№6001-22-00-6ап/2638
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 4 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Н.Ү. Қайыпжан,
судьялар Г.Б. Дуйсенбаев, Г.К.Нұрбаев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Н[...] алимент берешегін өндірмеу әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 тамыздағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 қазандағы қаулысына жауапкердің өкілі Н[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде ЖСО Н[...] әрекетсіздігінен борышкер Т[...] өндірілуге жататын алимент бойынша берешегі өндірілмегенін көрсеткен.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Өндіріп алушы Т[...] борышкер Т[...] кәмелетке толмаған баланы асырап-бағу үшін алимент өндіру туралы атқарушылық өндіріс бойынша борышкерден алимент берешегін өндіруде ЖСО Н[...] әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкердің өкілі Н[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждерін және іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен бекітілген медиациялық келісімге сәйкес Т[...] 2016 жылы 23 маусымда туған Т[...] әкесі екендігі анықталып, оны асырап бағуға талап қоюшының пайдасына 2016 жылғы 18 тамыздан бастап табысының ¼ бөлігіндегі мөлшерде алимент өндірілген.
2019 жылы 29 сәуірде ЖСО Н[...] атқарушылық іс қозғап, өндірісіне қабалдаған, ал 2019 жылғы 8 қыркүйегінде борышкер Т[...] жалақысынан және өзге де табысынан 25 % мөлшерінде алимент ұстау туралы қаулы қабылданған.
Атқарушылық өндірісі органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес борышкерке міндетті зейнетақы жарналары аударылған, өз кезегінде ЖСО борышкерге зейнетақы жарналарын аударған заңды тұлғаларға атқару парағын жолданғаны туралы атқарушылық өндірісінде мәлімет қамтылмаған.
«Атқарушылық өндіріс және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32, 61, 99 баптарына сәйкес алимент бойынша берешек тоқсан сайын анықталу қажет.
Алайда, ЖСО 2019 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылғы наурыз айына дейін берешекті бір-мезетпен есептеп, 2022 жылғы ақпан айына берешегі - 322 719 теңге қашан пайда болғандығын анықталмаған.
Сонымен қатар, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 171-бабының 1-тармағына сәйкес тұрақсыздық айыпақы есептелетіндігіне қарамастан, ЖСО борышкердің алимент бойынша берешегіне мұндай әрекеттер іске асырмаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, іс бойынша алиментті өндіруге бағытталған талаптарды ЖСО толығымен заң жүзінде орындамағанын, кәмелет жасына толмағанның құқығы бұзылғанын, оған дәлел ретінде атқарушылық іс жүргізу материалы екенін, алиментті төлемегені үшін нақты әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесіне нәтижесі жоқтығымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымы заңды әрі негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні жергілікті соттардың сот отырысында берілген түсіндірмелерімен және қорытындыларымен дәйектелген. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттар тиісті құқықтық баға берген.
Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 тамыздағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілі Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Г. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.