Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4624 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4624

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 17 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

арыз берушінің өкілі Н[...], шетел азаматы Р[...] өкілі О[...] қатысуларымен,

арыз беруші «Қызылорда облысының полиция Департаментінің «Жаңақорған ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - уәкілетті орган) Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі шетел азаматы Р[...] өкілі О[...] Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Арыз беруші шетел азаматы Р[...] Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғаны үшін оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен уәкілетті органның арызы қанағаттандырылған. 1992 жылғы 2 қарашада туған Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] сот шешімі қабылданған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн мерзім ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы шешім шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған шетел азаматы Р[...] өкілі О[...], шағымға қарсылық білдірген арыз беруші Н[...] тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар бірінші сатыдағы сот тарапынан орын алған.

Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімімен Р[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Онда ол 2024 жылғы 22 тамызда көлік құралын басқарып, жол жүрісі қағидасын бұзып, жол көлік оқиғасын жасап, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза қолданған.

Соған қарамастан шетел азаматы Р[...] құқық бұзушылықты қайта жасады.

Уәкілетті орган ұсынған деректердің негізінде Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] Қазақстанда тұру барысында көлік құралын басқару барысында қауіпсіздік белдігін тақпағандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 9 қыркүйекте 17 сағат 38 минут шамасында Жаңақорған кенті, И[...] көшесінің бойында мемлекеттік тіркеу белгісі [...] «Mercedes Benz» үлгісіндегі көлік құралын басқару барысында қауіпсіздік белдігін тақпай ӘҚБтК-нің 593-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылған.

Бірінші сатыдағы сот Уәкілетті органның арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы Р[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде Республика заңнамасын бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген.

Кассациялық сот төмендегі негіздер бойынша аталған соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні, даулы сот актісін қабылдау барысында материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағаны туралы қорытындыға келді.

Уәкілетті орган ұсынған деректерді бірінші сатыдағы сот дұрыс зерттемеген, көлік құралын басқару барысында қауіпсіздік белдігін тақпау өрескел заңбұзушылыққа жатпайды. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша Р[...] іс-әрекетіне құқықтық баға берілген және қайта талқыланбайды.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.

Уәкілетті орган шетелдікті Республика шегінен тыс шығару қажеттілігін тудыратын мән-жайлар туралы жеткілікті дәлелдемелерді ұсынбаған.

Бірінші сатыдағы сот бұл азаматтық істі қарағанда іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын толық айқындамаған, Р[...] өз құқықтары мен мүдделерін заңмен қорғалуын жүзеге асыруға мүмкіндік жасамаған.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актісі заңды және негізді деп тануға болмайды.

Кассациялық сот істің мән-жайын бірінші сатыдағы сот толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығаруға жатады деп есептейді.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот шешімінің күші жойылуға, арыз беруші Қызылорда облысының полиция Департаментінің «Жаңақорған ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімінің күші жойылсын.

Арыз беруші «Қызылорда облысының полиция Департаментінің «Жаңақорған ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Өзбекстан Республикасының азаматы Р[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын. Р[...] өкілі О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.