6003-26-00-2к/659
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.О.Тогумбетова, А.Қ. Тлеубаева,
прокурор А.Е. Қадылбековтың, талап қоюшыны өкілі С.Х. Тастыбайдың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер Татьяна Валентиновна Ларцоваға ақшалай өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару, ақшалай өтемақы төленгеннен кейін үйден шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Сот шешті:
Татьяна Валентиновна Ларцоваға 23 127 411 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» баубақша серіктестігі, Тимирязева көшесі 132 учаске, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-335-104-833, жалпы ауданы 0,0940 га жер учаскесі және онда орналасқан құрылыс мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылсын.
Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін Татьяна Валентиновна Ларцова Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» баубақша серіктестігі, Тимирязева көшесі 132 үйден шығарылсын.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 19 430 531 мөлшерінде айқындауды сұраған.
Жауапкерден кассациялық шағымды өзінің қатысуынсыз қарау және оны қанағаттанырусыз қалдыру туралы өтініш түсті.
Кассациялық сот талап қоюшының өкілін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 20 желтоқсан №510-3918 қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Нұра» ауданы, Ш. Айтматов көшесі және Қорғалжың тас жолы қиылысы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 2,4068 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін «Әкімшілік ғимараты» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Жауапкер Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» баубақша серіктестігі, Тимирязева көшесі 132 учаске, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-335-104-833, жалпы ауданы 0,0940 га жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Талап қоюшымен жауапкер арасында келіссөздер жүргізіліп, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің нарықтық құнына бағалау жүргізілуі ұйымдастырылып, иеліктен шығарылуға жататын мүлікке 18 643 813 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсыныған.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған сот-тауартану сараптамасы қорытындысына қарағанда, Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» баубақша серіктестігі, Тимирязева көшесі 132 учаске, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-335-104-833, жалпы ауданы 0,0940 га жер учаскесінің қазіргі уақыттағы бағалау жүргізу күніндегі нарықтық құны 23 127 411 теңге құрайған. Сот алынатын жылжымайтын мүліктің бағасын айқындау кезінде сот сарапшылардың 2025 жылғы 13 маусымдағы №С.83-05.25 қорытындысын назарға алған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда
мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сот сарапшылардың қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшылармен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Сарапшылардың бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін кадастрлық нөмірі 21-335104-833 құның 23 127 411 теңге деп анықтауы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 маусымдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Л. Мамырбаева
Судьялар А.Тогумбетова
А. Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.