Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/395 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/395

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, А.К.Есдаулетов, талап қоюшының өкілдері Д.Кенжеғара мен Р.К.Оскенбаевтың, жауапкердің өкілдері М.А.Жуманиязов пен А.Ж.Бақыттың, аудармашы Ш.Г.Галымжанның қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Нұркапстройгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне әрекетті жүзеге асыруға міндеттеу туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай-Мекеме) сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер «Нұркапстройгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) «Нұра» ауданы, Нәрікбаев көшесі 4, 6, 6А, 8 мекенжайы бойынша орналасқан «Жапсарлас салынған үй-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені» объектісі (әрі қарай - объект) бойынша 2023 жылғы 31 тамыздағы №594 нұсқаманы орындауды, атап айтқанда: техникалық қабатты, қасбетті, қасбеттік жылытқышты объект бойынша бекітілген жобаға сәйкес келтіруді; қасбеттің жылытқышын бекітуді объект бойынша ТК 2.0401-2011 сәйкес келтіруді; объект бойынша конструкцияның сенімділігі мен орнықтылығына техникалық тексеру жүргізуді міндеттеуді сұраған.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер шешім күшіне енген күннен бастап 1 ай ішінде объекті бойынша конструкцияның сенімділігі мен орнықтылығына техникалық тексеру жүргізуге міндеттелген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығынының мәселесі шешілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер өкілі апелляциялық сатыдағы сот қаулысымен келіспей, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды және кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Жауапкердің өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылуға жатады, себебі кассациялық өтінішхатпен уақытылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жүгінген, кейіннен өтінішхат бойынша кемшіліктер жойылып сотқа қайта берерде, кассациялық шағым жасауға процестік мерзім өткізіп кеткен.

2021 жылғы 28 желтоқсанда «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-гі (1қатысушы) мен Серіктестік (2-қатысушы) арасында бірлесіп қызмет атқару туралы №97 шарт жасалған.

Шарт бойынша тараптар объектінің құрылысын аяқтау мақсатында салымдарын біріктірген. Атап айтқанда, 1-қатысушы құрылысты қаржыландыруды, 2-қатысушы құрылыс жұмысын жүргізуге және аяқталған құрылысты 1-қатысушыға тапсыруға міндеттенген. Мекеме объекті бойынша Серіктестікке қатысты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасында белгіленген тәртіппен тіркелген жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында объектінің жұмыс жобасы бойынша қорытындының 6.2.2-тармағына сәйкес объекті он екі тұрғын қабатынан және жоғарғы техникалық қабатынан тұратын бұғатталған үйлердің үш тобынан тұратыны, ал, іс жүзінде жоғарғы техникалық қабаттың функционалдық мақсаты техникалық үй-жайлардан тұрғын үй-жайларға өзгергендігі, сонымен қатар жұмыс жобаға сәйкес объектінің қасбеті гранитті плиталардан (бірінші қабат) және фиброцементті панельдерден тұратыны, ал іс жүзінде объектіде фиброцементті панельдердің орнына қасбеттің сәндік әрлеуі кейіннен боялған ұсақ түйіршікті құраммен жасалғаны, бұдан басқа, жұмыс жобаға сәйкес қасбетті жылытқыштың қалыңдығы 60 мм құрайтыны, ал іс жүзінде 100 мм құрайтыны анықталған. Сонымен бірге, 2023 жылғы 16 шілдеде «Құрылысконсалтинг ҒО» АҚ-ның Қарағанды филиалымен орындалған техникалық тексеруді жүргізу кезінде Г, Л, Ж блоктарынан жылытқыштың зертханалық сынақтары үшін сынамаларға іріктеу жүргізілген, алайда іріктеу барысында Д және Ж блоктарында жылытқыштар желімді құрамы жоқ анкерлермен ғана бекітілгені анықталған.

Жоғарыдағылардың негізінде 2023 жылғы 31 тамызда тексеру нәтижелері туралы актіде Серіктестікке анықталған бұзушылықтарды жою және конструкцияның орнықтылығына аспаптық-техникалық тексеру жүргізу туралы №594 нұсқама беріліп, Серіктестікке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің (бұдан әріКодекс) 312-бабының 1-бөлігі бойынша қысқартылған тәртіппен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Бірінші сатыдағы сот объекті бойынша құрылыс толығымен аяқталып, 2- қатысушы 1-қатысушыға тапсырған. Бұл туралы тараптармен 2022 жылғы маусым - қараша айларында №17-20, 29, 35-39, 50, 64-67 орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойылған, яғни құрылыс нысаны 2- қатысушының әрекет ету құзыретінен шығарылып, 1-қатысушының құзыретіне берілген және аталған актілер жарамсыз болып танылмаған деп талап қоюды ішінара қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспей, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 664-бабы мен Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 34-3-бабы 2-тармағының талаптарын дұрыс басшылыққа алып, талап қоюды толығымен қанағаттандырған.

Себебі, бірінші сатыдағы соттың түйіні істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді, материалдық құқық нормалары бұзылған, сондай-ақ жұмыстардың кемшіліктерін жоюға орындалған жұмыстар туралы актілердің жарамсыз деп танылмағаны кедергі болмайтыны және Серіктестікпен жіберілген кемшіліктер бүгінгі таңда толық көлемде орындалмағаны соттың назарынан тыс қалған.

Істің мұндай тұрғысында, 2023 жылғы 31 тамыздағы кемшіліктерді жою туралы нұсқама мен Серіктестікке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қабылданған шешім заңды күшінде екенін ескеріп, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымымен келіседі және жауапкердің кассациялық шағымда келтірген уәждері сот актілерін қайта қарау үшін негіздер бола алмайды.

Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкердің өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылып, кассациялық шағым жасауға өткізіп алынған процестік мерзім қалпына келтірілсін.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Н.Ормаханов

А.Рамазанова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.