Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4932 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4932 (2) №6003-25-00-2к/4932 (3)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 17 наурыз

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор М[...], аудармашы Т[...]

талап қоюшының өкілі Ш[...], жауапкер К[...] және оның өкілдері А[...], К[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкер К[...] жер учаскесін алу және мемлекет қорына қайтару туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі жауапкердің өкілдері А[...], К[...] Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер К[...] жеке меншігіндегі кадастрлық №[...] жер учаскесі алынып, мемлекет қорына қайтарылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің өкілдері кассациялық шағымдарында жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жататыны жөніндегі қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі -Жер кодексі) 65-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде - оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.

Жер кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес, осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану үшін жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі.

Жер кодексінің 94-бабының 1-тармағында жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскелерін Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледі.

Іс құжаттарына қарағанда Департаментпен Алматы облысы жер қатынастары басқармасының 2024 жылғы 26 наурыздағы №37-01-10/101-И хаты негізінде, К[...] пен К[...] кадастрлық №030510129-1723 жер учаскесін мақсатына сәйкес пайдалануын тексеру үшін 2024 жылғы 8 сәуірдегі №129 жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы актісі жасалған.

2024 жылғы 16 сәуірде Департаменттің жерді пайдалану мен қорғалуын мемлекеттік бақылау жүргізу бөлімшесінің бас маманы - мемлекеттік инспектор А.К[...] облысы, [...] мекенжайы бойынша орналасқан, жалпы ауданы 5,0 га болатын кадастрлық №[...] жер учаскесіне жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Тексеру барысында нысаналы мақсаты «шаруа қожалығын жүргізуге» арналған кадастрлық №[...] жер учаскесінде құрылыс (глэмпинг) объектілері орналасқандығы анықталып, 2024 жылғы 16 сәуірде К[...] тексеру нәтижесі туралы акт және 3 ай мерзімде Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы №129 нұсқамасы табыс етілген. Сонымен қатар, Департаменттің мемлекеттік инспекторының заңды күшіне енген 2024 жылғы 26 сәуірдегі қаулысымен жауапкер К[...] Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 339бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жауапқа тартылып, оған тиісінше айыппұл салынған.

Іс құжаттарымен К[...] көрсетілген бұзушылықтарды жоймағаны, жер учаскелерін мақсаты бойынша пайдаланбағаны және нұсқаманы уақытында орындамағаны толық анықталған. Көшпелі сот отырысында, жер учаскесінде бірнеше құрылыстар бар екені анықталған.

Азаматтық істі соттарда қарау барысында К[...] жер учаскелерін мақсаты бойынша, яғни шаруа қожалығын жүргізбей, жер заңнамасын бұза отырып пайдаланғаны өз дәлелін тапқан.

Жауапкер өкілдері кассациялық шағымдарындағы К[...] даулы жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалануда, онда ауыл шаруашылық өндірісінің саласы - бал ара шаруашылығымен айналысуда деген уәждер келтірген.

Алайда, қазіргі қолданыстағы жер заңнамасымен бал ара шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалану тәртібі қарастырылмағандықтан, жауапкердің бал ара шаруашылығымен айланысуы оның жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланғанына дәлел бола алмайды.

Сонымен қатар, кассациялық шағымдардағы жауапкер жер учаскесін «глэмпинг» (экоотель) ретінде пайдаланбаған деген уәждерді назарға алуға болмайды. Өйткені, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңында және туризм саласындағы нормативтік актілерде «глэмпинг» терминінің анықтамасы қарастырылмаған. Демек, Департаменттің тексеру материалдарында «глэмпинг» терминінің қолданылуы даулы жер учаскесінде нақты экоотель орналасқанын білдірмейді және жалпы бұл термин даулы жер учаскесінде демалуға арналған құрылыс болғанын көрсетеді.

Азаматтық істі кассациялық сатыда қарау барысында 2025 жылғы 23 қаңтардағы шегініс туралы шартқа сәйкес, жауапкер К[...] қарыз беруші Р[...] алдындағы 4 миллион теңге қарызы үшін соңғыға даулы жер учаскесін бергені анықталған. Бұл аталған шарт дауланбаған. Істің бұл тұрғысында әзірге сот шешімімен даулы жер учаскесін мемлекет қорына

қайтару мүмкіндігі жоқ. Сондықтан сот шешімінің қарар бөлігінен жер учаскесін мемлекет қорына қайтару туралы сөздер алынып тасталынуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 21 қаңтардағы шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Шешімнің қарар бөлігінен «және мемлекет қорына қайтаруды» деген сөздер алынып тасталынсын.

Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.