ВС РК - Постановление от 24.02.2021 по делу 6001-21-00-3гп/22 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/22

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 24 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – сот алқасының төрағасы М.Таймерденов, судьялар Р.Қуанышбаева, Б.Мақұлбеков,

талап қоюшы У[...], оның өкілі С[...], жауапкер С[...], оның өкілі Н[...], өкілетті органның өкілі Ж[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкерлер С[...], С[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөліміне (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорациясы) жер учаскесінде заңсыз салынған қоршаудың іргетасы мен дуалын бұзу, құрылыс материалдарын өз есебінен алып кету және жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін қалпына келтіру міндетін жүктеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысына жауапкер С[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

У[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, жауапкерлерге қатысты өз талаптарын қанағаттандыруды сұраған.

Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

С[...] мен С[...] Түркістан қаласы, [...] жер учаскесінде заңсыз салынған қоршаудың іргетасы мен дуалын бұзып, құрылыс материалдарын өз есебінен алып кету және Мемлекеттік корпорациясына кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін қалпына келтіру міндеті жүктелген.

Арыз беруші өтінішхатта іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, істі қарау барысында материалдық құқық нормалары бұзылуына байланысты дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Өтінішхат уәждерінде У[...] даулы жер учаскесіне меншік құқығы тіркелмегенін және пайда болмағанын, сондықтан кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі құрылыстарды өз есебінен бұздыруға құқығы жоқ екенін және талап қоюшының жер учаскесінің мекенжайын айқындау барысында оның атына жер учаскесі тіркелмегеніне қарамастан жылжымайтын мүліктің тіркелгені туралы ақпарат не себепті берілгені белгісіз екенін көрсеткен.

Талап коюшы У[...] мен оның өкілі С[...] өтінішхатқа берген қарсы пікірлерінде апелляциялық қаулы заңды және негізді қабылдануына байланысты, оны күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) жауапкер мен оның өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсініктерін, талап қоюшы мен өкілінің өтінішхатқа қарсылығын, өкілетті орган өкілінің апелляциялық қаулының орындалуы түсiнiксiз екені туралы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерттеп және өтінішхат уәждерін зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, 2007 жылғы 7 желтоқсанда У[...] Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1-квартал, 7-көше, 6-учаскесі мекенжайындағы жалпы көлемі 1000 шаршы метр жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы Түркістан қаласы әкімдігінің № 7379 қаулысы қабылданғанымен, мемлекеттік тіркеуден өтпеген.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - құрылыс бөлімі) 2019 жылғы 12 қыркүйектегі № 183 бұйрығымен У[...] жер учаскесі мекенжай тіркелімінде Түркістан қаласы, [...] мекенжайы болып тіркелген (бұдан әрі – даулы жер учаскесі), тіркеу коды № 2201900181718040.

Түркістан қаласы әкімінің жанындағы жер қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның 2019 жылғы 23 қазандағы № 1961 хаттамасымен жерге орналастыру жобасы дайындалған.

2019 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекеттік корпорациясы У[...] даулы жер учаскесі координаттар тізімдемесіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің

графикалық бөлігінде кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесімен беттесетіндіктен сәйкестендіру актісін жасаудан бас тартқан.

Ал, С[...] Түркістан қаласы Иассы ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 5 желтоқсандағы № 530 шешімімен Түркістан қаласы, Иассы ауылы аумағынан тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінген. Осы әкімдіктің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 1472 қаулысымен С[...] Түркістан қаласы, [...] мекенжайында орналасқан тұрғын үй құрылысы үшін берілген алаңы 1000 шаршы метр жер учаскесіне жеке меншік құқығы беріліп, жер учаскесіне кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Құрылыс бөлімінің 2017 жылғы 18 қазандағы № 138 бұйрығымен мекенжай тіркелімінде Түркістан қаласы, [...] мекенжайы болып енгізіліп, 2018 жылғы 28 наурызда мемлекеттік тіркеуден өткен, тіркеу коды № 0201700067430968.

Өз кезегінде, С[...] аталған жер учаскесін 2019 жылғы 31 қазандағы сыйға тарту шарты негізінде С[...] сыйға тартқан.

Бірінші сатыдағы сот даулы жер учаскесіне С[...] меншік құқығы У[...] бұрын пайда болғандықтан және соңғының жер учаскесіне меншік құқығы туындамағандықтан, талапты негізсіз деп тапқан.

Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот, қойылған талаптарды қанағаттандыру туралы жаңа шешімін жауапкерге жер учаскесі басқа мекенжай бойынша берілгендігімен негіздеген.

Жергілікті соттардың мұндай тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалғандықтан, сот алқасы олармен келісе алмайды.

Сот алқасы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы нақты дұрыс айқындалмаған және анықтау үшін жеткілікті шаралар қабылданбаған деп санайды.

Апелляциялық сатыдағы сот шешім қабылдау барысында Құрылыс бөлімінің С[...] табыс етілген Жабағалы көшесі, 4 «А» мекенжайындағы жер учаскесінің реттік нөмірі дұрыс берілмегенімен және даулы жер учаскесі Жабағалы көшесі, 6 мекенжайы болып белгіленгені туралы хатымен негіздеген.

Сонымен бірге, апелляциялық сатыдағы сот жауапкердің жер учаскесі Жабағалы көшесі, 4 «А», ал У[...] жер учаскесі Жабағалы көшесі 6 мекенжайларында орналасқан деп анықтап, Мемлекеттік корпорациясымен жауапкердің жер учаскесі талап қоюшының жер учаскесіне негізсіз орналастырылған деген тұжырымға келген.

Алайда, іс материалдарына бұл тұжырымды растайтын осы жер учаскелердің жер-кадастрлық істерінің көшірмелері, сондай-ақ Жабағалы көшесіндегі үйлердің бекітілген нөмірленуі мен олардың кадастрлық нөмірлеріне сәйкестігі туралы осы тұрғын ауданның жоспары тіркелмеген.

Сонымен қатар, жауапкердің жер учаскесінің мекенжайына не себепті қосымша әріп қосылып белгіленгендігі және оның нақты орналасқан жері туралы мәліметтер анықталмаған.

Бұдан бөлек, соттармен У[...] жер учаскесін беру туралы әкімдіктің 2007 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысының орындалғаны, соңғымен жер учаскесінің орналасқан орны бойынша шекаралары мен межелік белгілерін айқындау жұмыстары жүргізілгендігі, сәйкестендіру құжаты дайындалғаны және Жер кодексінің 43-бабында көзделген басқа да шаралар жүргізілгендігі туралы құжаттар зерттелмеген.

Істің мұндай тұрғысында осы іс бойынша қабылданған сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды, сондықтан сот шешімі мен апелляциялық қаулының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарау үшін жіберілуге жатады.

Істі қайта қараған кезде, бірінші сатыдағы сот аталған кемшіліктерді жойып, іске әкімдіктің өкілін қатыстырып, тараптардың уәждерін жан-жақты тексеріп, істің мән-жайларын толық анықтап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беріп, дауды қолданыстағы материалдық және процестік заңнамасына сәйкес қарап, шешім қабылдауы қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс басқа сот құрамында жаңадан қарау үшін Түркістан қалалық сотына жолдансын.

Жауапкер С[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Таймерденов Судьялар Р.Қуанышбаева Б.Мақұлбеков

Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.