ВС РК - Постановление от 15.11.2024 по делу 6001-24-00-6КГ/16 (Об административном правонарушении)

6кг-16-24

2024 жылғы 15 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья Е. Мәукен, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Г.Ғ. Исамберлиева, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры А.Төремұратұлының, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адам Б.Н. Сейдулдаевтың қатысуларымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылдың 20 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен Берик Нурланович Сейдулдаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608‑бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылдың 20 мамырдағы қаулысымен Б.Н. Сейдулдаевқа қатысты ӘҚБтК-нің 608бабының 7‑бөлігімен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылып, әкімшілік істің құжаттары қылмыстық кодекстің тиісті бабымен процессуалдық шешім қабылдау үшін прокурорға жолданған. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен аталған қаулы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады. Кассациялық наразылық дәлелдерін қолдаған прокурор А. Төремұратұлының, Б.Н. Сейдулдаевтың түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс құжаттарына сәйкес 2024 жылғы 18 мамырында сағат 05:30 шамасында Ақтау қаласында 3А шағын ауданында «Красный дракон» кафесіне қарама қарсы тас жолда Б.Н. Сейдулдаев мемлекеттік белгісі 789 АНG 12 «ВАЗ 21723 110» маркалы автокөлігін алкогольді масаң күйінде басқарғаны анықталған.

Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 608-бабының 7‑бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау үшін көрсетілген мән-жайлар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен анықталғаны және істегі басқа дәлелдемелермен расталғаны негіз болды.

Сот Б.Н. Сейдулдаевқа қатысты әкімшілік істі тоқтатып, оның әрекеттері ӘҚБтК-нің 608-бабының 7-бөлігімен саралануға жатпайды, бұрын ол сотпен көлік басқару құқығынан айырылғаны, оның әрекеті қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады деп тұжырым жасаған. Алайда «Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 7 нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес егер жүргiзушi көлiк құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаны орындағаннан кейін белгіленген тәртіппен жүргiзушi куәлігін қайта алмаған жағдайда, онда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықты айқындау мақсатында оған біртектес құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін мұндай құқығы жоқ жүргiзушi ретінде қарау керек.

Істің материалдарында көрсетілгендей Б.Н. Сейдулдаев алғашқы рет Мұнайлы аудандық сотының 2016 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

Содан кейін Ақтау қалалық сотының 2017 жылғы 30 қазандағы үкімімен Б.Н. Сейдулдаев Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, оған айыппұл түріндегі қылмыстық жаза тағайындалған.

2018 жылғы 29 қарашада Б.Сейдулдаев Қылмыстық кодекстің 346‑бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауапқа тартылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру және қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі қылмыстық жаза тағайындалған.

2024 жылғы 4 сәуірдегі сот қаулысымен Б.Н. Сейдулдаев ӘҚтК-нің 608-бабының 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынған.

Соттардың жоғарыда аталған үкімдерімен көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы қосымша жазалары 2021 жылы өтелген болып есептеледі. Бұдан кейін Б.Н. Сейдулдаев көлік құралын жүргізу куәлігін алмаған.

Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесінің мәліметі бойынша Б.Н. Сейдулдаевқа жүргізуші куәлігі 2009 жылғы 26 ақпанда берілген, жарамдылық мерзімі 2019 жылғы 24 ақпанға дейін. Сонымен,жергілікті соттар Б.Н. Сейдулдаевқа қатысты іс бойынша әкімшілік заңның талаптарын дұрыс қолданбаған, қылмыстық заңның талаптарын дұрыс түсінбеген. ӘҚБтҚ-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуы тиіс. Осыған байланысты жергілікті соттардың Б.Н. Сейдулдаевқа қатысты сот қаулыларының күші жойылып, оған қатысты әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданады. Жаңадан қарау барысында істі жан-жақты қарап, негізді және заңды шешім шығаруға, құқықбұзушыға заңмен көзделген жаза тағайындау керек. Қазақстан

Республикасы Бас прокурорының орынбасарының кассациялық наразылығы қанағаттандыруға жатады. ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 20 мамырдағы және Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 маусымдағы Берик Нурланович Сейдулдаевқа қатысты әкімшілік іс бойынша қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Мәукен

Судьялар

Н. Кұрманғалиев

Г. Исамберлиева Көшірмесі дұрыс. Судья Е. Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.