Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/713 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/713

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, жауапкер өкілі А.О. Егеновтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Мин Лю жауапкер Ардақ Оспанжанға сатып алу-сату контрактіні бұзу және ақшаны өндіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматық істі жауапкердің Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Мин Лю жауапкер Ардақ Оспанжанға сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

2024 жылғы 8 мамырда «Shandong Lvtong International Trade Co Ltd» Компаниясымен А.Оспанжан арасында жасалған «Hyundai Elantra» маркалы, 2 дана «VIN: LBECNAFD2RZ388174» және «VIN: LBECNAFD1RZ388196» автокөліктерді сатып алу-сату контрактісі бұзылған.

Жауапкер Ардақ Оспанжаннан талап қоюшы Мин Людың пайдасына 12 876 720 теңге, мемлекеттік баж төлегені үшін сот шығындары 130 733 теңге, өкілдің көмегі үшін сот шығындары 500 000 теңге өндірілген.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, жауапкер Қытайдан алып келген автокөліктерге ешқандай қатысы жоқ деген уәждерін соттар ескермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тараптар арасында жасалған сатып алу-сату шартты жауапкер едәуiр бұзған деген қорытындыға келіп, талап қоюды қанағаттандырған.

Соттардың мұндай тұжырымдамасын кассациялық сот дұрыс деп есептейді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 401бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес егер осы Кодексте, басқа да заң құжаттары мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келiсуiмен өзгертiлуi және бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт: 1) екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде; 2) осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Сотта анықталғандай, «Shandong Lvtong International Trade Co Ltd» Компаниясымен А.Оспанжан арасында сатып алу-сату контрактісі жасалған. Контрактінің шарттары бойынша «Shandong Lvtong International Trade Co Ltd» Компаниясы жауапкерге «Hyundai Elantra» маркалы №1 және №2 даулы автокөліктерді Қазақстан аумағына жіберіп, ал жауапкер 24 000 АҚШ доллар мөлшерінде автокөліктердің құнын төлеуге міндеттенген.

Шарттың талаптарына сәйкес тауардың құнын сатып алушы Қазақстан Республикасында тауарды алған кезден бастап, бес күннен кешіктірмей төлеуге тиіс.

«Hyundai Elantra» маркалы №1 және №2 даулы автокөліктері Қазақстанға, уақытша сақтау қоймасына жауапкердің атына жеткізілгені «MagGreen» ЖШС-тің аңықтамасымен расталған. Жауапкер міндеттерін орындамаған.

Бастапқы кредитордың талап ету құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен талап қоюшыға берілген. Осыған байланысты Мин Лю талап ету құқығының жаңа иесі ретінде шартты бұзуды және екі көліктің жалпы құнын талап еткен.

Іс материалдарымен жауапкер тарапынан Контрактіде көрсетілген міндеттемелері орындалмағаны, яғни тауардың құнын төлеуден жалтарғаны өз дәлелін толық тапқан. «Hyundai Elantra» маркалы №1 және №2 даулы автокөліктер А.Оспанжаннан А.М.Ташпулатовқа берілген сенімхат арқылы «MagGreen» ЖШС-тің уақытша сақтау қоймасынан шығарылғаны белгілі болды, бұл мән-жайды жауапкер жоққа шығарған жоқ.

Жауапкердің аталған шартты өзі жасамағаны, оның атынан басқа адамдар әрекет етуі мүмкін екендігі туралы уәждері соттармен негізсіз деп танылған, себебі бұл мән-жайлар тиісті дәлелдемелермен расталмаған. Керісінше, іс құжаттарымен автокөліктер Қытай Халық Республикасынан жауапкердің атына әкелінгені, уақытша сақтау қоймасына

жауапкердің атына орналастарылғаны және жауапкердің атынан берілген сенімхат негізінде үшінші тұлға арқылы алынып, сатылып кеткені анықталды. АПК-нің 72-бабы талаптарына сәйкес әрбір тарап өзі сілтеме жасаған мән-жайларды дәлелдеуге міндетті. Алайда, жауапкер шартқа қол қоймағанын, жеке басын куәландатыратын құжаттың заңсыз пайдаланылғанын немесе сенімхаттың оның еркінен тыс рәсімделгенін растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Осыған байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қою қанағаттандырулыға жатады деген дұрыс қорытындыға келген.

Кассациялық шағымның дәйектері іс бойынша жиналған дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған және соттардың қорытындыларын жоққа шығармайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын заң бұзушылықтар анықталмағандықтан, олар өз күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.