ВС РК - Постановление от 04.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2542 (Административное)

6001-23-00-6ап/2542

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы Д[...], оның өкілі Қ[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) 2022 жылғы 19 қазандағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін ішінара заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысына жауапкер өкілінің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап арыз толық қанағаттандырылған. Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының Д[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттері заңсыз деп танылған.

«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Д[...] тұрғын үйге мұқтаж тізіміндегі кезегі қайта қалпына келтіру міндеті жүктелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшы Д[...], оның өкілі К[...] кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Д[...] 2012 жылы 16 қарашада халықтың әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тобындағы мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар санаты бойынша тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне №4101 кезегі бойынша тұрған.

Тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 19 қазандағы хаттамасына сәйкес Д[...] қызы Б[...] мүгедектік санаты 3-ші топқа өтуіне байланысты, тұрғын үйге мұқтаж адамдар тізімінен шығарылған.

Талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығарылғанын көрсетіп, сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 67-бабы 1-тармағына сай коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі.

Заңның 68-бабы 2) тармағына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар жатады.

Жергілікті соттармен істі қарау барысында 2023 жылы 01 ақпанда Департаментпен көзбе-көз куәландыру жүргізіліп, медициналық-әлеуметтік сараптама актісі негізінде Б[...] «екінші» топтағы мүгедектік туралы анықтама 2 жыл мерзімге берілгені анықталған.

Аталған анықтама негізінде Д[...] 2023 жылғы 8 ақпанда Басқармаға тұрғын үйге кезекті қайта қалпына келтіру арызбен жүгінген.

Алайда, Басқармамен 2023 жылғы 28 ақпанда талап қоюшының аталған арызына Департаменттің берген Б[...] 2-ші топтағы мүгедектік анықтамасы 2022 жылғы 17 қазандағы тұрғын үй комиссиясының №1/7 хаттамалық шешімінен кейін берілгендігін алға тартып, тұрғын үйге кезекті қайта қалпына келтіру мүмкіншілігі жоқ екендігі туралы жауапхат жолданған. ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Басқарма тарапынан ӘРПК-де көзделген әкімшілік рәсімдердің әділдік және мөлшерлестік қағидаттары бұзылған деген тұжырымға келген. Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Г.К. Нұрбаев Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.