6001-24-00-3г/844
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 8 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Молдахметова Т.Ә.
талап қоюшы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер Б[...], Б[...], М[...] , И[...], К[...], «G[...]» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС), Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің әкіміне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Төлеби аудандық бөлімшесіне, жеке нотариустар А[...], О[...], даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Төлеби ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне әкімнің шешімдерін, шарттарды және сәйкестендіру актілерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 4 өзгеріс енгізілген шешімі және Төлеби ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі мен Б[...] арасындағы 2017 жылғы 9 ақпанда № 5 көлемі 14 000 шаршы метр жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Сонымен қатар, осы күнгі сот үйғарымымен талап қоюшының жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2009 жылғы 3 қарашадағы хаттамасын, қорытындысын және сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2009 жылғы 12 наурыздағы «Көктерек» өндірістік кооперативінің төрағасы Т[...] пен Б[...] арасында Төлеби ауданы, Алатау ауылында орналасқан жалпы алағы 1480,1 ш.м. орталық шеберхананы сатып алу-сату шарты жасалған.
2009 жылғы 4 қарашадағы Алатау ауылдық округі әкімінің № 77 шешімімен Түркістан облысы, [...] орналасқан Алатау ауылы, И[...] көшесі, № 11 ғимарат, кадастрлық іс №[...], нысаналы мақсаты «халыққа техникалық қызмет көрсету орталығы», жалпы ауданы 1 400 ш.м. жер учаскесі Б[...] атына жеке меншік құқығымен сатып берілген.
Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 4 шешімімен, әкімнің 2009 жылғы 4 қарашадағы № 77 шешіміне «...Жалпы жер көлемінің ауданы 1 400 ш.м.» деген сөздер «...Жалпы жер көлемінің ауданы 14 000 ш.м.» деген сөздермен өзгертіліп оқылсын деп шешімге өзгеріс енгізілген.
Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі мен Б[...] арасындағы 2017 жылғы 9 ақпандағы № 05 жер учаскесін жеке меншік құқығымен сатып алу-сату келісімі жасалып, жер учаскесінің бағалау құны 3 094 000 теңге сатылған. Мәміле тіркеуші органда 2017 жылғы 14 наурызда мемлекеттік тіркеуден өткен.
2017 жылғы 20 шілдеде Б[...] пен М[...] арасында (жұбайларының келісімімен) даулы жерді сатып алу-сату шарты жасалып, нотариус А[...] нотариалды куәландырылған. Мәміле тіркеуші органда 2017 жылғы 24 шілдеде мемлекеттік тіркеуден өткен.
Ж[...].М[...] арызы негізінде Алатау ауылдық округі әкімінің даулы жердің «халыққа техникалық қызмет көрсету орталығы үшін» нысаналы мақсатын «минералды және шырынды сусындар шығаратын цехтің құрылысы үшін» деп өзгерту туралы 2019 жылғы 1 тамыздағы № 50
шешімі қабылданған, шешім мемлекеттік тіркеуден 2019 жылғы 23 қыркүйекте өткен.
«Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 51 бұйрығымен М[...] алаңы 1,4 га жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасы бекітілген.
2019 жылғы 14 қарашада М[...] (жұбайының келісімімен) пен ЖШС-нің арасында даулы жерді сыйға тарту шарты жасалып, нотариус О[...] нотариалды куәландырылып, мәміле тіркеуші органда 2019 жылғы 15 қарашада мемлекеттік тіркеуден өткен.
«Төлеби аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен 2019 жылғы 8 қазандағы № 837 жалпы көлемі 1 208,9 ш.м., 9 671 куб.метр минералды және шырынды сусындар шығаратын цехті қосалқы ғимараттарымен нысанды пайдалануға қабылдау туралы актісі түзілген. Акт тіркеуші органда 2019 жылғы 17 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
Жергілікті соттар, даулы жерге қатысты қабылданған ауыл округі әкімі шешімдерінің заңсыз екенін, жерге жеке меншік құқығы заңсыз сатылып берілгенін, ауданы 14 000 ш.м. жерге қатысты Төлеби аудандық жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссияның тиісті хаттамасы қабылданбағанын, тұрақты жер комиссиясының қорытындысы берілмегенін, яғни даулы жерге құжаттар заңда белгіленген тәртіппен рәсімделмегенін көрсетіп, талап қоюды ішінара қанағаттандырған. Департамент талап қоюды ішінара қанағаттандырумен келіспей, төмендегі уәждерді келтірген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 12-бабының 24) тармақшасында жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат - осылардың негізінде жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдарының) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесіне иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу балансы,- деп көрсетілген.
Сондай-ақ, Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес, жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.
Б[...] 14 000 ш.м. жер учаскесі жоғарыда аталған заң талаптарында көзделгендей комиссиясының оң қорытындысы берілмеседе, Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 04 шешімімен жердің көлеміне қатысты негізсіз өзгеріс енгізілген.
Б[...] даулы жер учаскесі атқарушы органдардың құқықтық актілері негізінде берілмегендігіне байланысты, Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 04 шешімімен жер учаскесін иемденуге негіз болмаған.
Демек, Б[...] жоғарыда аталған жер учаскесіне ешқандайда мүліктік құқығы туындамағандықтан, онда меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы да болмаған.
Даулы жер учаскесінің меншік иесі мемлекет болып табылады.
Сондықтан, даулы жер учаскесі Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 04 шешімімен меншік иесінің (мемлекеттің) иеленуінен оның еркінен тыс, өзге жолмен шығып қалған.
Арызданушы өтінішхатында, соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандырып, даулы жердің өзге сатып алушыларын адал сатып алушылар деп тануы заңға сай келмейтініне назар аударған. Осыған орай, жерді бастапқы беру кезінде заң талаптары бұзылғандығын ескеріп, одан кейін жасалған мәмілелерді де жарамсыз деп тану қажеттігін көрсеткен.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Төлеби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Т. Молдахметова Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.