Қ А У Л Ы
2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-2к/5488 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Н.О.Косанов, талап қоюшылар К.С.Едигеев, Г.Ж.Едигеева, олардың өкілі П.Ш.Утенова, жауапкерлер Е.Е.Жармағамбетов, Ж.Б.Сагатова, олардың өкілі Б.У.Алмуханов, жауапкер «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының өкілі А.К.Мырзалин, бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшылар Гульдарай Жанабаевна Едигееваның және Кайрат Сериккалиевич Едигеевтың жауапкерлер Ержан Есқалиұлы Жармағамбетовке, Жулдызай Болатовна Сагатоваға, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорына, «Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне берген тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2004 жылғы көктемгі су тасқынынан Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қаратал ауылында орналасқан тұрғын үйлерді су басқан. Оның ішінде осы ауылда Ш.Берсиев көшесі, №28 үй мекен-жайында орналасқан Едигеевтердің тұрғын үйі су тасқыны салдарынан жарамсыз күйге түскен.
Осы су тасқынына байланысты Ойыл ауданының әкімімен 2024 жылғы 29 наурыздағы шешімімен Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Ойыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 23 мамырдағы «Ойыл ауданының тұрғын үй қорынан көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға демеушілік есебінен баспанамен қамтамасыз ету туралы» №7 хаттамасына сәйкес «Қамқор Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының жеке қорынан су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қарастырылған қаражат есебінен Г.Ж.Едигееваға Қаратал ауылы, Қобыланды батыр көшесінде орналасқан №1 жеке тұрғын үйді (осыдан әрі - даулы үй) азамат Е.Е.Жармағамбетовтен 21 700 000 теңгеге сатып алуға келісім берген. Осы хаттама негізінде 2024 жылғы 19 маусымда Е.Е.Жармағамбетов (сатушы), жұбайы Ж.Б.Сагатованың келісімімен, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры, «Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі және Г.Ж.Едигеева (сатып алушы), жолдасы К.С.Едигеевтің келісімімен, аталған даулы үйді 21 700 000 теңгеге сатып алу-сату шартын жасаған.
2024 жылғы 25 маусымдағы төлем құжатына сай «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры сатушыға тұрғын үйдің құны 21 700 000 теңгені аударған.
Г.Ж.Едигеева мен К.С.Едигеев талап қоюында Қаратал ауылының тұрғындарының «WhatsApp» әлеуметтік желісіндегі чатында жүктелген хабарлама арқылы даулы үйдің сатылатынын біліп, тұрғын үйді қарауға барғанын, екі бөлмесі бос болмағандықтан, ал басқа бөлмелерінде жиһаздар болғандықтан анықтап қарай алмағанын, сондықтан тұрғын үйді тұруға жарамды деп санап, тұрғын үй комиссиясына даулы үйді сатып алуға келісім беріп, 2024 жылғы 19 маусымда осы тұрғын үйді сатып алу - сату шартын жасасқанын, Е.Е.Жармағамбетов үйді бір айдан кейін босатып беруге өтініш білдіргендіктен оған келісіп, 2024 жылғы 19 шілдеде аталған тұрғын үйге отбасымен көшіп барған кезде үйдің фундаменті шөгіп, қабырғаларында едәуір жарықшақтар пайда болғанын, тұрғын үй тұруға жарамсыз күйге түскенін көргенін, сатушылар сатып алу шартын жасау алдында даулы тұрғын үйге су тасқыны салдарынан залал келгенін, тұрғын үйді қалпына келтіруге әкімшіліктен қаражат бөлінгенін жасырғанын, сатушы өзіне бөлінген қаражатты тұрғын үйдің іргетасы (фундаменті) мен қабырғаларын қалпына келтіруге жұмсамағанын, тек қана қабырғаларындағы ішкі жарықшақтарды сылап және әрлеп, ал үйдің сыртын панелмен қаптап, ақауларын жасырып қойғанын көрсетіп, даулы тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды сұраған.
Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылардың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.
Кассациялық сот талап қоюшылардың және олардың өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің және олардың өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 159бабының 8 - тармағына сай, елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге
қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
Осы баптың - 9 тармағына сәйкес, алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Бірінші сатыдағы сот өз шешімінде сатып алушылар даулы мәмілені жасауға өз еріктерін білдіріп, қолдарын қойғанын, мәміледе сатып алушының тұрғын үйдің техникалық жағдайына қояр талабы жоқ екені көрсетілгенін, сатып алушылардың тұрғын үйді алдын ала толығымен мұхият қарап шығуға мүмкіндігі болғанын, оған сатушылар тарапынан ешқандай кедергілер келтірілмегенін, тұрғын үйдегі ақаулар анық көрініп тұрған ақаулар екенін, сатушылар тарапынан алдау болғаны немесе сатып алушылар тарапынан жаңылысу болғаны дәледенбегенін, демек, сатып алушылар өрескел бейқамдық танытқаны дәлелденетінін негізге алып, талапты қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сот бірінші саты сотының тұжырымдарымен келіскен.
Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың бұл тұжырымдарын негізсіз деп санйды.
Талап қоюшылардың талап қоюында көрсетілген уәждер, атап айтқанда, жауапкер Е.Е.Жармағамбетовтің тұрғын үйіне 2024 жылғы тасқын су салдарынан залал келгені, оған тұрғын үйге келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарына аудан әкімдігінен қажетті қаражат бөлінгені, алайда ол жөндеу жұмыстарының сметасына сай үйдің іргетасының шөгуіне қарсы және оны қалпына келтіруге қатысты жөндеу жұмыстарын жүргізбегені, тұрғын үйдің іргетасы мен қабырғаларындағы жарықшақтарды сылап және әрлеп, ал үйдің сыртын панелмен қаптап қойғаны, яғни тұрғын үйдің ақаулары жасырын күйге түскені толық дәлелденген.
Мәміле жасалар алдында даулы объектіге қатысты бірнеше тексеру - бағалау қорытындылары жасалған.
2024 жылғы 17 сәуірдегі «Жоба НС» ЖШС-нің «Техникалық тексеру жұмыстары» қорытындысына сай даулы тұрғын үйдің жалпы техникалық жағдайы пайдалануға жарамдылығы шектеулі деп бағаланып, үйдің суға кетуі салдарына қарсы тиісті жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет екені ұсынылған, оның ішінде даулы тұрғын үйдің іргетасын қалпына келтіру және бекіту жұмыстары көрсетілген.
2024 жылғы 10 маусымдағы сметалық құжаттамаға сәйкес даулы тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын жүгізуге қаражат есептеліп, оның ішінде үйдің іргетасын қалпына келтіру және бекіту жұмыстары көрсетілген. 2024 жылғы 13 тамыздағы «ING Company» ЖШС-нің сараптама қорытындысына сай даулы тұрғын үйдің ғимаратының пайдалануға жарамдылығы, нормативтік және техникалық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, оның пайдалануға ішінара жарамды екені, пайдалануға жарамдылығын толық қалпына келтіру үшін күрделі жөндеу-қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу қажет екені көрсетілген. Бұл іс шаралар ішінде үйдің іргетасын қалпына келтіру және бекіту жұмыстары ескерілген. Осы жұмыстарды жүргізу үшін жауапкерге аудан әкімдігінен 4 271 703 теңге бөлінген. Жауапкер тұрғын үйде сылау, әрлеу және панелмен қаптау түріндегі жөндеу жұмыстарын жүргізген, алайда тұрғын үйдің іргетасын қалпына келтіру және бекіту жұмыстарын жүргізбеген.
Одан басқа, тұрғын үйдің құнын анықтау үшін тиісті бағалау жүргізіліп, оның қорытындының сипаттамасында объектінің құрамына: тұрғын үй (а), гараж (Г5), сарай - Г7, сарай - Г8, қоршау - I, қақпа - II, қақпа - III, жер учаскесін енгізіліп, ғимараттардың жағдайы «жақсы» екені көрсетілген.
Алайда, іс бойынша жүргізілген сот техникалық- құрылыс сараптаманың 16 мамыр 2025 жылғы №65 қорытындысына сәйкес даулы үй сәулет - құрылыс, құрылыс және қалақұрылысы нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейтіні, аталған үй ғимаратында Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейтін кемшіліктер орын алғаны, даулы үйдің қазіргі жағдайы одан әрі пайдалануға жарамсыз екені анықталған.
Көріп отырғандай, мәміле жасар алдында даулы тұрғын үйге қатысты мамандармен бірнеше рет тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның пайдалануға жарамды екені туралы қорытындылар берілген, ал мәміле жасалғаннан кейінгі сот сараптамасымен тұрғын үйдің пайдалануға жарамсыз күйде екені анықталған.
Осылайша даулы тұрғын үйдің тасқын су басқаны салдарынан жарамсыз қалыпқа түскені, яғни бұл ақаулардың мәміле жасалғанға дейінгі тасқын су залалдары салдарынан келтірілгені анық байқалады.
Осы мән-жайлар өз кезегінде талап қоюшылардың мәмілені жаңылысу салдарынан жасағанын дәлелдейді, себебі арнайы біліктілігі бар мамандар тұрғын үйдің пайдалануға жарамды екенін көрсеткен, ал жауапкерлер тұрғын үйдің қоныстануға жарамды екеніне сендірген. Сатып алушылар мәміле жасау кезінде жауапкердің тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын мамандардың ұсыныстарына және жөндеу жұмыстарының сметасына сай жүргізбегенін білмеген. Мұндай жағдайда сатып алушыларды өрескел бейқамдығы үшін айыптауға негіз жоқ. Мәмiленің нысаны өз мақсатында пайдалану мүмкiндiгiнен айырылған, сондықтан бұл жаңылысудың елеулi мәнi бар. Демек, сатып алушылардың мәмілені жаңылысу
әсерiмен жасауы заң талаптарына сай даулы мәмілені жарамсыз деп тануға негіз бола алады.
АК-тің 422 бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi. Шартта тауардың сапасы туралы талаптар болмаған жағдайда сатушы сатып алушыға әдетте осы сияқты тауар пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауар беруге міндетті.
Даулы мәміле бойынша сатушы сатып алушыға шарт мақсатына сәйкес пайдалануға жарамсыз тауар өткізгені анықталды.
Ойыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешімінің сот арқылы дауланбауы осы талап қоюды қанағаттандыруға кедергі келтірмейді.
Керісінше, дауланып отырған мәміле жарамсыз деп танылмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларының аясында талап қоюшыларға залалды өтеу мүмкіндігі туындамайды.
Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, кассациялық сот істі жаңадан қарауға жібермей, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 109 бабының 1 - бөлігіне сәйкес, сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға - талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
Осы баптың 2 бөлігіне сай егер іске қатысатын адамның заңда немесе шартта көзделген дауды реттеудің наразылық немесе сотқа дейінге өзге де тәртібін бұзуы, оның ішінде наразылыққа жауап беру мерзімін бұзуы, наразылықты жауапсыз қалдыруы, сондай-ақ заңда белгіленген дауды реттеудің соттан тыс тәртібін бұзуы салдарынан дау туындаса, сот істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, сот шығыстарын осы тұлғаға жүктейді.
Сот, процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелер сот белгілеген мерзімді және дәлелдемелерді дәлелді себептерсіз ұсынудың осы Кодексте белгіленген тәртібін бұза отырып ұсынылған жағдайда, егер бұл сот процесінің созылуына, істі қарауға және заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтіруге әкеп соқса, іс бойынша барлық сот шығыстарын жүктеуге құқылы.
Осы баптың 4 тармағына сәйкес бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында жұмсаған сот шығыстарын, егер өтінішхат сот сатыларында істі қарау
кезінде талқыланса, бірақ сот шығындары ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеру қажеттігіне байланысты өндіріп алынбаған және бұл туралы тиісті сот сатысындағы соттың қаулысында көрсетілсе, өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.
Талап қоюшылардың дәлелденген сот шығындары жауапкерлер Е.Жармағамбетов пен Ж.Сагатовадан өндірілуге жатады, себебі осы жауапкерлермен даулы үйде жөндеу жұмыстарын тиісті түрде атқарылмағаны туралы дәлелдер сотқа өз мерзімінде толық берілмеуі заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтірді, ал мәміленің жарамсыз болып танылуына осы жауапкерлермен аталған жұмыстардың орындалмауы себепті даулы тұрғын үйдің жарамсыз күйге түсуі негіз болды.
Жауапкерлер Қоғамдық қор мен Мемлекеттік мекеменің кінәлері дәлелденбеген, сондықтан сот шығындары бұл жауапкерлерден өндірілмейді. Талап қоюшылардың әрқайсысының пайдасына жауапкерлер Е.Жармағамбетов пен Ж.Сагатовадан, әрқайсынан, үлестік тәртіпте 1414 теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілуге жатады.
Талап қоюшылардың әрқайсысының пайдасына, мемлекеттік бюджеттен мүліктік сипаттағы талап қою және кассациялық шағым беру үшін артық төленген 163 733 теңге мемлекеттік баж қайтарылуға жатады, себебі талап қою мүліктік талапқа жатпайды, тұрғын үйдің құнын Қоғамдық қор төлеген, сондықтан ол қаражат талап қоюшылардың пайдасына өндірілмейді.
Талап қоюшылардың басқа шығындары, оның ішінде сараптама және өкіл көмегі үшін төленген шығындары ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеру қажеттігіне байланысты бірінші саты сотында шешілуге жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облысы Ойыл аудандық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімінің және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысының күші жойылсын, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
2024 жылғы 19 маусымда талап қоюшылар Едигеева Гульдарай Жанабаевна, Едигеев Кайрат Сериккалиевич келісімімен, және жауапкерлер Жармағамбетов Ержан Есқалиұлы, Сагатова Жулдызай Болатовна келісімімен, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры, «Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесі арасында жасалған, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округы, Қаратал ауылы, Қобыланды Батыр көшесінде орналасқан, №1 тұрғын үйді, қосалқы құрылыс нысандарымен, 2,977 га жер телімімен сатып алу - сату шарты жарамсыз деп танылсын.
Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Талап қоюшы Гульдарай Жанабаевна Едигееваның пайдасына жауапкерлер Ержан Есқалиұлы Жармағамбетовтен және Жулдызай Болатовна Сагатовадан, әрқайсынан, үлестік тәртіпте 1414 (бір мың төрт жүз он төрт) теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілсін.
Талап қоюшы Кайрат Сериккалиевич Едигеевтың пайдасына жауапкерлер Ержан Есқалиұлы Жармағамбетовтен және Жулдызай Болатовна Сагатовадан, әрқайсынан, үлестік тәртіпте 1414 (бір мың төрт жүз он төрт) теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілсін.
Талап қоюшы Гульдарай Жанабаевна Едигееваның пайдасына мемлекеттік бюджеттен 163 733 (бір жүз алпыс үш мың жеті жүз отыз үш) теңге артық төленген мемлекеттік баж қайтарылсын.
Талап қоюшы Кайрат Сериккалиевич Едигеевтың пайдасына мемлекеттік бюджеттен 163 733 (бір жүз алпыс үш мың жеті жүз отыз үш) теңге артық төленген мемлекеттік баж қайтарылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
М.Қадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.