6001-24-00-6ап/1184
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 16 қаңтар
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, талап қоюшының өкілі М.А.Шабылова., жауапкер өкілі Ж.Ә.Әбдрштың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап қоюшы Асылхан Балтабаевич Ибраимбековтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы №11 тұрғын үйге мұқтаж деп тану және тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тарту шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және баянат алғаш берілген кезден бастап тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдауды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 наурыздағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.Б.Ибраимбеков сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі» РММ-нің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы №11 А.Б. Ибраимбековты тұрғын үйге мұқтаж деп тану және тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тарту шешімі заңсыз деп танылған және күші жойылған.
Жауапкерге талап қоюшы баянаты алғаш берілген кезден бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде тану және тұрғын үй төлемдерін тағайындау туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз кұщінде қалдырылған.
Жауапкер өкілі Әбдраш Ж.Ә. кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың
күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, жауапкер өкілі Ж.Ә.Әбдраштың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкер өкілі М.Ә.Шабылованың қарсылық пікірін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Төменгі саты соттары талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда талап қоюшының тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырмағандығын және ипотекалық несие бойынша өтелмеген қарызы, яғни орындалмаған міндеттемесі бар екендігін ескеріп, талап қоюшы тұрғын жайға мұқтаж деп тануға жатады деп тұжырымдаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 101-3-бабының 3-тармағының 4) - тармақшасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы) тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын құқықты іске асыру орны бойынша іске асырса тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.
Заңның 101-3-бабының 1-тармағы 1) - тармақшасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың (әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) қызметкерлері, егер олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды.
Осы тармақшаның талабы осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) - тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша орындалмаған міндеттемесі бар арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қолданылмайды.
Сонымен қатар Заңның 101-5-бабының талаптарына сәйкес, тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу; тұрғын үй
құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу мақсаттарында қолданады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы №1727 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын бекiту туралы» Қағидаларының 56-тармағының 6- тармақшасына сәйкес, қызметкер бір мекемеден екіншісіне ауысқан немесе қызмет өткеру орнын ауыстырған кезде тағайындалған ағымдағы тұрғын үй төлемдері мекеменің бірінші басшысының не уәкілетті лауазымды адамның бұйрығы шыққан күннен бастап тоқтатыла тұрады және тұрғын үй комиссиясының шешімімен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жағдайда адам одан әрі қызметін өткеру үшін келген мекеме қайта бастайды.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы А.Б.Ибраимбеков 2023 жылғы тамызға дейін «60563 әскери бөлімі» РММ-де қызмет атқарған.
2019 жылғы 30 желтоқсандағы аталған мекеменің тұрғын үй комиссиясының шешімімен талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, 2023 жылғы тамызға дейін ай сайынғы ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленіп отырған. 2023 жылғы тамызда А.Б.Ибраимбеков «Астана қаласы 61329 «З» әскери бөлімі» РММ-нің бөлім бастығының орынбасары лауазымына ауысуына байланысты ай сайынға төленіп келген ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.
Жаңа қызмет орны бойынша тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімімен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіруіне байланысты талап қоюшыға тұрғын үйге мұқтаж деп танудан және тұрғын үй төлемдерін төлеуден бас тартылған. 2000 жылғы 10 шілдедегі №3348 пәтерді өтеусіз жекешелендіру шартына сәйкес Астана қаласы арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік кеңесінің 1999 жылғы 27 қазандағы шешімі негізінде талап қоюшыға отбасы мүшелерімен бірге тұрғынжайының бұзылуына байланысты пәтер өтеусіз берілген.
Берілген тұрғынжай Астана қаласы, Абылайхан даңғылы, 8/1 үй, 18 пәтер мекен-жайында орналасқан және жалпы ауданы – 57,3 шаршы метр, тұрғын ауданы – 36,0 шаршы метр.
Астана қаласы арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік кеңесінің 1999 жылғы 27 қазандағы шешімінде «Акмола-Недвижимость» УКСу-на Иманова көшесінің жұп бөлігін, Қорқыт ата көшесінен Уалиханов көшесіне дейін жер учаскелері iздестiру жұмыстары үшiн пайдалануға және онда орналасқан тұрғын үй немесе тұрғын емес жайлардың иелерін бұзу жұмыстары туралы хабарлау жұмыстарын жүргізу үшін берілгені көрсетілген.
2013 жылғы 6 ақпандағы сатып алу – сату шарты негізінде талап қоюшымен көрсетілген пәтер А.М.Зановаға сатылған.
2020 жылғы 13 наурызда талап қоюшы мен «Астана Құрылыс Монтаж» ЖШС араларында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім шарт жасалған. Шарт бойынша пәтердің бағасы 38 597 821 теңгені құраған.
Осы пәтердің құны 2020 жылғы 16 наурыздағы банктік заемға (тұрғын үй заемын) сәйкес «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның есебінен төленген.
Құрылыс аяқталған соң 2022 жылғы 13 қаңтардағы пәтерді табыстау туралы шарты бойынша «Астана Құрылыс Монтаж» ЖШС талап қоюшыға Астана қаласы, 38 (қазіргі таңда – Әл-Фараби) көшесі, 33 үй, 161 пәтерді берген.
А.Б.Ибраимбеков 2020 жылғы қарашадан 2023 жылғы тамызға дейін ай сайынғы ағымдағы тұрғын үй төлемдерін осы банктік заем шарты бойынша қарыздарын өтеуге жұмсаған.
Осылайша, жергілікті соттармен талап қоюшының отбасылық және тұрғынжай мәселесі бойынша ешқандай өзгерістер орын алмағаны, банктік заем шарты бойынша 10 811 419,06 теңге көлемінде өтелмеген қарызы бар екені анықталған.
Істің мұндай тұрғысында, төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері жергілікті соттармен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешімі, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілі Жүрсін Әбдиахатұлы Әбдраштың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Б.Т. Нажмиденов Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс.
Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.