6001-22-00-6ап/1733
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 6 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Д.А.Токмурзина, Ж.Б.Ермағамбетова болып, прокурор Д[...],
талап қоюшы:
жеке кәсіпкер М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Каржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне салықтық тексеру нәтижелері бойынша хабарламаға дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 маусымдағы және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдесіндегі ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жеке кәсіпкер М[...] (бұдан әрі - ЖК М[...]) сотқа «Қазақстан Республикасы Каржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2009 жылғы 30 қыркүйектегі №655 хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызбен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымымен талап арыз Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 136-бабының сегізінші бөлігінің және 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасының негізінде - оны беру мерзімін өткізіп алуына және шағымдану мерзімін қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдесіндегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылып, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты сотының ұйғарымдарының күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
ЖК М[...] кассациялық шағымының уәждерін қолдаған түсінігін, прокурордың бірінші және апелляциялық сот алқасының ұйғарымдары күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-тің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (бұдан әрі - АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.
Істі қарау барысында жергілікті соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеген.
АПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
АПК-нің 136-бабының 7-бөлігінің ережелеріне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап арызды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап арызды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
Сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіру туралы 2022 жылғы 17 маусымдағы өтінішінде талап қоюшы оны өткізіп алудың дәлелді себебі ретінде хабарламаға шағымдану қажеттілігі туралы білмегенін көрсеткен. Бұған дейін талап қоюшы салық сомасын есептеудің заңсыздығы туралы сотқа шағым түсірген.
Азаматтық кодекстің 185-бабына сәйкес талап қою мерзімін қалпына келтіру ерекше жағдайларда, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайларға (ауыр ауру, дәрменсіздік және т.б.) байланысты мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүзеге асырылады.
Тиісті талап арызбен сотқа уақтылы жүгінуді объективті түрде жоққа шығаратын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.
Іс материалдарына қарағанда, Департамент ЖК М[...] қатысты салықтық тексеру қорытындысы бойынша 2009 жылғы 30 қыркүйекте № 655 хабарламамен 1 008 607 теңге талап қоюшыға салық қарызы мен өсімпұлды есептеген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2011 жылғы 28 ақпандағы шешімімен ЖК М[...] 1 008 607 теңге салық қарызының есептелуін заңсыз деп тануды сұраған талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған сот шешімінде дауланған № 655 хабарламаны 2009 жылдың 30 қыркүйегінде алғаны көрсетілген.
ЖК М[...] дауланып отырған хабарлама туралы шыққан күнінен бастап белгілі болған, сонымен қатар оның заңдылығы туралы талабын сот қарап, апелляциялық және кассациялық сатыларының тарапынан Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2011 жылғы 28 ақпандағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде, хабарлама 2009 жылғы 30 қыркүйекте қабылданғанын, М[...] талап арызбен сотқа тек 2022 жылдың мамыр айында ғана жүгінгенін ескеріп, ӘРПК-тің 138-бабының 2- бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес қайтарылғаны негізді.
Осыған байланысты, алқа жергілікті соттардың талап қоюшың сотқа мәлімделген талап арызбен жүгіну мерзімін өткізіп алу себептерінің негізсіздігі туралы қорытындыларымен келіседі. Сотта оны қалпына келтіруге негіз болған жоқ.
Бірінші сатыдағы соттың ӘРПК-тің 138-бабы 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес өткізіп алған шағымдану мерзімін қалпына келтіруден бас тартуына байланысты талап арызды қайтаруы заңды.
Сондықтан ұйғарымдардың күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-тің 169-бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 маусымдағы және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар
Д. Токмурзина Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.