№6001-24-00-6ап/1270
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
тлап қоюшының өкілі Т.С.Жарылкаповтың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Женис Малшибаевич Джумашевтың «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) өтініштерді қарауды заңсыз деп тану және сотқа талап арыз келтіруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж.М.Джумашев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен, талап қоюшы өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2023 жылғы 6 желтоқсанында және 2024 жылғы 13 қаңтарында талап қоюшы Департаментке арызбен жүгініп, онда жер саласындағы құзырлы мемлекеттік органдарға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуді, сонымен қатар талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында сотқа тиісті талап арызды тапсыруды сұраған.
Департамент 2023 жылғы 27 желтоқсандағы және 2024 жылғы 29 қаңтардағы хаттарымен арызда көрсетілген мән-жайларға қатысты Шымкент қаласы жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссия отырысының 2007 жылғы 7 маусымдағы №46778 санды шешіміне (хаттамасы) сотқа дау көрсетуге ӘРПК-нің 136-бабы 5- тармағына сәйкес мүмкіндігі жоқ екендігін хабарлаған.
Жергілікті соттар, жауапкердің хаттары ақпараттық-түсіндіру сипатына жататындығын, құқықтық қарым-қатынас жасаушылардың құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін әкімшілік акт болып табылмайтындығын, талап қоюшыға қандай да бір құқықтық салдарға әкеп соқтырмайтындығын көрсетіп, талап қоюды кері қайтару туралы дұрыс тұжырымға келген.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Женис Малшибаевич Джумашевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.