Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5134(2) (Гражданское)

6003-25-00-2к/5134(2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

талап қоюшы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің өкілі Ю[...], даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі Т[...], «Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округі әкімнің жауапкер Н[...] заңсыз салынған ғимарат құрылысын бұзу туралы азаматтық істі жауапкер Н[...] Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Түркістан облысы, [...] бойында орналасқан жерге 312,0 шаршы метр көлемінде қабырғасы шлакоблоктан, шатыры профнастилден салынған ғимарат құрылысы жауапкер Н[...] есебінен мәжбүрлеп бұзылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Ж[...].Н[...] өкілі К[...] сот актісіне кассациялық шағым беру мерзімі АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай қалпына келтірілуге жатады.

Өйткені, сот қаулысы 2025 жылдың 20 мамырында жарияланып, сот кабинеті «Төрелік» ақпараттық жүйесіне 27 мамырда салынып, 3 маусымда тараптарға жіберілген, алғашқы кассациялық шағым 2025 жылдың 3 желтоқсанда берілген, шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініштің болмауына байланысты кері қайтарылған, нәтижесінде кассациялық шағымды беру мерзімі себепті негіздермен өткізіп алған.

Іс құжаттарына қарағанда, 2013 жылғы 22 шілдедегі сатып алу-сату келісім шартына сәйкес, Б.Н[...].А[...] Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы, 042 орам мекенжайында орналасқан кадастр №[...] жер учаскесін сатып алған.

Аталған жер учаскесіне 2019 жылы Н[...] қабырғасы шлакоблоктан, шатыры профнастилден көлемі 290 шаршы метр ғимарат құрылысын салған.

Жер учаскесіне А[...] сауда-саттық (аукцион, конкурс) жүргізбей заңсыз құқық табысталғандықтан Сайрам аудандық сотының 2019 жылғы 27 тамыздағы шешімімен Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі мен А[...] араларындағы 2011 жылғы 15 ақпандағы келісім шарты, А[...] пен Н[...] арасындағы 2013 жылғы 22 шілдедегі жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 244бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.

2024 жылғы 27 қарашадағы актіге, фото суреттерге сәйкес ғимарат құрылыстың жалпы көлемі 290,0 ш.м. құрайтынын анықталған.

Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы ұйғарымның негізінде Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы, Ахунбабаев көшесі бойында орналасқан жер учаскесіндегі ғимарат құрылысына далалық зерттеу жұмыстары жүргізілген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес Акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалының 2025 жылғы 28 ақпандағы қорытындысында, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы, Ахунбабаев көшесі бойында орналасқан жер учаскесінде жауапкер Н[...] салынған ғимаратының жалпы көлемі 312,0 ш.м. құрайтыны анықталған.

Дау туындап отырған ғимарат орналасқан аумақ Қарабұлақ ауылының пайдаланыстағы бас жоспары бойынша елді мекеннің ішкі аумағына кіретін және жеке тұрғын үйлерге арналған аймақ ретінде айқындалғаны Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен расталған.

Сонымен қатар, Сайрам аудандық сотының шешімімен Н[...] тиесілі құжаттардың күші жойылғаны, құрылыс нысанына құрылысқа тиісті құжаттары рәсімделмегені анықталған.

Демек, жауапкер Н[...] өзіне тиесілі емес жер учаскесіне құрылыс салған.

Сондықтан, бірінші сатыдағы сот АК-нің 244-бабына сәйкес құрылыс жауапкер Н[...] есебінен мәжбүрлеп бұзылуға жатады деген негізді тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Жергілікті соттар жоғарыда көрсетілген заң талаптарын және анықталған мән-жайларды негізге алып, талап қоюды дұрыс қанағаттандырған. Өйткені, құрылыс пайдалануға қабылдануға жатпайды, жер учаскесі жауапкерге тиесілі емес.

Соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкер Н[...] кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылсын.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 7 наурыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.