Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4186 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4186

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 9 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, С.С.Абдигалимов болып,

талап қоюшы А.М.Зайнетовтың, өкілі М.К.Даулеталиннің,

жауапкерлер өкілдері Д.Д.Жумангазиннің, К.Б.Тайгужиеваның, Н.Т.Еренованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Аслан Манатович Зайнетовтың жауапкерлер «Samruk Business Academy» жеке мекемесіне, «Казақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ембі аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақасын, моральдық зиянды өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдарылған, Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі шешімімен А.М.Зайнетовтың аталған талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына негізделіп, сот актілерінің күшін жою сұралған. Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Кассациялық сотпен АПК-тің 449-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде, тек iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығы тексерілді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 9)тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық,

уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №9 нормативтік қаулысының 21-бөлігінде жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайында болған, сонымен қатар алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайын туғызатын заттарды жұмыс күні ішінде пайдаланған кезде еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша (Еңбек кодексінәң 52-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшалары) бұзылуы мүмкін. Еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу үшін жұмыскердің осындай жағдайға байланысты жұмыстан шеттетілгеншеттетілмегенінің маңызы болмайды.Жұмыскер жұмыс уақытында өзінің жұмыс орнында емес, өзі жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша еңбек функциясын орындауға тиіс болатын ұйымның немесе объектінің аумағында осындай жағдайда болған немесе көрсетілген заттарды пайдаланған кезде де еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу орын алуы мүмкін. Жұмыскердің мас күйі медициналық қорытындымен расталуға тиіс деп нақты көрсетілген.

А.М.Зайнетов 2022 жылғы 7 қарашада «Samruk Business Academy» жеке мекемесіне қазандық қондырғылардың операторы лаузымына жұмысқа қабылданып, «Казақойл Ақтөбе» ЖШС-нің нысандарында вахталық әдіспен жұмыс жасаған.

2024 жылы 13 қарашада сағат 18:30-дар шамасында жұмыс орнында А.М.Зайнетовтің «Қожасай» кен орнында газды дайындау учаскесінде есірткі затын қолданғаны анықталып, соңғыға «Ембі аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында медициналық куәландыру жүргізіп, нәтижесінде каннабиноидтар метаболиттері және каннабиноидтар тұтынуының әсерінен болған оның есірткілік масаң күйі белгіленген.

Жұмыс берушімен 2024 жылғы 21 қарашадағы №2111-03 бұйрығымен А.М.Зайнетовпен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 1- тармағының 9)-тармақшасы негізінде еңбек шарты бұзылған.

Талап қоюшыға жауапкердің әрекеттері немесе әрекетсіздіктерінен моральдық зиян келмеген.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіседі, себебі соттың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Соттың тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі өздігінен дауланған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

А.Есдаулетов

С.С.Абдигалимов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.