ВС РК - Постановление от 12.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2762 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 шілде 6001-23-00-6ап/2762 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар –Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

талап қоюшының өкілі Т[...] қатысумыен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер Атырау қаласы әкіміне, «Атырау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлғалар «Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесін, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын, «COPYHOME» жеке кәсіпкер К[...], «Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесін, «Атырау облысы жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесін, «Атырау облысы «Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын, «Атырау Жарық» акционерлік қоғамын іске қатыстыра отырып, Атырау қаласы әкімінің 2019 жылғы 5 қарашадағы № 2521 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, Атырау қаласы әкімінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 3191 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, 2022 жылғы 3 наурыздағы № 388 эскиздік жобасын келісімдеу әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға «COPYHOME» жеке кәсіпкер К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюлары ішінара қанағаттандырылған.

2019 жылғы 5 қарашадағы Атырау қаласы әкімінің «COPYHOME» жеке кәсіпкеріне 0,0009 га жер теліміне қосымша көлемі 0,0052 га жер телімінің уақытша өтеулі пайдалану құқығы жаңа 3 жыл мерзімге беру туралы № 2521 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған. 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Атырау қаласы әкімінің «COPYHOME» жеке кәсіпкерлігіне кеңсе құралдарын сататын және көшірме қызмет көрсету орталығы үшін жеке меншік құқығын беру туралы № 3191 қаулысы заңсыз деп танылып күші жойылған.

«Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 388 эскиздік жобаны мақұлдау әрекеті заңсыз деп танылған.

Талап қоюшы «АР[...]» ЖШС-нің жауапкер Атырау қаласы әкіміне «Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 388 эскиздік жобаны мақұлдау әрекетін заңсыз деп тану, «Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2019 жылғы 5 қарашадағы №2521 және 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 3191 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюлары қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға «COPYHOME» жеке кәсіпкер К[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талапты толық қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығаруды сұрап, оны жергілікті соттардың іс бойынша мән-жайларға дұрыс баға берілмегендігімен және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмағандығымен негіздеп, сот отырысын өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат жолдаған.

Жауапкер «Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі сот отырысын қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалғанына байланысты, жауапкер өкілінің сотқа келмеуі бойынша уәжін сот дәлелді деп санамайды. Мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Әкімшілік іс бойынша басқа тараптар сот отырысына келмей, сотқа қатыспау себептерін хабарламаған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «А[...]» ЖШС-сі 1998 жылғы 28 тамызда заңды тұлға ретінде тіркелген.

2017 жылғы 24 наурыздағы №591 Атырау қаласы әкімінің «А[...]» ЖШС-не қосымша жер учаскелерінің жеке меншік және уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы қаулысымен, шұбатхана және халыққа тұрмыстың қызмет көрсету орталығы құрылысын салу және пайдалану үшін берілген Атырау қаласы, Б[...] көшесі, №48а құрылыс аумағында орналасқан бұрынғы көлемі 0,1320 га жер теліміне қосымша көлемі 0,0102 га жер телімінің жеке меншік құқығы және абаттандыру және көгалдандыру үшін көлемі 0,0290 га, көлік қою орны үшін көлемі 0,0366 га жер телімдерінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы келісім шарт жасаған жағдайда 3 жыл мерзімге берілген.

2011, 2014 жылғы №№1059, 2297 актілеріне сәйкес, «А[...]» ЖШСнің Атырау қаласы, Б[...] көшесі, №48 тұрғын үй аумағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығы арасында су құбыры, кәріз желілері мен құрал жабдықтарын қамту және олардың жағдайы үшін жауапкершілік шекараларын белгілеулері жасалған, актімен бірге желілердің түйіндесу сызбасы тіркелген.

2013 жылғы 21 қарашадағы №1200 Атырау қаласы әкімінің қаулысымен «COPYHOME» жеке кәсіпкеріне жеңіл конструкциялық материалдан нан өнімдерін сататын сауда павильонын орнату үшін Атырау қаласы М.Б[...] көшесі, 48-үй аумағында орналасқан көлемі 0,0009 га жер телімінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы келісім-шарт жасаған жағдайда 2 жыл мерзімге берілген.

2016 жылғы 5 мамырдағы әкімінің № 584 қаулысымен «COPYHOME» ЖК-ға аталған жерді пайдалану құқығы келісім-шарт жасаған жағдайда 5 жылға ұзартылған. Нысаналы мақсаты - «Нан өнімдерін сататын сауда павильоны».

2019 жылғы 22 тамыздағы №1817 қаулыға сәйкес, жер телімінің нысаналы мақсаты «кеңсе құралдарын сататын және көшірме қызмет көрсету орталығы» деп өзгертілген.

2019 жылғы 5 қарашадағы № 2521 қаулыға сәйкес, «COPYHOME» ЖКне 0,0009 га жер теліміне қосымша көлемі 0,0052 га жер телімінің уақытша өтеулі пайдалану құқығы жаңа 3 жыл мерзімге берілген.

2020 жылғы 30 желтоқсандағы №3191 қаулысымен «COPYHOME» ЖК-не жке меншік құқығы берілген.

Аталған қаулылармен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген, өйткені «COPYHOME» ЖК-не қосымша берілген 0,0052 га жер телімінде талап қоюшыға тиесілі су бұру құбырлары өтетіні жауапкерлермен ескерілмегені көрсетілген. Сонымен қатар «COPYHOME» ЖК-не берілген жерде 1 қабатты ғимарат салынғанын, ғимараттың үстіне екінші қабатты құрылыс салуға рұқсат берілгенін, алайда талап қоюшының ғимаратына жүргізілген электр желілері жүргізілген ескерілмегенін, сондықтан жауапкердің 2022 жылғы 3 наурыздағы №388 эскиздік жобасын келісімдеу әрекетін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырғанда төменде көрсетілген мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (әрі қарай - Кодекс) мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскесіне құқық беру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – ЖК) 43, 44-1-баптарымен реттеледі. Нысаналы мақсатына қарай жер телімдерін беру ерекшеліктері осы Кодекстің 43-1, 44 және 45-баптарына сәйкес айқындалады.

Кодекстің 43-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес елді мекен шегінде объектілер салу үшін жер телімі сұралған кезде жер теліміне құқық беру тәртібі осы Кодекстің 44-1-бабымен реттеледі.

Сот отырысында анықталғандай 2019 жылғы 6 қыркүйектегі №34 хаттамасымен Атырау қаласы әкімінің 2016 жылғы 5 мамырдағы №584 қаулысымен алынған Атырау қаласы, Б[...] көшесі № 48-үй аумағында орналасқан жеңіл конструкциялық материалдарынан нан өнімдерін сататын сауда павильонын орнату үшін берілген көлемі 0,0009 га жер телімінің аумағын кеңейту үшін қосымша көлемі 0,0052 га жер телімін уақытша өтеулі 3 жыл мерзімге пайдалану құқығымен қорытынды берілген. 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №3191 қаулысымен «COPYHOME» ЖК-не жеке меншік құқығы берілген.

Мүдделі тұлға «COPYHOME» ЖК-не жер беру жөніндегі шешім қабылдау барысында, жердің табысталу тәртібімен Жер кодексінің 43-1 – бабында көрсетілген негіздер мен Қағида талаптарының бұзылғаны анықталды. Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімі және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Мүдделі тұлға COPYHOME» жеке кәсіпкер К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Е. Өміралиев

Судьялар

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.