Қ А У Л Ы
2024 жылғы 22 қыркүйек 6003-25-00-2к/2161(111) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, алқа судьялары Д.Д.Махметова, Н.Б.Ормахановтың құрамында, талап қоюшы К[...], үшінші тұлға М[...] және жауапкерлер К[...], Б[...] өкілі - У[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысына келтірілген жауапкер Б[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен талап қоюшы К[...] жауапкерлер К[...], Б[...], нотариус К[...] қонақ үй ғимараты мен жер учаскесін сату сатып - алу шартын жарамсыз деп тану, ортақ түрде 125 000 000 теңгені өндіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 тамыздағы шешімімен талап қоюшы К[...] жауапкерлер К[...], Б[...], нотариус К[...] қонақ үй ғимараты мен жер учаскесін сату сатып - алу шартын бүркемеленген және жарамсыз деп тану, ортақ түрде К[...] пен Б[...] 125 000 000 теңгені өндіру туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
2020 жылғы 14 ақпандағы К[...] мен Б[...] арасындағы Шымкент қаласы, [...] мекенжайда орналасқан қонақ үй ғимараты мен алаңы 0,0702 га, жер учаскесін сатып алу-сату шарты (бүркемеленген) жарамсыз деп танылған. Жауапкер Б[...] талап қоюшы К[...] пайдасына 125 000 000 теңге, 1 251 846 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен жоғарыда аталған сот шешімі өзгертіліп, шешімнің сату сатып-алу шартын (бүркемеленген) жарамсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың бұл бөлігінде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Кассациялық шағымда жауапкер Б[...] қонақ үй кешені 2020 жылы шын мәнінде 150 000 000 теңгеге сатып алынғанын, бұл сома шарттың 3-тармағы бойынша шартқа қол қойылғанға дейін толық төленгенін; талап қоюшының шартқа ерікті түрде қол қойғанын; 2023 жылы К[...] пен (Б[...] сенімді адамы) М[...] (Қ[...] күйеуі) арасында кешенді сатып алушы іздеу туралы ауызша келісім жасалғанын; сол сатып алушыны табуға көмектескені үшін 20 000 000 теңге жіберілгенін; сотқа ұсынылған қолхаттағы қойылған қол Б[...] қолы емес екенін, бұл қолхат болмаса дауға себеп жоқ екенін; мәміле жасалған күннен бастап үш жылдық талап қою мерзімінің өтіп кеткенін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді, талап қоюды толық қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің (бұдан әрі - АК) 406бабының 1-тармағына сәйкес, сатып алу-сату келісім шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне, шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына беруге міндеттенеді, ал сатып алушы бұл мүлікті қабылдауға және ол үшін белгілі бір сомасын (бағасын) төлеуге міндеттенеді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 14 ақпан 2020 жылы сатушы К[...] мен сатып алушы Б[...] арасында Шымкент қаласы, [...] мекен жайы бойынша орналасқан қонақ үй ғимараты мен көлемі 0,0702 га жер учаскесін сату сатып-алу туралы нотариалдық келісім шарт түзілген.
Аталған шарттың 3-тармағында даулы ғимарат 150 000 000 теңгеге меншік иесімен бағаланып, оны Б[...] сатып алғаны және келісім шартқа тараптар өз еріктерімен қол қойғанға дейін ақша қаражаты толық төленгені көрсетілген.
К[...] даулы келісім шарт, өзінің К[...] қарызға 50 160 000 теңге алып, шын мәнінде қарызын қайтару міндеттемесін қамтамасыз ету мақсатында мүлікті кепілге қойғанын растайтынын алға тартқан. Дәлел ретінде 2020 жылғы 14 ақпандағы Б[...]: даулы ғимаратты 50 160 000 теңгеге сатып алып, меншік иесі К[...] қолхат беріп, ол қолхатта егер бір ай көлемінде К[...] ақшаны қайтарып берген жағдайда, даулы ғимаратты қайтарып беруге міндеттенгенін көрсеткен.
Алайда, сотта істі қарау барысында, жауапкер Б[...] қолхатты жазбағанын, оған қолды қоймағанын, дәлел ретінде бұл қолхатта оның тегі және әкесінің аты да дұрыс жазылмағанын, өзіне ешқандай міндеттеме алмағанын көрсеткен.
Сонымен қатар, іс бойынша тағайындалған сот-қолтаңба сараптамасының 10.12.2024 жылғы №3855 қорытындысы бойынша аталған қолхатты жауапкер Б[...] жазбағаны және оған қол қоймағаны өз бекімін тапқан.
Демек, жауапкерлердің талап қоюшы алдында қандай да бір міндеттемесі бар екендігі өз дәлелін таппады.
Апелляциялық соттың келісім шартты заңды деп танып, бірақ оған қарамақайшы 125 000 000 теңгені қосымша өндіру туралы тұжырымы істің мәнжайларына сәйкес келмейді және материалдық нормаларды бұза отырып қабылданған.
АК-тің 152 бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес жүз есептiк көрсеткiштен жоғары сомаға жасалатын мәмiлелер жазбаша түрде ғана жасалу міндеттігі қарастырылған.
Мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау АК-тің 153 бабы бойынша оның жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырмайды, бірақ дау туған жағдайда тараптарды мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлік айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге куәгерлік айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.
Осы орайда, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайларын жазбаша түрде ғана дәлелдеуі тиіс еді. Сот алқасының шешімін ауызша келтірілген уәждермен және сотта тындалмаған жазбалармен негіздегені аталған нормаларға қайшы. Талап қоюшы ұсынған қолхат дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайды. Талап қоюдың негізділігін растайтын бұдан басқа сенімді, тиісті және жазбаша дәлелдемелер ұсынылмаған.
Даулы шарт апелляциялық сатымен заңды деп танылған, себебі ол тараптардың келісімімен, талап қоюшының жұбайы М[...] нотариалды арызы негізінде түзілген және ғимарат 150 000 000 теңгеге сатылғаны, өзара келісім бойынша, соңғылар өз еріктерімен шарт жасасып, ақша қаражаты осы келісім шартқа қол қойғанға дейін толық төленгені нотариалдық түрде нақты көрсетілген.
Сатып-алу сату шарты 2020 жылы 14 ақпанда орын алған, ал К[...] сотқа тек 2024 жылдың 13 тамызында талап қоюмен жүгінген.
АК-тің 177-179 бабтарына сай талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi. Талап қою мерзiмдерi және оларды есептеу тәртiбi заңмен көзделедi және оларды тараптардың келiсуiмен өзгертуге болмайды.
Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.
Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болып табылады.
2020 жылдан бері талап қоюшы мен оның жұбайы М[...] жауапкерлерге ақша қаражаты бойынша ешқандай жазбаша түрде ескертпе немесе сотқа талап қоюмен жүгінбеген.
Демек жауапкердің талап қоюдың мерзімі төрт жылдан бері өтіп кеткен деген уәждері негізді болып табылады.
Жауапкер К[...] талап қоюшы К[...] 2023 жылдың 20 қыркүйегінде 20 000 000 теңге ақша қаражатын аударғанын талап қоюшының ғимаратты сатуға және сатып алушыны табуға көмектескеніне төленген сыйақысы ретінде жіберілгенін түсіндірді.
«ForteBank» АҚ-ның осы сома бойынша есеп шоттан үзінді құжатынан бұл ақша нақты не үшін жіберілгені туралы, төлем мақсаты көрсетілмегенін хабарланған.
Сонымен қатар, АК-тің 183-бабына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
Даулы шарт бойынша сатып алушы Б[...] талап қоюшы К[...], сатып алынған мүліктің құны төленбегенін немесе оның алдында қандай да бір мiндетті мойындағандығын дәлелдейтiн әрекет жасалмаған. 125 000 000 теңге төлейтіндей міндеттеме алғаны туралы да қандай да бір жазбаша дәлелдеме жоқ.
Оған қоса, «ForteBank» АҚ-мы арқылы 2023 жылдың 20 қыркүйегінде жіберілген ақша талап қою мерзiмiн үзілуіне негіз бола алмайды, себебі талап қою мерзімі 2023 жылдың 14 ақпанында, оның алдында өтіп кеткен. Демек, өтіп кеткен мерзімнің жоғарыда көрсетілген заң талабы бойынша бойынша үзілуі мүмкін емес екені маңызды болып табылады.
Сондықтан, соттың бұл соманы өндіруі заң нормаларына қайшы, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауының салдарынан негізсіз шешімге әкеліп соққан.
Істі қарау барысында талап қоюшының ғимаратты сатуға ниеті болмағаны, тек ақшаны қайтарып беру мақсатында міндеттеме алғаны туралы уәждері іс құжаттарымен дәлелденбеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 21тармағына сәйкес, бүркемеленген мәміле бойынша істерді қарау кезінде соттар АКнің 160-бабының 2-тармағының мағынасын негізге алулары қажет. Заңның аталған нормаларының қағидалары бойынша мәмілелердің қаралып отырған санаты екі түрден: бүркемелейтін және (бүркемеленген) мәміледен тұрады (мысалы, сатып алу және сату шарты сенімхатпен, қарыз және одан кейінгі кепілдік шарты сыйға тарту, сату және сатып алу шарттарын ресімдеумен, өсиет шарты сыйға тарту шартымен бүркемеленеді және сол сияқты).
Аталған даулы шартты жасау барысында талап қоюшы өз еркімен қажетті құжаттарды нотариусқа ұсынғаны, сатушының жұбайы оған нотариалдық ресми келісімін бергені, ал сатып алушы Б[...] сатылатын ғимаратқа төлем жасағаны нақты көрсетілген.
Демек, соттың сатып-алу сату келісім шарты бүркемеленген деген тұжырымы негізсіз. Тараптар арасындағы сатып-алу сату шарты заңға сәйкес. Ол тараптардың өз еріктерімен жасалып, нотариустың қатысуымен қолдары қойылған, ғимарат сатып алушының иеленуіне берілген, оның құны сатушы төленгені, бүгінде басқа адал сатып алушы Ж[...] сатылғаны анықталды. Келісім шарт кепіл шартын бүркемелегені іс жүзінде, тиісті жазбаша құжаттармен істі қарау барысында дәлелін таппады. Талап қоюшының бұл уәждері басқа жазбаша құжаттармен және сот сараптамасының қорытындысымен жоққа шығарылды.
АПК-нің 63, 72-бабтарына сәйкес әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Сот талаптар мен қарсылықтарды негіздейтін мән-жайлардың, істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де заңды тәсілмен алынған дәлелдемелерге баға береді.
Сот шешімі тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiзделуі қажет.
Б[...] меншік иесі болып уәкілетті органда тіркеуден өткен және өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікке жыл сайын салық төлегенін құжат арқылы
дәлелдеген. Алқаның сотта тындалмаған, яғни сот зерттемеген ауызша жазбаны дәлел ретінде негізге алғаны, іс бойынша маңызы бар мән-жайларға тиісті, заң тұрғысынан құқықтық баға берілмей, нәтижесінде заңсыз шешім қабылдауға әкеліп соқтырған.
Азаматтық кодекстің 8, 10-бабтарына сай, азаматтар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтар басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондайақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен сот алқасының қаулысы өзгертілуге, талап қоюшының пайдасына 125 000 000 теңге мен 1 251 846 теңге мемлекеттік баж салығына өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігін - қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451 бабын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 тамыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы осы іс бойынша шығарылған қаулысы - өзгертілсін.
Шешім мен қаулының жауапкер Б[...] талап қоюшы К[...] пайдасына 125 000 000 теңге мен мемлекеттік баж салығына төленген 1 251 846 теңге сот шығындарын өндіру туралы бөлігінің күші жойылсын, талап қоюдың осы бөлігін - қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысының қалған бөлігі - өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова Судьялар: Д.Д.Махметова Н.Б.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.