Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3369 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/3369 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,

судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,

талап қоюшы А.Карымсакова, жауапкер А.Жексенова,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Карымсакова Акмарал Турсунгуловнаның жауапкер Жексенова Айгул Аманжоловнаға ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтірген мәліметтер үшін ұжым алдында кешірім сұрауға міндеттеу және моральдық шығынның өтемін өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы А.Карымсакова Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосының «Ж.Қалдығараев атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сынып мұғалімі.

Жауапкер А.Жексенова осы мектептің директорының оқу - жұмыс жөніндегі орынбасары.

2024 жылғы 11 қаңтарда А.Карымсакова жұмыстан кейін сағат 19.00 де «WhatsApp» әлеуметтік желісіндегі «Бастауыш ұжымы» ұжымдық чатына «Таңертеңгі ауысымда 7-кабинетте кім оқыды? Таза кабинетке кірдіңдер ме, солай арттарыңды жинақтап кетің» деп мұғалімдерге ренжіп жазба жариялаған.

Осы жазбаға жауапкер «Ұят туралы айтар алдында өз ар тазалығын ой елегінен өткізген дұрыс, қазақ тілінен оқушыдан төмен білімі бар адам мұғалімдікті тоқтатады. Ары таза болса» деп жазба жариялаған.

Одан басқа, жауапкер А.Жексенова 2024 жылғы 2 сәуірде «Ж.Қалдығараев мектебін аттестациялау» деген топтық чатында «Баланы инемен қорқытып, сабақта білімсіздік көрсеткендердің күнәсі Алланың кітабына жазылып жатыр. Білімділікті сатып алып емес, іспен дәлелдеу керек. Ал сатып алған екенсің, басқаларға ұқсап үнсіз жүрсең, ол да әдемі тәрбиенің бірі» деп жазба жариялаған.

Сонымен қатар, талап қоюшы 2024/2025 жылғы оқу жылына бастауыш сыныпқа қабылдаған оқушының анасы А.Аманқосовадан «жауапкер Ж.Жексенованың оған баласын А.Қарымсақованың сыныбына бермеуін, себебі бала таяқ жеп, білімсіз болып шығатынын» айтқаны туралы хабарлама алғанын көрсеткен.

Талап қоюшы талап қоюында жауапкер А.Жексенова жоғарыдағы жазбаларымен оны сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін айыптап, балаларды инемен қорқытатын, біліктілігі төмен, оқушыға қол жұмсайтын мұғалім етіп, ата-ананың алдында беделін түсіріп, ұжымдық топ алдында ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұсқан келтірген

мәліметтер таратқанын көрсетіп, соттан жауапкерді ұжым алдында кешірім сұрауға міндеттеуді және 2 000 000 теңге моральдық шығын өндіруді сұраған. Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер А.А.Жексенованың «WatsApp» әлеуметтік желісінде «Бастауыш ұжымы» топтық чатында жариялаған «Ұят туралы айтар алдында өз ар тазалығын ой елегінен өткізген дұрыс, қазақ тілінен оқушыдан төмен білімі бар адам мұғалімдікті тоқтатады. Ары таза болса» деген жазбалары талап қоюшы А.Т.Карымсакованың ар - намысына, қадір - қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер ретінде танылып, жауапкер талап қоюшыдан кешірім сұрауға міндеттелген.

Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында жауапкер жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұрайды.

Кассациялық сот жауапкердің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа ішінара жол берілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабына сай, әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, арнамысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабының 1-тармағында азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы екені көзделген.

АК-нің 143-бабының 2-тармағына сай, егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.

Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiнi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде

хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс. Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.

Осы баптың 6-тармағында азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадірқасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы екені көзделген.

АК-тің 951-бабының 3-тармағында зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлген жағдайда өтеледi.

«Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңының 5 бабының 1), 2)-тармақшасына сәйкес, педагогтік әдеп заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді. Педагогтік әдепті бұзу тәртіптік теріс қылық болып табылады және педагогті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа алып келеді.

Сотта талап қоюда көрсетілген жазбаларға қатысты қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маманы М.Нурумовадан қорытынды сұратылған, аталған маман «Өз ар тазалығы», «төмен білімі бар адам» деген жазбалардың жеке тұлғаның намысына тиетін, мұғалім ретінде беделін түсіретін мәліметтер екені туралы қорытынды берген.

Жергілікті соттар жауапкердің мектептің топтық чатында талап қоюшыға жауап ретінде жазған «Ұят туралы айтар алдында өз ар тазалығын ой елегінен өткізген дұрыс, қазақ тілінен оқушыдан төмен білімі бар адам мұғалімдікті тоқтатады. Ары таза болса» деген жазбаларын талап қоюшының ар - намысына, қадір - қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын мәлімет ретінде бағалап, талап қоюды осы бөлігінде қанағаттандырған.

Кассациялық сот жергілікті соттардың бұл тұжырымымен келіседі, себебі ол жоғарыда аталған заң талаптарына, маманның қорытындысына және даулы жазбалардың мағынасына сәйкес негізделген.

Жауапкер талап қоюшыға қатысты жарияланған осы мәліметтердің шындыққа сәйкес келетіні туралы дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.

Осыған орай, талап қоюшының моральдық залалдың өтемін өндіру туралы талап қоюын ішнара қанғаттандырғаны да заңды әрі негізді.

Моральдық зиянның өтемінің мөлшері де жауапкердің отбасылық және мүліктік жағдайы, адалдық, парасаттылық пен әділеттілік талаптары ескеріліп, дұрыс анықталған.

Сот актілері бұл бөлігінде заңды әрі негізді, олардың бұл бөлігінде күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

Алайда, жергілікті соттардың талап қоюшының жауапкерді кешірім сұрауға мәжбірлеу туралы талап қоюын қанғаттандырғаны заңға қайшы, себебі заң

талаптарымен құқықтарды қорғаудың және жүзеге асырудың мұндай тәсілі ескерілмеген.

Кассациялық сот, жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, дауланып отырған сот актілерін өзгертіп, жауапкердің кешірім сұрауға мәжбүрлеу туралы талап қоюды қанағаттандырған қалдырған бөлігінде күшін жойып, талап қоюды осы бөлігінде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 109-бабының ережелеріне сәйкес жауапкерге мемлекет бюждетінен артық төленген 3250 теңге баж алымы қайтарылуға жатады, ал талап қоюшыдан сот шығындары кері өндірілуге жатпайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілері талап қоюшы Карымсакова Акмарал Турсункуловнаның жауапкер Жексенова Айгул Аманжоловнаны кешірім сұрауға міндеттеу туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінде күші жойылып, талап қоюды осы бөлігінде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жексенова Айгул Аманжоловнаның пайдасына мемлекеттік бюджеттен артық төленген 3250 (үш мың екі жүз елу) теңге баж алымы қайтарылсын. Қалған бөлігінде сот актілері күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішнара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.