ВС РК - Постановление от 16.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1224 (Административное)

6001-24-00-6ап/1224

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қаңтар

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшы Дуйсенкул Аханбаевна Тулебекованың жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін ішінара заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д.А.Тулебекова жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, онда екі қызымен 2009 жылы Н.Турсынаев деген азаматқа тұрмысқа шығып, заңды некеге тұрғанын, алайда көп ұзамай (бір жыл ішінде) ажырасып кеткенін, бірақ заңды некені тек 2022 жылы бұзғандарын көрсеткен. Осылайша, талап арызын ол кісінің мүлкіне ешқандай қатысы жоқ екенімен негіздеп, өзі осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұратынымен уәждеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 қазандағы шешімімен талап арыз толық қанағаттандырылып, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №1/4 хаттамалық шешімінің Д.А.Тулебековаға қатысты бөлігі заңсыз деп танылған және тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне толық емес отбасы санаты бойынша кезегін қалпына келтіру міндеттелген. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюшы Д.А.Тулебекованың талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін, іс біржақты қаралып уәждеріне тиісті құқықтық баға берілмегенін көрсете келе, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Д.А. Тулебекова 2009 жылы Н.Турсынаевпен заңды некеге тұрып, ол неке 2022 жылдың 14 шілдесінде бұзылған.

Дегенмен, 2013 жылы 16 сәуірден бастап Д.А.Тулебекова «толық емес отбасы » ретінде №4490 санымен тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекке тіркелген.

Шымкент қаласының жанындағы Тұрғын үй комиссиясының 29 маусым 2023 жылғы №1/4 хаттамалық шешімімен Д.Тулебекованың ортақ меншігінде Шымкент қаласы, Абай ауданы, Жайлау шағын ауданы, М.Бегалиев көшесі, №21 жеке тұрғын үйге меншік құқықтары тіркелгеніне байланысты Шымкент қаласының жанындағы Тұрғын үй комиссиясы пәтер табыстаудан бас тартқан, әрі қарай, мұқтаждар есебінен шығарылған.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, талап қоюшының меншігінде басқа тұрғын үй тіркелмегендігін, қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж азамат болып табылатын басшылыққа алып тұжырымдаған.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабы 1-тармағына сай коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі. Заңның 68-бабы 11) тармағына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына толық емес отбасылар жатады.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 29-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.

Осы Кодекстің 33-бабына сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлізайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ кіріс сомалары есебiнен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiк, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi болып табылады.

Ал, Заңның 69-бабының 1) және 2) тармақшасына сәйкес, осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса, есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы Д.Тулебекова азамат Н.С.Турсунаевпен 2009 жылдан бастап 14 шілде 2022 жылғы дейін заңды некеде болған және сол некеде болған уақытысында 12 тамыз 2015 жылы Шымкент қаласы, Абай ауданы, Жайлау шағын ауданы, М.Бегалиев көшесі, № 21 жеке тұрғын үйге меншік құқықтары тіркелген.

Заңның 73-бабының 1 тармағының 1) және 4) тармақшаларына сәйкес, азаматтар - егер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуі үшін негіздер жойылған жағдайда және жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы соттың талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Сот алқасы, апелляциялық сатыдағы сот алқасымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған апелляциялық алқа сотының қаулысын күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Дуйсенкул Аханбаевна Тулебекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.