ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 тамыз 6003-25-00-4к/1623 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова болып,
жауапкердің өкілі Қ.Ж.Нұрмановтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Айнагуль Идирисовна Сейтасанованың жауапкер Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 10 қыркүйектегі №01-35/2542 хатына, 2024 жылғы 10 қыркүйектегі №175 актісі мен сызбасына дау келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі ұйғарымымен А.И.Сейтасанованың талап қоюы қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы А.И.Сейтасанованың кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот отырысында жауапкердің өкілі кассациялық шағыммен келіспейтіндерін білдіріп, оны қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Өзге тұлғалалар сот отырысының күні, уақыты және өткізу форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгенімен, сот отырысына келмеді, сотқа өздерінің келмеу себептері туралы мәлімет берген жоқ.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы А.Сейтасановаға тиесілі Қызылорда қаласы, К.Байсеитова көшесі, 89 үй мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесінің шекара шегінен тысқары шығып, мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін заңсыз иеленіп, асылма (навес) жүргізілгені анықталды деп акті түзіліп, сызба жасалынған.
Жауапкер аталған мән-жайды көрсетіп, Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару Департаментіне А.Сейтасановаға қатысты әкімшілік жаза қолдану үшін хат жолдаған.
Сол себепті талап қоюшы мен дауланған акт мен сызбаға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі – ӘҚБтК) көзделген тәртіппен қаралатын іс бойынша дәлелдеме ретінде баға берілуге жатады.
ӘҚБтК-нің 784-бабының 2,3 бөліктеріне сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады.
Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарын келесі
негіздер бойынша заңды әрі негізді деп есептейді.
ӘҚБтК-нің 44-тарауының 827-бабының 1-тармағына сай әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) және (немесе) шешімімен құқықтары мен бостандықтары тікелей қозғалатын адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуы, сараптама тағайындау және оны жүргізу тәртібі бойынша заңның бұзылуына, өзге де әрекеттерге (әрекетсіздікке) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың нәтижелері бойынша және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым (наразылық) бойынша қабылданатын шешімдерді қоспағанда, шешімдердің қабылдануына жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.
ӘРПК-нің 3-бабының 7-бөлігінің 2) тармақшасы бойынша іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. Істің бұл тұрғысында соттардың талапты қайтаруы заңға сәйкес қабылданған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 427-бабының 3- бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
– ӘРПК нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Айнагуль Идирисовна Сейтасанованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші
Судьялар
Д. Әбдіғалиев
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.