ВС РК - Постановление от 04.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2382 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 4 мамыр 6001-22-00-6ап/2382 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

талап қоюшы «А[...]» өндірістік кооперативінің (ӨК) өкілі – Ж[...],

жауапкерлер-

Төлеби ауданы әкімінің өкілі – А[...], Төлеби аудандық мәслихатының өкілі – П[...],

«Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – Ы[...],

Б[...] ауыл округі әкімінің өкілі – Ш[...],

«Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – Х[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» ӨК-нің жауапкерлер Төлеби ауданының әкіміне, Төлеби аудандық мәслихатына, Б[...] ауыл округінің әкіміне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімі» ММ-не, Төлеби аудандық жер комиссиясының төрағасы Д[...], «Төлеби аудандық сәулет және қала құрлысы бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы З[...], Б[...] ауыл округі әкімінің міндетін бұрын уақытша атқарған Ш[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік емес корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Төлеби аудандық тіркеу және жер-кадастры бөліміне атқарушы органның және уәкілетті органдардың әрекеттерін және әкімшілік актілерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 мамырдағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы У[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі жаңа құраммен қайта қарауға жіберуді сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Талап қоюшы «А[...]» ӨК сотқа берген талап қоюында «Төлеби аудандық құрылыс бөлімі» ММ-не табысталған тұрақты жер пайдалану құқығын беретін мемлекеттік актілерді жарамсыз деп тануды сұраған (бұдан әрі – жер актілері).

ӘРПК-нің 4-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжаты болып танылады. Олар құқық танушы құжаты болып табылмайды, яғни құқықтар мен міндеттерді тудырмайтындықтан дау әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деп тұжырымдаған.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 мамырдағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «А[...]» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.