ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 тамыз 6001-24-00-6ап/40 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар –Е.Ж.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
талап қоюшы «Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің өкілі А.К.Оралбаеваның, Г.О.Абдраимованың, А.М.Омарованың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің (бұдан әрі - Колледж) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит Комитеті» мемлекеттік мекемесіне «Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2023 жылғы 20 маусымдағы №04/4188-И нұсқамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшы «Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКМ-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа «Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 20 маусымдағы № 04/4188-И нұсқамасы заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 2) тармақшасына сәйкес талап қою осы Кодекстің 131 бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес талап қоюы қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюын бірінші сатыдағы сотқа мәнмағынасы бойынша қайта қарастыру үшін жолдауды сұраған.
Жауапкер сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, талап қоюышының өкілдерін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Жоғарыда көрсетілгендей, 2023 жылдың 26 мамырында «Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі Колледжге жүргізілген ішкі мемлекеттік аудиттің нәтижесінде аудиторлық есепті ұсынған.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (ары қарай-Заң) 58-2-бабының 1) тармақшасына сәйкес қол қойылған аудиторлық есеп және (немесе) қаржылық есептілік бойынша қарсылық беру - аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Жоғарыдағы Заңның 58-1 бабына сәйкес, аудиторлық есепке немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепке, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қарсылықтарды, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым жасауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жанындағы апелляциялық комиссия қарайды.
Аудиторлық есеппен Колледж басшысы - Имангазинова Римма Асымовна 2023 жылдың 15 маусымында танысып, қол қойған. Алайда Заңда белгіленген мерзімде апелляциялық комиссияға Колледж қарсылық шағымын жолдамаған.
Сол себепті 2023 жылдың 20 маусымында Департамент тарапынан анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы №ДВГА № 04/4188-И нұсқама жолданған.
Талап қоюшының 2023 жылғы 20 маусымдағы нұсқамаға шағымдану бір айлық мерзімі 2023 жылғы 20 шілдеде аяқталған.
Жергілікті соттар талап қою арызы сотқа 2023 жылғы 29 қыркүйекте түскенін, яғни заңда көзделген сотқа талап қоюдың бір ай мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп негіздеген.
Алайда соттардың бұл түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша, шешім табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Талап қоюшы тарапынан 2023 жылғы 5 қыркүйекте дауланып отырған нұсқама бойынша Комитетке шағым жолданған, алайда Комитет аталған шағымды мерзімі өтіп кетуіне байланысты қайтарудың орнына, шағымды мән-жайы бойынша қарап, тиісті жауапты берген.
Аталған жауап 2023 жылғы 14 қыркүйекте берілген, талап қою арызы сотқа 2023 жылы 29 қыркүйекте түскен, яғни сотқа талап қоюдың бір ай мерзімі өткізілмеген.
Сондықтан соттардың талап қою мерзімі өткізілген деген тұжырымы негізсіз болып табылады.
Сонымен қатар, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшыға ұйғарымда көрсетілген кемшіліктерді жоюға 2023 жылдың 10 қазанына дейін мерзім белгіленіп, кемшіліктер жойылмаған ретте, сот ӘРПК-нің 138 бабы 2 тармағы 2) тармақшасына сәйкес талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратындығын ескерткен.
Жергілікті соттардың бұл тұжырымы заң талаптарына сай келмейді, жоғарыда көрсетілген ұйғарымда көрсетілген кемшіліктерді жоюға 4 (төрт) күн формальды түрде берілген, талап қоюшы көрсетілген мерзімге дейін кемшіліктерді жоймаған.
Істің бұл тұрғысында қабылданған сот актілерін заңды деп есептеуге болмайды. Сондықтан іс жаңадан қарауға жолдануға жатады.
Істі жаңадан қарағанда аталған кемшіліктерді жойып, ӘРПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлін жүзеге асыру қағидасын сақтай отырып, анықталған мән-жайларға сәйкес заңды шешім қабылдануы тиіс.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қазандағы ұйғарымының, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа мәні бойынша қарау үшін жолдансын.
Талап қоюшы талап қоюшы «Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптіктехникалық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКМ-нің келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Е.Өмірәлиев
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.