Қ А У Л Ы
2025 жылғы 28 тамыз №6003-25-00-2к/320 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілдері Н.С.Жумалиевтың және Б.Н.Оразалиевтың, жауапкер А.Н.Рашбектың және оның өкілі Г.Ш.Абдукаликованың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Сатенкул Абухановна Жунусова (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер Ақбота Нұрболқызы Рашбектен және Гулбахар Коишибаевна Досанбаевадан қарыз ақша өндіру, қарсы талап бойынша талап қоюшы Ақбота Нұрболқызы Рашбек қарсы талап бойынша жауапкер Сатенкул Абухановна Жунусовадан қарыз ақша өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық іс бойынша шығарылған Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) жауапкерлердің кассациялық шағымын қарап,
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер қарызға алған қаражатты қайтармай жүргенімен негіздеген.
Жауапкер А.Н.Рашбек қарсы талап қоюында талап қоюшы қарыз ақшасын қайтарудан бас тартып жүргенін көрсеткен.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына 27 000 000 теңге негізгі қарызы, өкіл қызметіне 500 000 теңге және мемлекеттік баж 270 592 теңге өндірілген, талаптың қалған бөлігін және қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Жауапкерлер кассациялық шағымда істің мән-жайлары дұрыс анықталмағанын, соттармен ақша аударымдары дұрыс есептелмегенін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 7, 272, 273-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).
Анықталғаны, жауапкерлер талап қоюшыға қолхаттар жазып беріп, онда талап қоюшыдан 28 000 000 теңге алғандығы және оны қайтаруға міндеттенетіні жөнінде көрсетілген.
Осы қолхаттар, жауапкерлер мен талап қоюшы арасындағы «WhatsApp» желісіндегі өзара хат алмасулар нотариалды дәлелдемелерді қарау хаттамаларымен бекітілсе, жауапкерлер қолхаттарды өздері жазғандарын жоққа шығармаған.
Жауапкер А.Н.Рашбектың талап қоюшыға саудамен айналысу үшін 108 550 000 қарызға бергені, соңғы оның 86 125 000 теңгесін қайтарып, қалған 22 425 000 теңгесін қайтармай жүргені жөніндегі уәждері сотта өз дәлелін тапқан жоқ, ал АПК-тің 72 бабының негізінде тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандыруға, қарсы талапты қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкерлер Ақбота Нұрболқызы Рашбектың және Гулбахар Коишибаевна Досанбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.