ВС РК - Постановление от 14.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1683 (Административное)

6001-24-00-6ап/1683

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 ақпан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермагамбетова болып,

прокурор Н.А. Молдахановтың катысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ділдәберген Қалмаханбетұлы Омаршаның жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма) 2023 жылғы 18 қазандағы №47 тексеру нәтижелері туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 ақпандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот алқасының отырысына тиісінше хабарланған талап қоюшы мен жауакердiң өкілі қатыспады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы 2017 жылғы 26 қаңтардағы өсиет байынша мұраға құқық туралы куәліктің негізінде Түркістан облысы, Жетісай қаласы, Ерубаев көшесі, 5А мекен жайында орналасқан, көлемі 0,6000 га. (кадастрлық №19-303-011-935 санды), халыққа қызмет көрсету орны үшін берілген жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына ие болған.

2019 жылғы 21 қаңтарында Жетісай қаласы әкімінің шешімімен, талап қоюшының өтініші бойынша жоғарыда көрсетілген жер учаскесі төртке бөлінген, оның ішінде ауданы 2250 шаршы метр жер учаскесі сатып алу арқылы талап қоюшыға меншік құқығымен берілген.

Осының негізінде бөлінген 0,2250 га жер учаскесіне (кадастрлық №19-303-011-1335) санды сәйкестендіру құжаты рәсімделіп, Жетісай ауданының жер қатынастары бөлімі мен талап қоюшының арасында 2019 жылғы 12 ақпанда жер учаскесінің меншік құқығын 795 375 теңгеге сатыпалу келісім шарты жасалған. Меншік құқығы уәкілетті органда 2019 жылғы 22 ақпанда тіркелген.

Одан кейін, 2019 жылғы 21 қарашада талап қоюшы ол жер учаскесін Б.К.Омаршаға 9 000 000 теңгеге сатқан.

Д.Қ.Омаршаға қатысты 2022 жылғы 10 маусымдағы камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама рәсімдеген. Талап қоюшы аталған хабарламаны орындамағандықтан, Басқарма тарапынан жоспардан тыс салықтық тексеріс жүргізіп, 2023 жылғы 18 қазандағы №47 тексеру нәтижелері туралы хабарлама берілген.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (бұдан әрі – Салық кодексі) 330 - бабы 1- тармағының 1)-тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне жеке тұлға осы Кодекстің 331-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс болып есептеледі.

Салық кодексінің 331 – бабы 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды: осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген, Қазақстан Республикасының аумағындағы, нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері.

Осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында (4-тармақшаны қоса алғанда) көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.

Сонымен қатар, аталған баптың 6-тармағына сәйкес 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында (4-тармақшаны қоса алғанда) көрсетілген, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген жағдайларда (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда), мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.

Салық кодексінің 320-бабына сай салық төлеушінің кірістеріне 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады.

Сол себепті жауапкер Д.Қ.Омаршаның жер учаскесін сату кезінде құн өсімінен түскен табысқа жеке табыс салығының сомасын (мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс салығы бойынша 820 462 теңге, өсімпұл – 348 267,86 теңге) дұрыс есептеп, рәсімдеген тексеру нәтижелері туралы хабарламасы заңды шығарылған.

Жоғарыда көрсетілген заң талаптары негізінде жергілікті соттардың дауды шеше және талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Басқарманың даулы хабарламасы салық органының құзыреті шегінде және заңнамаға сәйкес қабылданған деген тұжырымдары дұрыс болып табылады.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Шағым иесінің жеке табыс салығының (ЖТС) сомасын есептеудің ескіру мерзімінің өтуіне қате сілтеме жасаған.

Салық кодексінің 48-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының және 2- тармағының талаптарына сәйкес салық органы салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің есептелген, есепке жазылған немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға құқығы бар уақыт кезеңі салық міндеттемесі мен талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі болып табылады. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, талап қою мерзімі үш жылды құрайды.

Салық кодексінің 48-бабының 4-тармағының ережелеріне сәйкес талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тиісті салықтық кезең аяқталғаннан кейін басталады.

Жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша салық кезеңі 2020 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей күнтізбелік жыл болып табылады.

Салық кодексінің 48-бабының 9-тармағының 5) тармақшасына сәйкес анықталған бұзушылықтар бөлігінде, талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін жіберілген және табыс етілген, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалғанға дейін тоқтатыла тұрады.

2023 жылғы 25 сәуірде нұсқама шығарылған кезде, талап қоюдың ескіру мерзімінің тоқтатыла тұруы ескеріле отырып (2022 жылғы 10 маусымдағы камералдық бақылау хабарламасын орындау мерзімі өткенге дейін – 30 жұмыс күні), тексеріліп отырған кезеңдегі талап қоюдың ескіру мерзімі аяқталмаған.

Кассациялық шағым иесі келтірген басқа уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Талап қоюшы Д.Қ.Омаршаның сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 ақпандағы шешімімен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ділдәберген Қалмаханбетұлы Омаршаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын..

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс. Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.