№ 6кп-18-19
Қ А У Л Ы
Нұр-Сұлтан қаласы
2019 жылғы 30 маусым
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші: судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 6 наурыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуымен келіп түскен
Ф[...] Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен Ж[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Прокурордың сот қаулысын жойып, іс қайта қарау үшін сол сотқа өзге құрамда жолдансын деген қорытындысын тыңдап, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мынадай негіздер бар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; ӘҚБтК-дегі процестік нормалардың елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы Ж[...] 2018 жылғы 2 қарашада Шымкент қаласына келіп, еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жұмысқа орналасу рұқсатын алмастан Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
Бірінші сатыдағы сот Ж[...] кінәсі сот мәжілісінде расталған және зерттелген, істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауаптылыққа тартқан.
Сонымен қатар, шетелдікті уақытша тіркеу туралы анықтама бойынша Ж[...] Қазақстан Республикасында болу мақсаты - отбасын біріктіру деп көрсетілген. Қабылдаушы тарап - А[...] (Қазақстан Республикасының азаматшасы). Іске ұсынған неке қию туралы куәлікке сай, аталған азаматшамен арызданушы Қазақстан Республикасында 2017 жылы 20 желтоқсанда тіркелген некеде тұрады.
ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 2-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа, қабылданған актілердің жарамсыз деп танылуына және олардың күшінің жойылуына әкеп соғады.
Оған қоса Ж[...] қазақ тілін мүлдем түсінбейтіні анықталады. Істі қарауда тілмаш қатыстыруы қажет болғанын, ешкім оған оның құқығын түсіндіріп бермеген. Сондықтан ол өзіннің құқықтарын қорғай алмады.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттың қабылданған қаулысы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5- бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен қайта бұзуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1 және 4 - бөлігін, 5 - бөлігінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша Ф[...] угли Ж[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 6 наурыздағы қаулысын бұзып, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева
Судьялар Н. Жолдасбеков Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Шермұхаметов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.