№6001-22-00-6ап/1409
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 9 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалығының жауапкерлер «Әйтеке би ауданы Әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Әйтеке би ауданының әкіміне, Әйтеке би аудандық жер комиссиясына берген жер комиссиясының хаттамалық шешімдерін заңсыз деп тану және бұзу, әкімнің қаулыларын бұзу, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«БА[...]» шаруа қожалығы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол аудандық жер комиссиясының құрамы заңда көзделген үштен екі бөлігі қамтамасыз етілмеген және дербес құрамда тіркелмеген У[...] деген тұлға комиссия отырысында мүше ретінде қатысқан. Осыған байланысты Әйтеке би аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 27 қазандағы отырысының 51 лоты бойынша хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, оны бұзып және осы хаттамалық шешім негізінде шығарылған Әйтеке би ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 қазанда қабылдаған 51 қаулыларын заң талаптарына қайшы болуына байланысты бұзуды сұраған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша Әйтеке би аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 27 қазандағы №07 санды шешімінің № 42 лот бойынша бөлігі заңсыз деп танылып, бұзылған.
Әйтеке би ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 қазандағы № 289 санды Ақкөл ауылдық округі аумағында орналасқан мемлекеттік босалқы жер қорынан «Ж[...]» шаруа қожалығына қосымша өтеулі ұзақ мерзімге жер учаскелерін пайдалану құқығын беру туралы қаулысы заңсыз деп танылып, бұзылған.
Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастар бөлімінің 2021 жылғы 3 қарашадағы хатымен өтінішті қанағаттандырудан бас тартуын заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Жауапкер «Әйтеке би ауданы Әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Соттармен анықталғандай, 2021 жылғы 27 қазанда аудандық жер комиссиясында жер учаскелеріне жарияланған конкурс бойынша 56 лот қаралған.
2021 жылғы 27 қазандағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысына сай, 56 лот бойынша жер учаскелеріне жарияланған конкурстан 5 лот шығарылып, 51 лот бойынша жеңімпаздар анықталған.
Аталған конкурсқа талап қоюшы қатысқан № 42 лот бойынша «Ж[...]» шаруа қожалығы жеңімпаз атанған.
Комиссия шешімінің негізінде Әйтеке би ауданы әкімі 2021 жылғы 28 қазанда «Ж[...]» шаруа қожалығына А[...] ауылдық округі аумағындағы мемлекеттік босалқы жер қорынан қосымша жалпы көлемі 7500,0 га жер учаскелері шаруа қожалығын жүргізу үшін өтеулі ұзақ мерзімге 49 жылға пайдалану құқығын беру жөнінде № 289 қаулы шығарған.
Сол күні «Ж[...]» шаруа қожалығы және «Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі араларында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндрісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алу) № 126 шартын жасасқан.
Жергілікті соттар, даулы конкурста кемінде 26 адам қатысу қажет, алайда бейне жазбасына сай нақты 23 мүше қатысқанын, комиссия отырысында кворумның болмауы жер учаскелерін беру процедурасын елеулі түрде бұзылғанын анықтап, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, конкурстың қорытындысы бойынша Әйтеке би аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 27 қазандағы №07 шешімінің №42 лот бөлігі бұзылуға жатады деген тұжырымға келген. Осыған қоса, талап қоюдың қалған бөлігі, яғни 50 лот бойынша талап қоюшының құқықтары мен мүдделері бұзылмағанына байланысты, қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алайда соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.
ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 43-1-бабының бірінші тармағына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тәртіппен және шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жер кодексінің 43-бабының екінші тармағына сәйкес, жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі.
Жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына: 1) жергілікті өкілді органның депутаттары; 2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері; 3) қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері; 4) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері; 5) жергілікті агломерация кеңесінің өкілдері (болған кезде) кіреді.
Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына: 1) жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі; 2) жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.
Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс.
Іс материалдарынан анықталғандай, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығы Ақкөл ауылдық округі аумағындағы жер учаскесіне берілген.
Демек жер комиссиясы құрамы тоғыз тұрақты мүшесінен, Ақкөл ауылдық округінің әкімінен және Ақкөл ауылының жергілікті халықтың өкілінен айқындалуы тиіс болған.
Жоғарыда аталған мән-жайларды жергілікті соттармен тиісті түрде анықталмаған, соттардың жер комиссиясының құрамы (кворум) құқыққа сыйымды болмауы туралы тұжырымдары алдын ала жасалған.
Осыған қоса, соттармен комиссия құрамының Жер кодекстің 43, 43-1баптарына сай құқыққа сыйымды болғанын не болмағандығын толық және нақты зерттелмеген.
2021 жылғы 27 қазандағы жер комиссиясы отырысының аудио-бейне жазбасы соттармен зерделенбеген және іс материалдарына тіркелмегеніне байланысты істі кассациялық тәртіппен қарау барысында №42 лот бойынша дауыс берген жер комиссиясының мүшелерін белгілеу мүмкін емес. Осыған байланысты, жер комиссиясының кворумы дұрыс анықталмағаны туралы кассациялық шағымның уәждері назарға алынуға тиіс.
АПК-нің 413-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Апелляциялық сатыдағы сот жол берген бұзушылықтарды кассациялық іс жүргізу шеңберінде жоюға болмайтынын назарға ала отырып, талап қоюды қанағаттандыру бөлігінде шағымданатын сот актілері істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа қарауға жібере отырып, күшін жоюға жатады.
Апелляциялық сот алқасы істі қараудың толықтығы мен объективтілігін, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының, әкімшілік сот ісін жүргізудің ӘРПК-нің 7, 8, 13, 16-баптарында белгіленген негізгі қағидаттарының толық орындалуын қамтамасыз етпегендіктен, осы іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісі өзгертуге, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құрамда қарауға жіберілуге жатады.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігімен сот алқасы келіседі.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Талап қоюды қанағаттандыру бөлігінде іс Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Сот актілерінің қалған бөлігінде күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.