№6003-25-00-2к/1638
№6003-25-00-2к/1638 (2) ҚАУЛЫ
2025 жылғы 21 қазан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің, аудармашы Г.Н.Нурланованың,
талап қоюшы өкілі Н.В.Отчиктің, жауапкер М.З.Цуровтың өкілі А.Ж.Калиеваның, жауапкерлер З.М.Цуровтың, М.М.Цурованың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы
ашық сот отырысында Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Мекеме) жауапкерлер Мухарбек Закриевич Цуровқа, Маддан Хаджмуратовна Арсельговаға, Фатима Мухарбековна Цуроваға, Тимур Мухарбекович Цуровқа, Марьям Мухарбековна Цуроваға, Залина Мухарбековна Цуроваға, Зелемхан Мухарбекович Цуровқа, Макка Хамидовна Муталиеваға өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі талап қоюшының және жауапкер өкілінің Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жауапкерлерге жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №47Б үй, кадастрлық нөмірі 21-318-029-411, жалпы ауданы 0,0678 га жер учаскесі (бұдан әрі - Объект) мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Мекемеден М.З.Цуровтың пайдасына алынған жер учаскесінің өтеуі ретінде 128 665 124 теңге өндірілген.
Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін М.З.Цуров және онымен бірге тұрып жатқан азаматтар М.Х.Арсельгова, Ф.М.Цурова, Т.М.Цуров, М.М.Цурова, З.М.Цурова, З.М.Цуров, М.Х.Муталиева, М.Х.Тумгоев, А.И.Евлоев, А.И.Евлоев, М.Х.Тумгоев, А.Т.Цурова, А.И.Евлоев, С.Т.Цуров, И.Х.Тумгоев және М.Т.Цуровты Объектіден мәжбүрлеп шығаруға шешім етілген.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, тараптардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот қаулысымен келіспей, оны өзгертіп, Объект үшін төленетін өтемақыны 128 665 124 теңгеден 93 018 285 теңгеге дейін азайтуды сұраған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сотқа жаңадан қарауға жолдауды, Объектінің нарықтық құнын анықтау үшін қайтадан құрылыс-тауартану сараптамасын тағайындауды сұраған.
Тараптар өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, прокурордың сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі -Заң) 67-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылдың 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфулин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесі «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Алынатын жер учаскесінің шекараларына М.З.Цуровтың меншік құқығындағы Объект енеді.
Заңның 64-бабына сәйкес, 2024 жылғы 13 тамызда М.З.Цуровқа жеке меншік құқығында тиесілі жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататындығы туралы 2024 жылғы 13 тамыздағы хабарламасы тапсырылған.
Талап қоюшы 2024 жылғы 4 қыркүйекте «Дом Оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (бұдан әрі -ЖШС) жасалынған №0335/24-ASTANA мүлікті бағалау есебі бойынша анықталған 93 018 285 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы сомасы М.З.Цуровқа ұсынылған.
Жауапкер бұл өтемақы сомасымен келіспегендіктен, бірінші сатыдағы сот сараптамасын тағайындаған.
2025 жылғы 6 қаңтардағы «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің сот сараптамасының №С.138-12.24 қорытындысы бойынша даулы жер учаскесінің және жылжымайтын мүлік объектілерінің, көпжылдық екпелердің заңда көзделген барлық сараптама жүргізу талаптарына сәйкес анықталған нарықтық құны 128 665 124 теңгені құрайды.
Жергілікті соттар бұл сараптама қорытындысымен келісіп, сарапшының зерттеу әдістемелерін дұрыс қолданғанын, салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда ұқсас аналогтарды пайдаланғанын, қорытынды «Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау» стандартына сәйкес келетінін дұрыс негізге алған.
Істі соттарда қарау барысында сот сараптамасының қорытындысына күмән келтіретін мән-жайлар анықталмаған. Сондай-ақ, тараптардан осы қорытындының негізсіздігі туралы өтінішхаттар түспеген.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Сондықтан жергілікті соттар аталған сот сараптамасын орынды негізге алған.
Соттардың ақшалай өтемақы төленгеннен кейін жауапкерлерді тұрып жатқан Объектіден мәжбүрлеп шығару туралы тұжырымдары да Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстің 249-бабының талаптарына сәйкес келеді.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Объектінің нарықтық құны ретінде 128 665 124 теңге өтемақы өндіру туралы тұжырымы дұрыс.
Тараптардың кассациялық шағымдарында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымдарда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Тараптардың іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Тараптардың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: А.Тлеубаева В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.