Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5239(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5239(2) 5239(3) Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Ш.К.Токеевтың, өкілі А.Жиенбекұлының,

жауапкер өкілдері С.Е.Бурлибаевтың, А.К.Аульбекованың, А.К.Еримбетовтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қазандағы қаулысына жауапкерлердің кассациялық шағымдарымен түскен,

талап қоюшы «Шалқар» шаруа қожалығының басшысы Шалқар Кураганович Токеевтің жауапкерлер Сержан Кусайынович Апсетовке, Абылайхан Қайратұлы Оңғарбаевқа келтірілген мүліктік залал сомасын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюда, жылқы малдарының бидай және арпа егіс алқаптарына жайылып, жеп, таптап жарамсыз етуінің салдарынан келтірілген материалдық шығынның құны С.К.Апсетовтен 31 354 000 теңге, А.Қ.Оңғарбаевтан 9 450 000 теңге өндіру сұралған.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономиқалық сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сотпен талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына келтірілген шығынның тікелей жауапкерлердің малдарының жайылуынан орын алғаны және оның мөлшері сотта өз дәлелін таппауы негіз болған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, С.К.Апсетовтен 29 221 128 теңге, А.Қ.Оңғарбаевтан 9 544 500 теңге келтірілген нұқсанның құны өндірілген. Сот шығындары сәйкесінше бөлінген.

Осы соттың 2025 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен аталған қаулының қарар бөлігінің бесінші абзацында көрсетілген 9 544 500 теңге өндірілген сомасы, 9 450 000 теңгеге түзетілген.

Осы соттың 2025 жылғы 23 қазандағы қосымша қаулысымен «Шалқар» шаруа қожалығының басшысы Ш.К.Токеевтің пайдасына окілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығыны С.К.Апсетовтен 2 922 112 теңге, А.Қ.Оңгарбаевтан 900 000 теңге өндірілген.

С.К.Апсетов пен А.Қ.Оңгарбаевтан үлестік тәртіпте «Шалқар» шаруа қожалығының басшысы Ш.К.Токеевтің пайдасына бағалау жүргізуге жұмсалған 400 000 теңге сот шығыны өндірілген. Апелляциялық сатыдағы сотпен талап қоюдың ішінара қанағаттандырылуына, бірінші сатыдағы сотпен ұсынылған дәлелдемелерге

тиісінше баға берілмегені, істің біржақты қаралғаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Жауапкерлер кассациялық шағымдарын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына, болжамдарға негізделуіне және ұсынылған дәлелдемелерге дұрыс баға берілмеуіне негіздеп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, материалдық шығынның тікелей жауапкерлердің малдарымен келтірілгені іс бойынша жинақталған анық және іске қатысты дәлелдемелер жиынтығымен расталғандықтан, шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 9- бабының 4-тармағының талаптары бойынша құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.

Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 5, 11-тармақтарының талаптары бойынша, АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік

талаптарын АК-тің 5-бабы және АПК-нің 6-бабы негізге алғанда, заңды болып табылады.

Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.

Шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді. Талап қоюшының талабы жауапкерлерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 1-бөлігі (жануарларды жаю қағидаларын бұзу) бойынша толтырылған хаттамаларға негізделген. Осы хаттамалардың негізінде С.К.Апсетовтың 20 бас жылқы малының 2024 жылғы 5 маусымда Ақбұлақ ауылдық округінде, «Шалқар» шаруа қожалығының бидай егістігінде қараусыз жүргені үшін және А.Қ.Оңғарбаевтың 2024 жылғы 9 шілдеде 20 бас жылқы малының Құлан ауылында егістікте қараусыз жүргені үшін оларға әкімшілік айыппұлдар салынған.

Одан бөлек сотпен шешім шығаруда негізге алынған 2024 жылғы 12 шілдеде жасалған актіде, бидай егілген алқапта С.К.Апсетовтың жылқы малдарының жайылып жүргені және 740 гектар (бұдан әрі-га.) арпа алқабының - 94 га., 600 га. бидай алқабының - 30 га., 360 бидай алқабының - 25 га., 240 тұқымды бидай алқабының - 27 га., 60 га. бидай алқабының - 12 га., 975 га. есістік алқабының - 93 га. жылқы малдары аралап жайылып, жеп, таптап тастағаны көрсетілген.

АПК-тің 68-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша сотпен шешім қабылдауда әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Алайда, бұл дәлелдемелер жауапкерлердің талап етілген мөлшерде талап қоюшыға нұқсан келтіргенін бекітетін бұлтартпас дәлелі бола алмайды.

Себебі, аталған дәлелдемелермен талап қоюшының егіс алқаптарына С.К.Апсетовтың малдары тек 2024 жылғы 5 маусымда, ал А.Қ.Оңғарбаевтың малдары тек 2024 жылы 9 шілдеде бидай және арпа егіндерін бүлдіргені расталған.

Бұл жайлы акт нақты сол күндері емес кейіннен, тек 2024 жылғы 12 шілдеде біржақты жасалған.

Акті жасауға С.К.Апсетов пен А.Қ.Оңғарбаев қатыспаған немесе олардың оған қатысудан бас тартқандары туралы актіде белгі қойылмаған, актіге егіс алқабында нақты С.К.Апсетовтың малдарының жайылып жүргенін растайтын құжат тіркелмеген.

Бұдан бөлек, апелляциялық сатыдағы сотпен аталған дәлелдеменің мағынасы қате көрсетіліп, онда актімен нақты С.К.Апсетовтың жылқылары «Шалқар» шаруа қожалығының «Бесқатын», «Көбдік» аймағындағы 94 га. арпа егістігін, 187 га. бидай егістігін, ал А.Қ.Оңғарбаевтың жылқылары «Сорбұлақ», «Қалғанкөл» аймағында 150 га. арпа егістігін таптап, астық алуға жарамсыз еткені анықталғаны жөнінде көрсетілген.

Сотта куә ретінде сұралған адамдардың түсініктері, тек осы екі дәлелдеменің анықтылығына қатысты болған.

Сонымен бірге, осы егін алқаптарына 2024 жылғы 12 шілдеге дейін 11 маусымда жасалған актіге қарағанда, егістік алқаптарында шамамен 15-20 күн, кей жерлерде 5-6 күн бұрын жылқы малының жайылған іздері анықталған және 740 га. егістік алқабында -35 га., 60 га. егістік алқабында -15 га., 350 га. егістік алқабында -36 га., 975 га. егістік алқабында -45 га. жылқы малдары аралап жайылған.

Бірінші сатыдағы сот отырысында зерттелген бейнежазбада «Сорбұлақ», «Қалғанқол», «Бесқатын» және «Көбдік» жерге егілген дақылдарға 2024 жылғы 5 маусым – 12 шілде аралығында тек жауапкерлердің малдары ғана емес, басқада ауыл тұрғындарының жылқылары болғандығы анықталған, себебі бейнежазбаларда «67 жылқы, 35 жылқы, 47 жылқы құлынымен» деген әртүрлі сандар айтылған. Жауапкер О.Қ.Оңғарбаевтың атына жылқы малдары тіркелмеген. Талап қоюшы осы талап қоюмен сотқа оқиға орын алғаннан 8 ай өткеннен кейін тек 2025 жылғы 14 наурызда жүгінген. Егер мұндай әрекеттер жасалған болса іс құжаттарына тараптың татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар тіркелмеген.

АПК-тің 48-бабының 3-бөлігіне сәйкес, егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды мойындаса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талап қоюшының қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.

Өз кезегінде, жауапкермен бұл дәлелдемелерге дау айтылған, оларды мойындамаған, сондықтан тек осы дәлелдемелер негізінде істің мән-жайлары анықталған деуге негіз болмаған. Жоғарыда аталған Қаулының талабы бойынша шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес.

Апелляциялық сатыдағы сотпен келтірілген материалдық шығынның мөлшерін анықтаудада кемшіліктерге жол берілген.

Шешім қабылдауда келтірілген нұқсанның мөлшері сотпен тек 2024 жылғы бидай және арпа дақылдарының орташа өнімділік пен баға деректері негізінде анықталған.

Алайда іске тіркелген Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024 жылғы 27 қарашада № ЖТ-2024-05642923 хатына, басқа да ақпараттық құжаттарға қарағанда бидай өнімі дән маңызына және сыныпына

қарай 5 тұріне бөлінетіне және олардың бағасы құн салығын қоса есептегенде 50 000 - 100 000 теңге арасында бағаланған, арпаның құны құн салығын қоса есептегенде, «натурасы 630 г/л» 50 000 теңгеге бағаланған.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы сотпен, шешiмi заңды және негiздi болу үшін АПК-тің 77-бабының талабына сәйкес дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету мақсатында арнаулы білiмi бар адамды маман ретiнде іске тартылмаған немесе 82-бабы негізінде тиісті сот сараптамасы тағайындалмаған.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық сот, апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері, істің мән-жайларына сәйкес келмейді деп есептейді.

Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот шағымдарда келтірілген уәждермен келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген.

Осыған байланысты, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін, даудың мән-жайы толық анықталғанын ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылады.

Даудың жауапкерлердің пайдасына шешілуіне байланысты олармен мемлекет кірісіне төленген мемлекеттік баж, АПК-тің 109-бабының талабына сәйкес талап қоюшыдан алып берілуге жатады.

С.К.Апсетовке 146 106 теңге, А.Қ.Оңғарбаевқа 47 250 теңге.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Шалқар» шаруа қожалығының басшысы Шалқар Кураганович Токеевтен жауапкер Сержан Кусайынович Апсетовтың пайдасына 146 106 (жүз қырық алты мың жүз алты) теңге, Абылайхан Қайратұлы Оңғарбаевтың пайдасына 47 250 (қырық жеті мың екі жүз елу) теңге төленген мемлекеттік баж өндірілсін.

Кассациялық шағымдар қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

Судьялар

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.