ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 желтоқсан 6003-25-00-4к/2440 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,
талап қоюшының өкілі Д.Жайдарбек, жауапкердің өкілі Н.М.Нуримановтың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Жанасбек Сәлйдің жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы әкіміне, Ұлан ауданы бойынша аудандық жер комиссиясына қатысты 2024 жылғы 2 желтоқсандағы №6 хаттамалық шешімді, Ұлан ауданы әкімдігінің жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді 10 жылға жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №499 қабылданған қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымына және Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы мен апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Мүдделі тұлға «Ұлан ауданы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот тараптар өкілдерінің түсініктемелерін және кассациялық шағымның дәлелдерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Сотта анықталғандай, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурс ұйымдастырылып, №11 лотқа 05-079-017 есеп кварталы Ұлан ауылынан 2,0 км оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан жалпы ауданы 10,13 га, оның ішінде 10,13 га егістік жер учаскесі шығарылған.
Конкурсқа 3 тұлға (К.Тұрысбек, Р.Б. Садуакасов және С.Зұлқажай) қатысқан.
Дауланып отырған Ұлан ауданы бойынша аудандық жер комиссиясының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы №6 хаттамалық шешімімен №11 лот бойынша Р.Б. Садуакасов жеңімпаз атанып, дауланып отырған Ұлан ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 5 желтоқсандағы №499 қаулысымен жоғарыда көрсетілген жер учаскесі Р.Б. Садуакасовқа уақытша өтеулі ұзақ мерзімді 10 жылға жер павйдалану (жалдау) құқығы шаруа қожалығын жүргізу үшін жерге орналастыру жобасына сәйкес берілген.
Талап қоюшы №11 лот бойынша конкурс өткізу барысында жер комиссиясымен Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптары сақталмаған деген уәжбен қабылданған актілердің күші бұзуды сұраған.
Төмен тұрған соттар талап қоюды қайтара отырып, ӘРПК-нің 138-бабы екінші тармағының 11) тармақшасын басшылыққа ала отырып, талап қоюшы Ж.Сәлйдің талап қоюын қайтарып, жер пайдалану (жалға алу) құқығын уақытша өтеусіз беру жөніндегі конкурсқа қатысушы болып табылмайтынын анықтап, осыған байланысты талап қою әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген қорытындыға келген.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қайтару туралы төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келісе отырып, талап қою ӘРПК-нің басқа негіздері бойынша қайтарылуы тиіс деген қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 9) және 33) тармақшаларына сәйкес, әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Талап қоюшы – өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.
Төмен тұрған соттар талап қоюды кері қайтарып, талап қоюшы Ж.Сәлй 2024 жылғы 2 желтоқсандағы №6 хаттамалық шешім бойынша конкурсқа қатыспағандығын, өтінішін бермегендігін, әкімшілік рәсімнің қатысушысы болып табылмайтындығын дұрыс анықтап, алайда іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген қате тұжырымға келген.
Дауланып отырған әкімшілік актілерді сотқа шағымдану құқығы оған қатысты қабылданған тұлғаларға тиесілі.
Талап қоюшы конкурсқа қатыспаған, салдарынан жария-құқықтық қатынас жергілікті атқарушы орган мен Р.Б. Садуакасовтың арасында туындаған.
Бұл жағдайда талап қоюшы даулап отырған әкімшілік актілер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушы емес болғандықтан, талап қоюшы мен жауапкер арасында жария-құқықтық қатынастар пайда болған жоқ.
Салдарынан талап қою ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 4) тармақшасына сай, арызға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қою негіздерімен қайтарылуға жатады.
Төмен тұрған соттар талап қоюды қайтару туралы процестік шешім қабылдағандықтан, кассациялық сот кассациялық шағымның уәждерін қабылдамай, дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдырады.
Талап қоюды қайтарудың негізін дұрыс қолданбау АПК-нің 427бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот актісінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болмайды, себебі мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымы және Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.