КСАД РК - Постановление от 04.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/690 (Административное)

ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/690

04 қараша 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы Ж.Бектурсынның, талап қоюшының өкілі Ш.Ш. Байжановтың, мүдделі тұлғаның өкілі Б.К.Чалабаеваның қатысуларымен,

ашық сот мәжілісінде Бектурсын Жумаштың (әрі қарай - талап қоюшы) Алматы облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Мухтар Ырыскелдиевич Есиркеповке (әрі қарай - жауапкер), Мәсімғазы Сібешті тарта отырып (әрі қарай – мүдделі тұлға), атқарушылық құжатты қайтару туралы 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулыны заңсыз деп танып, оның күшін жою, атқарушылық құжатын орындауды заңға сәйкес жүргізуге міндеттеу жөніндегі талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

Алматы облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 02 сәуірдегі қаулысына жауапкер мен мүдделі тұлғаның берген кассациялық шағымдары бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы мен оның кәмелетке толмаған немерелері: 01 сәуір 2011 жылы туылған Нұрболатұлы Нығмет, 27 маусым 2012 жылы туылған Жұмаш Ақерке Нұрболатқызы, 17 наурыз 2017 жылы туылған Нұрболатұлы Нәбижан, 17 шілде 2018 жылы туылған Нұрболатұлы Иманғали араларында, анасының қатысуынсыз кездесу тәртібі белгіленген. Осыған байланысты жауапкердің 09 желтоқсан 2024 жылғы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалып, сот шешімін орындауға мүмкіндіктің жоқтығына байланысты атқарушылық іс жүргізу аяқталды деп танылып, сол жылдың 25 желтоқсандағы қаулысымен атқарушылық құжат өндіріп алушыға (талап қоюшыға) қайтарылған.

Жауапкердің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулысымен келіспеген талап қоюшы оны заңсыз деп танып, күшін жою туралы, әрі атқарушылық құжатын орындауды заңға сәйкес жүргізуге міндеттеу жөнінде бірінші сатыдағы сотқа арыз түсірген.

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 05 ақпандағы шешімімен бұл талап қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 02 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың аталған шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылып, талап қою толығымен қанағатттандырылған.

Қазіргі уақытта апелляциялық соттың осы қаулысына жекедара кассациялық шағым түсірген жауапкер мен мүдделі тұлға, іс бойынша 2025 жылғы 02 сәуірде қабылданған сот актісінің күшін жойып, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Жауапкер істің кассациялық тәртіппен қаралуына қатысқан жоқ, оның себебін денсаулығына байланысты екендігімен түсіндіріп сотқа хабарлады. Мұндай жағдайда аталған тараптың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды деп санаған кассациялық сот, Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алады.

Сот мәжілісіне қашықтықта қатысқан талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдап сөйлеген сөздерін, мүдделі тұлға өкілінің апелляциялық сот қаулысының күшін жоюды сұраған уәждерін тыңдап, даудың мән-жайына қатысты іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағымдардың әрқайсысының мазмұнын бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталды.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы апелляциялық сот қамтамасыз етпеген, жауапкер мен мүдделі тұлғаның бұзылған құқығын қалпына келтіре алмаған.

Қаралып отырған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот өзінің осы іспен шығарған қаулысында жауапкердің тарапынан іс бойынша ұсынылған дәлелдерге лайықты құқықтық баға бере алмаған. Бұл орайда бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзуға себеп ретінде сөзбе-сөз келтірген тұжырымдары төмендегідей.

Атап айтқанда, атқарушылық істі жүргізу барысында жауапкер нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына тапсырмалар, хабарламалар жолдамаған, мүдделі тұлғаны борышкер ретінде атқарушылық құжатқа кедергі келтіргені/орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдамаған, Заңның 47-бабының 4) тармақшасына және 126-баптың талаптарына сәйкес атқарушылық іс жүргізу тоқтатылмаған, атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты уақытша туындаған мәселелер бойынша сот шешімінің орындалу мерзімін ұзарту туралы сотқа ұсыныс келтірмеген, сөйтіп, өзіне жүктелген міндеттерін тиісті атқармай, мәжбүрлеп орындатуға бағытталған атқарушылық құжатты өзінің өндірісінде он жеті күн ұстап, ешқандай іс-әрекеттер, шара қолданбастан өндiрiп алушыға заңсыз қайтарған.

Сонымен қатар, апелляциялық соттың пайымдауынша, жауапкер сілтеме жасап отырған «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің маман-психологі Ж.Хабаеваның «сот шешімін орындау үшін балалардың психикалық денсаулығын түзеуге алты ай мерзім қажет» деген уәжі дәлелсіз, атқарушылық іс жүргізу материалында аталған психологмаманның қорытындысы, Еңбекшіқазақ ауданының қорғаншылық немесе қамқоршылық органның акт пен жазбаша қорытынды (шешім) іске дәлел ретінде тіркелмеген, аталған психологтың арнаулы бiлiмiн куәландыратын құжат жауапкермен талап етілмеген. Сондай-ақ, басқа да комиссия мүшелерінің лауазымдарын куәландыратын құжаттары атқарушылық іс жүргізу материалына тіркелмеген, яғни жауапкер атқарушылық құжатты қайтарғанда комиссия мүшелерінің ауызша талқылауын, мүдделі түлғаның балалар атасымен кездесуге қарсы деген уәжімен шектелген.

Алайда, жоғарыда тізіле келтірілген апелляциялық соттың қорытындылары іс бойынша зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмейді, әрі олар туындаған даудың нақты мән-жайына лайықты құқықтық баға бере алмайды. Кассациялық сотпен анықталғанындай, 2023 жылдың 28 желтоқсанында шығарылған жоғарыда аталған сот шешімімен талап қоюшы (Ж.Бектурсын) және оның кәмелетке толмаған (жоғарыда жеке-жек аттары аталған) төрт немересімен арада кездесу тәртібі бекітіліп, бұл кездесуді өткізу сот шешімі шыққан соң тек екі ай мерзім ішінде, әр аптаның сенбісінде, сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін, анасының қатысуынсыз деп белгіленген, ал екі айдан соң кездесу тәртібі әр аптаның сенбі күні, сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін белгіленген.

Аталған сот шешіміне сәйкес, жауапкер (жеке сот орындаушы М. Есиркепов) 2024 жылдың 09 желтоқсанында №3177/24-19-3953 атқарушылық іс жүргізуді қозғаған, ал сол жылдың 25 желтоқсанында атқарушылық құжатты талап қоюшыға қайтару туралы қаулы шығарған.

Атқарушылық құжатты қайтаруға негіз болған Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 48-бабының бірінші бөлігі 3) тармақшасының талаптары, яғни ол бойынша, өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат, сот орындаушысының қаулысы бойынша, егер мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжат бойынша заңда көзделген орындау жөніндегі барлық шаралар нәтиже бермесе өндіріп алушыға қайтарылады. Алайда, атқарушылық құжатты талап қоюшыға қайтармас бұрын, атқарушылық іс жүргізуді орындау барысында жауапкер өз тарапынан бірнеше атқару амалдарын жүзеге асырған.

Атап айтқанда, мүдделі тұлға (борышкер С.Мәсімғазы) атына 2024 жылғы 10 желтоқсанда хабарламалар жолдап, атқарушылық құжаттың талаптарын орындау тәртібін, әрі оны орындамау салдары туралы түсіндірген.

Осы хабарлалармен танысқан мүдделі тұлға, сол жылдың 12 желтоқсанында жауапкер атына жазбаша түсінік беріп, онда өзі туған балаларының талап қоюшымен кездесуді мүлдем қаламайтындықтарын, жеке өзінің де оған қарсы екендігін көрсеткен. Бұдан тыс, құзырлы ұйымдар мен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандарын біріктіріп комиссия құруды сұрап жауапкерге арнайы арызбен де жүгінген.

Тараптар арасында туындаған жағдайды назарға алған жауапкер, 2024 жылғы 13 желтоқсанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық органына, Еңбекшіқазақ аудандық Ішкі істер басқармасына ұсыныс хат жолдап, атқарушылық іс жүргізуді орындау мақсатында, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау негізінде біріккен комиссия құру қажеттілігін хабарлаған.

Сонымен қатар, сол жылғы 25 желтоқсанда атқарушылық іс жүргізуге маманның қатысуы туралы арнайы қаулы шығарып, «Еңбекшіқазақ ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нен маман-психолог тағайындап, оны көрінеу дұрыс тұжырымдамалар жасамаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік туындайтыны туралы ескерткен.

Жауапкердің жоғарыдағы бұл іс-әрекеттері заң талаптарына (Заңның 24бабына), Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен келісілген «Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттарын орындау туралы әдістемелік нұсқаулықтарына» толықтай сәйкес келеді.

Атап айтқанда, осы әдістемелік нұсқаулықтардың 6-шы бөлімінде төмендегідей қағидалар көзделген:

6.1. Бала өндіріп алушымен қарым-қатынастан/кездесуден бас тартқан жағдайда, ЖСО бұл жағдайды атқарушылық іс жүргізу тараптарымен, сондайақ қорғаншылық және қамқоршылық органдары маманының және ювеналды полиция қызметкерінің қатысуымен әңгімелесу жүргізу жолымен барынша дұрыс нысанда шешуі тиіс;

6.2. Сонымен қатар, ЖСО Заңның 24-бабына сәйкес борышкер немесе үшінші тұлғалардың өндіріп алушымен қарым-қатынас жасауына қарсы болуы мүмкін фактілерді анықтау үшін атқарушылық іс жүргізуге маман-психологты тартуға құқылы. Осы факт психолог маманның қорытындысы негізінде расталған жағдайда, ЖСО борышкерді/үшінші тұлғаны атқарушылық құжатқа кедергі келтіргені/орындамағаны үшін белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдайды;

6.3. Маман-психолог орнату фактілерін анықтамаған жағдайда, яғни баланың өндіріп алушымен сөйлесуден/кездесуден ерікті түрде бас тартқан жағдайда, ЖСО тиісті акт жасайды, оған атқарушылық әрекеттердің барлық қатысушылары қол қояды.

6.4. Неке және Отбасы Кодексінің 62-бабына сәйкес, баланың пікірі баланың орналасқан жері бойынша ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің қатысуымен қабылданған қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен рәсімделетіндіктен, қорғаншылық және қамқоршылық органдары акт пен жазбаша қорытынды (шешім) жасауы тиіс.

6.5. Көрсетілген актілердің, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысының (шешімінің) және өзге де қолда бар құжаттардың негізінде ЖСО пп негізінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға құқылы. 4) Заңның 47бабының 1-тармағы.

Осы орайда құрылған, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау мақсатында біріккен комиссия отырысы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Алматы облысының Есік қаласында өткізіліп, оған Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық органының маманы Б.К.Несипбаева, Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы М.С.Мустекеев, «Еңбекшіқазақ ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің психолог-мамандары А.А.Рысдаулет, Ж.А.Жұмаева және «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ-ның) маман-психологі Ж.Д.Хабаева, «Оne-Stop-Service» Бір қадам орталығының заңгері, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті Л.Б. Ракишева, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізудің тікелей тараптары: талап қоюшы (өндіріп алушы Ж.Бектурсын) және мүдделі тұлға (борышкер С.Мәсімғазы) қатысқан.

Комиссия отырысында видео–аудио жүргізіліп, кәмелетке толмаған балалардың пікірі тыңдалып, нәтижесінде сот шешімін орындауға мүмкүндік жоқ екендігі жөнінде комиссия мүшелерімен тиісті қорытынды шығарылған.

Бұл туралы сол күнмен жазбаша түрде толтырылған, соңында барлық мүшелерінің қолы қойылған арнайы Актіде анық көрсетілген. Аталған акті қаралып отырған іс бойынша зерттелген атқарушылық іс жүргізу құжаттарына тіркелген.

Жоғарыда аталған комиссия мүшесі «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ-ның маман-психологі Ж.Д.Хабаеваның пікірінше, кейбір жасөспірім балалардың (жанұядағы жас мөлшерлері басқалардан үлкен Нұрболатұлы Нығмет пен Жұмаш Ақерке Нұрболатқызының) психикасы қатты бұзылған, олар туралы болған жағдай өздері оқитын мектеп пен тұрғылықты мекен-жайы бойынша белгілі болған жағдайда, өздеріне қол жұмсауға бейім екендіктері байқалады.

Осы тұста баса атап өтетін жағдай, бірінші сатыдағы соттың атына 2025 жылдың 27 қаңтарында жазбаша түрдегі түсінік берген жоғарыда аталған екі жасөспірім, жағдайдың мән-жәйін толықтай баяндап, талап қоюшымен неге кездіскілері келмейтіндіктерін жан-жақты жариялап, мұндай кездесуден үзілді-кесілді бас тартатындықтарын айтып, күштеп кездесу болған жағдайда өмірлеріне қауіп төнетіндерін, сондықтан құқықтарын қорғауды сұрайтындарын, сотта тек психологтың қатысуымен жауап беретіндіктерін баяндаған.

Аталған екі түсініктеме де қазіргі қаралып отырған әкімшілік іске тіркелген, төменгі соттардың зерттеулерінен өткен.

Мұндай жағдайда, мүдделі тұлғаны борышкер ретінде атқарушылық құжатқа кедергі келтіргені/орындамағаны үшін белгіленген жауапкершілікке тартып, оған қатысты қандай да бір шаралар қабылдауға жауапкерде еш негіз болмаған, себебі балалардың өздері сот тағайындаған кездесуден еріктерімен бас тартқан, ондай шешім қабылдауларына аналары тарапынан ешқандай да ықпал болмаған.

Ал, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға жауапкер міндетті емес, тек құқылы, оның үстіне, кездесуге еш мүмкіндік болмауы орын алған жағдайда іс жүргізуді одан әрі созуға құқықтық себеп болмаған.

Жалпы, жастары әлі кәмелетке толмаған балалардың дене бітімі мен психикалық денсаулығына, олардың адамгершілік жағынан дамуына зиян келтірмеу мақсатында атқарушылық іс жүргізуді күштеп/мәжбүрлеп орындауға еш жол берілмеуі тиіс. Өйткені, бұл әрекеттер ақылға қонымдылық өлшемшарттарына қайшы келеді.

Осы негізде, мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжат бойынша заңда көзделген орындау жөніндегі барлық шаралар нәтиже бермеді деп санаған жауапкер, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға орындаусыз қайтару туралы 2024 жылғы 25 желтоқсанда заңды қаулы шығарған. Сөйтіп, Заңның 49-бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізу аяқталды деп танылғаны негізді.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам және сот, әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігі бойынша, сот, талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады деп көрсетілген. Бұл міндет пен талапты бірінші сатыдағы сот қамтамасыз ете білген, сондықтан талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде дұрыс шешім қабылдаған, алайда оның күшін апелляциялық сот негізсіз жойған.

Жоғарыда айтылған мән-жайды ескере отырып, апелляциялық соттың дауланып отырған қаулысын заңды деп бағалауға болмайды, сол себепті, кассациялық сот осы сот актісінің күшін жою қажет деп тапты. Мұндай жағдайда жекедара берілген әрбір кассациялық шағымның уәждері негізді деп танылады, сондықтан олар қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 02 сәуірдегі осы іс бойынша қаулысының күші жойылсын.

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 05 ақпандағы Бектурсын Жумаштың талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары - қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.