ВС РК - Постановление от 01.08.2023 по делу 6001-23-00-3гп/300 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/300

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 1 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.Қ.Сұлтанов судьялар Е.Ж.Айтжанов, М.Ж.Бектұрғанов,

талап қоюшы «Ш[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі - Қ[...]) өкілі – Ж[...], жауапкер «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) өкілі – Б[...], аудармашы Т[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Қ[...] жауапкер Серіктестікке 2021 жылғы 20 мамырдағы №31 ауылшаруашылығы техникасын сатып алу-сату шарттың (бұдан әрі - Шарт) талаптарына және техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін жиынтықталмаған техниканың жетпейтін құралдарын жеткізуге міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымдарын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Ж[...] өтінішхаты бойынша электрондық іс құжаттарын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Қ[...] Серіктестікке қатысты сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, уәждерін Шарт талаптарының тиісінше орындалмағанымен негіздеген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымымен талап қою қабылдаудан бас тартылған.

Арызданушы көрсетілген сот ұйғарымдарымен келіспей, соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қабылдау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберуді сұраған.

Кассациялық сот алқасы өтінішхат уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілі Ж[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған Серіктестік өкілі Б[...] пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат келесі негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол берген.

Іс құжаттарына қарағанда, тараптар арасында Шарт жасалып, оның №1 қосымшасына сәйкес Серіктестік Қ[...] ООО «ЗК[...]» (Украина) өнімін жеткізіп беруге міндеттенген.

2021 жылғы 28 мамырда Қ[...] толық көлемде төлем жасап, Серіктестік тауарды 2021 жылғы 2 және 30 шілдеде жеткізген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 408-бабына сәйкес сатушы шартта көзделген тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы тауарды берумен бiрге сатып алушыға оның керек-жарақтарын, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген, соған қатысты құжаттарды (тауардың жиынтықтылығын, қауіпсіздігін, сапасын, пайдалану тәртiбiн және т.б. куәландыратын құжаттарды) беруге мiндеттi.

Алайда жауапкер заң талаптары және Шартта көзделген міндеттемесін бұзып, оның талаптарына және техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін жиынтықталмаған техниканы жеткізген.

Осы мән-жайлар Қ[...] сотқа жүгінуіне негіз болған.

АПК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасында егер арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса судья талап қоюды қабылдаудан бас тартатыны көзделген.

Жергілікті соттар, осы норманы басшылыққа алып, талап қоюды қабылдаудан бас тарту туралы тұжырымын міндеттемені мәжбүрлі түрде орындату заңмен көзделмегеніне, заң талабымен міндетемелер орындалмаған жағдайда құқығы бұзылған адам келтірілген залалдың өтелуін немесе келтірілген зиян мен шығынды сұрап алатынына негіздеген. Алайда кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды деп табады. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар екені Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағында бекітілген.

Бұл конституциялық қағида «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, сондай-ақ азаматтық процестік заңнамада көрініс тапқан.

Аталған Конституциялық заңның 2-бабына сәйкес әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.

Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.

Сонымен бірге, АПК-нің 8-бабының 1-бөлігінде әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы екені қарастырылған.

Жалпы ереже бойынша талап қоюшы азаматтық құқықтық қатынастардың қатысушысы ретінде өзінің болжамды бұзылған құқықтарын қорғаудың тәсілін өз бетінше айқындап сотқа жүгінген. Бұл ретте талаптың негізділігін мәні бойынша талқылауға кіріспей, талап қоюшымен дербес таңдалған құқықтарын қорғау тәсілінің дұрыс таңдалмағанына нұсқап, талабын қабылдаудан бас тартқан соттар оның сот төрелігіне қол жеткізуге конституциялық құқығын шектеген. АПК-нің 5-бабының 2-бөлігімен азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулілігіне қарай шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкелетіні анықталған.

Мұндай жағдайда сот алқасы өтінішхат уәждері негізді деген қорытындыға келеді. Жіберілген бұзушылықтар елеулі болып табылады, өйткені олар талап қоюды сот өндірісіне қабылдаудан заңсыз бас тартуға және талап қоюшының сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізу құқықтарын шектеуге алып келген.

Өз кезегінде бұл мән-жайлар, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды бірінші сатыдағы сотқа қабылдау сатысынан жаңадан қарауға жіберуге әкеп соғады.

Жаңадан қарау барысында талап қоюға қоса берілген құжаттарды жанжақты және жиынтығында зерделеп, оларға тиісті құқықтық баға беру және АПК-нің талаптарына сәйкес келетін заңды және әділ процестік шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы талап қою бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымдарының күші жойылсын. Іс құжаттары Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап қоюды қабылдау кезінен басқа сот құрамында қайта қарау үшін жолдансын.

Талап қоюшы «Ш[...]» шаруа қожалығының өкілі Ж[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Н. Сұлтанов

Е. Айтжанов

М. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.