойылуына байланысты мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Осы шешімді Басқарма дәлелді бас тарту деп атаған және Ж.Д. Куралбаевті 2024 жылғы 29 қараша сағат 10-00 алдын ала шешім шығару үшін Шымкент қаласы, Шаяхметов көшесі, 39 мекенжайында өтетін тыңдауға шақырған.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының (бұдан әрі -Қағидалар) 7-тармағына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізу уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі. Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.
Аталған нормалардың мазмұнынан Басқарма алдымен қызметті алушымен тыңдалым өткізіліп, артынан оның нәтижелері бойынша жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Соттар жоғарыда көрсетілген нормалардың талаптары сақталғанын тексермеген, дауланып жатқан 2024 жылғы 28 қарашадағы дәлелді бас тарту Қағидалардың 7-тармағында көзделген мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешімі болып табыла ма, әлде бұл тыңдауды өткізу туралы хабарлама ма, әкімшілік рәсім дұрыс жүргізілді ме, тыңдалым өткізілді ме анықтамаған.
Талап қоюшы жерге орналастыру жобаларын кадастрлық №22-327-015191, №19-309-205-4846 жер учаскелеріне ұсынған, ал Басқарма дауланып отырған жауабында МЖК ААЖ картасында кадастрлық № 19-309-085-1375 жойылуына байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан, яғни мүлдем басқа жер учаскесіне сілтеме жасаған.
Құқықты негіздейтін құжаттарға сәйкес кадастрлық № 22-327-015-191, №19-309-205-4846 жер учаскелерінің әрқайсысының ауданы 0, 1 га болғанына қарамастан талап қоюшы жобаларды 0,0865 га жасаған.
Жобаларды орындаған жерге орналастырушы А. Сейданова түсіндірме жазбаларында жер учаскелері қызыл сызыққа түсуіне байланысты бір бөлігі бөлініп жоба дайындалғанын, жер учаскелері игерілмегенін көрсеткен.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының маманы Ұ.Әлімбаева жасаған далалық зерттеу актісіне сәйкес қазіргі таңда жер телімі иесінің көрсеткен жері МЖК ААЖ деректер қорында бөгде жер пайдаланушымен беттесе еніп орналасу жағдайы жоқ екенін, ал электрондық картада бойынша кадастрлық нөмірі 22-327-015-191, 19-309-205-4846 жер телімдері Торангыл көшесі бойында орналасқан деп көрсеткен.
Электрондық іске 2025 жылғы 5 ақпанында салынған фотосүреттерде көрсетілген жер учаскелері бос екені көрінеді.
Соттармен осы құжаттарға тиісті баға берілмеген, жер учаскелерінің шынымен бос учаскелер болып табылатынын анықтамаған.
Әкімшілік орган талап қоюшыға мемлекеттік қызметті көрсеткенде ӘРПК-нің 72-бабының бірінші бөлігінде көзделген міндеттерін қаншалықты дұрыс атқарғанын соттар айқындамаған.
Осылайша, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамаған, ӘРПК-нің 16-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттемеген.
Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылып, іс жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілуге, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Бірінші сатыдағы сот істі жаңадан қарағанда соттың белсенді рөлі қағидатын толық көлемінде қолданып, қаулыда көрсетілген, істі дұрыс шешу үшін маңызды мән-жайларды анықтауға тиіс.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысының күші жойылсын. Іс жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін. Талап қоюшының өкілі Г.Д.Джанабергеновтың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев Судьялар
Г. Дуйсенбаев
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.