6001-24-00-6ап/837
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айдар Кабирович Каженовтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша Департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып бұзуды және тұрғын үй төлемдерін тоқтатылған күннен бастап төлеуді мәжбүрлеу туралы талап қоюшымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешіміне, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ
А.К.Каженов жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2022 жылы 11 тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, тұрғын үй төлемдерiн алып отырғанын.
Алайда, Департаменттің ұсынған қызметтік пәтері төтенше жағдайда, яғни санитарлық, экологиялық, өртке қарсы нормаларына сай келмейтінін жауапкер тарапы назардан тыс қалдырып, ұрғын үй төлемдерiн негізсіз тоқтатқанын көрсеткен.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылып, Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 7 сәуірдегі №6 және 29 тамыздағы №11 шешімдерінің, Каженов Айдар Кабировичке қатысты тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы бөлігі, заңсыз деп танылып, күші жойылып, тұрғын үй төлемдері 2023 жылғы 7 сәуірден бастап төлеу міндеттелген.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптардың кассациялық сатыдағы сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда Департаменттің қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың талапкер А.К.Каженовтің талап арызын толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы 28) тармақшасына сай, тұрғынжай тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй).
«Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 қаулысының 12 тармағының 10) тармақшасында тұрғынжайға мұқтаж деп тану үшін әскери қызметші тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына баянат береді. Баянатқа, отбасы тұрып жатқан тұрғынжай белгіленген техникалық талаптарға жауап бермеген жағдайларда әскери қызметші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының түпнұсқасын (тұрғынжайды техникалық тексеру нәтижелері бойынша) қосымша ұсынатыны көрсетілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, А.К.Каженов отбасы мүшелерiмен 2022 жылғы 11 тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, тұрғын үйді жалға алу ақысын алып келген.
Департамент тарапынан А.К.Каженовке ұсынылған Атырау қаласы, Жалаңтөс батыр көшесі №21 тұрғын үйдегі кызметтік пәтер «Жайық Экспертиза» ЖШС-нің қорытындысына сәйкес, тұрғын үй жұмыс iстемейтiн (төтенше) жағдайда екені және санитарлық, экологиялық, өртке қарсы нормаларға сай келмейтіні анықталған.
Істің бұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттардың Департаменттің тұрғын үй комиссиясының даулы шешімдерін заңсыз деп танып, бұзылуға жатады деген тұжырымымен толығымен келіседі, себебі жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес тұрғынжай санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормаларына сай болуына тиіс.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы санайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі сатыдағы соттармен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша Департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Г.К. Нурбаев Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.