6001-21-00-3гп/343
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 15 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Б.Ж.Тоқтарова,
судьялар Ш.Т.Даниярова, З.Б.Кейкибасова,
жауапкерлер Т[...], «Жетісай аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі - Ж[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында бейнеконференцбайланысы арқылы талап қоюшылар С[...], Т[...] жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Жетісай аудандық бөліміне, «Жетісай аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, Т[...] жерге орналастыру жобасын бекіту туралы қорытындысы мен сәйкестендіру құжатының күшін жойып, заңсыз иеліктен жер учаскесін қайтару туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Т[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар С[...] пен Т[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Жетісай аудандық сотының 2021 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюшы Т[...] кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру құжатының күшін жойып, жауапкер Т[...] талап қоюшы Т[...] тиесілі 10,0 га жер учаскесін қайтару туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру құжатының күші жойылып, жауапкер Т[...] талап қоюшы Т[...] тиесілі 10,0 га жер учаскесі қайтарылған.
Жауапкер Т[...] талап қоюшы Т[...] пайдасына 2778 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, жауапкер Т[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, Ж[...] өтінішхаттың уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, кассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс құжаттарына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімінің 1993 жылғы 16 наурыздағы № 64, 1993 жылғы 13 сәуірдегі № 119 шешімдерімен «Ағайынды Түймешевтер» жеке фирмасына ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мақсатында «Заря коммунизма» колхозының аумағындағы ауданның арнайы суармалы жер қорынан жалпы 150 га жер пайдалануға бөлініп берілген.
Осы шешімнің негізінде жер учаскесінің нақты шекарасын анықтау және орналасу жөніндегі сызбалар бойынша жалпы 164 га жер учаскесіне сызба жасалған, оның ішінде 14 га жерге газ құбырының қорғау аумағы жолағы және тұт талдары аумағы белгіленіп, 150 га жердің нақты шекарасы анықталған.
Осыдан кейін 150 га жер учаскесі 30 га-дан 5 бөлікке бөлініп, кадастрлық сәйкестендіру құжаттары жасалған.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы № 326 қаулысына сәйкес С[...] шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін ауданның арнайы жер қорынан 2,9 га суармалы егістік жері берілген.
Көрсетілген қаулының негізінде жер теліміне №[...] сәйкестендіру құжаты рәсімделіп, 2010 жылғы 22 қыркүйектегі №154 жер телімін жалға беру шарты жасалып, әділет басқармасында тіркеуден өткен.
Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 28 сәуірдегі № 297 қаулысына сай С[...] шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін ауданның арнайы жер қорынан 10,0 га суармалы егістік жері берілген.
Аталған қаулының негізінде жер учаскесіне кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру құжаты беріліп, 2009 жылғы 28 сәуірдегі № 36 жер учаскесін жалға беру шарты жасалып, әділет басқармасында тіркеуден өткен.
Заңды күшіне енген Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы
21 қыркүйектегі шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] округі, 010 квартал [...] учаскесі жер учаскесінің кадастрлық нөмірі № [...] сәйкестендіру құжаты және «Мақтарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен С[...] жасалған 2009 жылғы 28 сәуірдегі № 36 жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған және Мақтарал ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округі, 010 квартал [...] учаскесі жер учаскесінің кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру құжаты және «Мақтарал ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен С[...] араларында жасалған 2010 жылғы 22 қыркүйектегі № 154 жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған.
Аталған сот шешімі Әділет басқармасында 2018 жылғы 7 ақпанда кадастрлық сәйкестендіру құжаттары жасалған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшылардың жер учаскелерінің орналасулары бойынша кадастрлық істерінің жойылып кеткендігін, олардың жер учаскелерінің орналасуы жауапкер Т[...] жер учаскелерімен беттесулерінің бар туралы және Т[...] тиесілі жер учаскесінің жерге орналасу жобасы, кадастрлық ісі мен сәйкестендіру құжаттарының жойылғанын сотқа ұсынбағандығын алға тартып, талап қоюшылардың талабын қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, Т[...] даулы жерге құқығы Мақтаарал аудандық сотының 2012 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен пайда болғанын және сол шешімнің негізінде жасалған жер учаскесін жалға беру шарты осы соттың 2018 жылғы 19 маусымдағы шешімімен күшінде қалдырылғанын негізге алған. Т[...] даулы жердің заңды иесі және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 260-бабына сәйкес меншік иесі өзгенің заңсыз иелігінен өз мүлкін талап етуге құқылы деген тұжырымға келген.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымын негізді деп санап, сәйкесінше апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюшы Т[...] талабын қанағаттандырған бөлігіндегі қорытындысымен келіспейді.
Себебі, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағына сай осы Заңның 4, 5 және 6-баптарына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі N 6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауы, сондай-ақ аралас жер учаскелерінің шекарасын бұзу туралы дауды шешкен кезде сот Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алуы керек делінген. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда, тараптардың әрқайсысының жерге құқықтарының туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Бастапқыда жер «Ағайынды Түймешовтер» жеке фирмасына берілген, 150 га жер учаскесі 30 га-дан 5 бөлікке бөлініп, ол жер учаскелеріне әрқайсысының жеке меншік құқықтары пайда болған.
Осы іс бойынша даулы болып отырған 10,0 га жер учаскесі ағайынды Түймешовтерге тиесілі жердің бөлігінен берілген.
Осыған орай, сот алқасы, жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы қате, сотта анықталған мән-жайларға қайшы келеді және материалдық, процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілген деп санайды.
Осы айтылғандардың негізінде, бірінші сатыдағы соттың талап қою арыздарын қанағаттандырусыз қалдырған туралы шешімі дұрыс қабылданған.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Тиісінше жауапкердің өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2021 жылғы
21 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Т[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова Судьялар Ш.Т.Даниярова З.Б.Кейкибасова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш.Т.Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.