6001-24-00-6ап/785
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшы Адил Батыкбаевтың жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Бакитжан Сайдыгалиевич Кзылбаевқа инкассалық өкім негізінде өндіру әрекетін және сот орындаушының қызмет ақысын бекіту туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.Батыкбаев жоғарыда аталған талап бойынша сотқа жүгініп, онда жеке сот орындаушысының (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) ақшалай өндіріп алуды инкассалық өкім негізінде өзінің зейнетақысынан заңсыз өндіріп алуымен негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.
Сот орындаушысы Б.Кзылбаевтың борышкер А. Батыкбаевтың 351 589 теңге зейнетақы төлемдерін инкассалық өкім негізінде өндіру әрекеттері және өзінің қызметі үшін ақы өндіру туралы 2022 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюшының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында ЖСО Б.Кзылбаевқа заңсыз ұсталған 281 477 теңгені қайтару міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда жеке сот орындаушысының заң бұзушылықтарға жол бергенін, яғни өндіріп алуды талап қоюшының «Казпочта» акционерлік қоғамындағы әлеуметтік төлемдер аударылатын шоттағы қаражатынан жүргізгенін, борышкердің шотына түскен сомалардың төлем мақсатын, оның ішінде өндіріп алу қолданылуға болмайтын төлемдер бар-жоғын тексермей, инкассалық өкім арқылы негізсіз өндіріп алған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы А.Батыкбаев 2-топ мүгедегі және зейнеткер болып табылады.
ЖСО Б.Кзылбаев борышкер А.Батыкбаевтан өндіріп алушы «AsiaCreditBank» акцинерлік қоғамының пайдасына 400 093 теңге өндіру туралы Алматы қаласының Медеу аудандық сотының атқару парағы негізінде 2022 жылы 1 шілдеде атқарушылық іс өндірісін қозғаған.
Іс материалдарына қарағанда, ақшалай өндіріп алуды А.Батыкбаевтың «Казпочта» акционерлік қоғамындағы әлеуметтік төлемдер аударылатын шоттағы қаражатынан жүргізген.
Даулы атқарушылық іс жүргізу кезінде заңды күшінде болған «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабында Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты заңдылық, ізгілік, адам құқықтарының сақталуы; әлеуметтік қорғауға кепілдік берілу приниптері негізінде жүргізілетіні бекітілген.
Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттік жәрдемақылар, өтемақылар түріндегі төлемдер және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де төлемдерді төлеу көзделген. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 98-бабының 5) және 10) тармақшаларында зейнеткерлерге төленетін жәрдемақылардан, арнайы мемлекеттiк жәрдемақылардан өндіріп алуды қолдануға болмайтыны көрсетілген.
Сондай-ақ, жеке сот орындаушысы Заңның 95-бабында көрсетілген - борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс деген шектеуді де ескермеген.
Сонымен қатар, жергілікті соттармен жеке сот орындаушысының борышкердің зейнетақысынан төлем жүргізу туралы қаулы шығармағаны анықталған, яғни Заңның 93-бабының талаптары да бұзылған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Кзылбаев Бакитжан Сайдыгалиевичтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Әлжанов Ғ.Ө. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.