№6001-24-00-6ап/3670
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, талап қоюшының өкілі Б.К.Сейдалиевтің,
жауапкердің өкілі А.У.Тынымбаеваның қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2024 жылғы 27 мамырдағы № 30-НҚ бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешімі мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «ARTSPORT.KZ» республикалық қоғамдық бірлестіктің келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Басқарма жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Департаменттің 2024 жылғы 23 қаңтардағы бұйрығы негізінде 2024 жылғы 26 қаңтардан 23 сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 194-бабы 2- тармағының 8) және 9) - тармақшаларында көзделген бұзушылық белгісі бойынша Басқармаға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылушылығына тергеп-тексеру жүргізілген.
Тергеп-тексеруді жүргізуге 2023 жылғы 13 желтоқсанда түскен «Kinder» ЖШС-ның арызы негіз болған.
Арызда Астана қаласының әкімдігі екі жыл ішінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар бойынша қызмет көрсететін әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін дұрыс қарастырмағандығын, нәтижесінде барлық ваучерлер тек қолданыстағы өнім берушілер арасында таратылып отырғандығын хабарлаған.
2023 жылғы 15 желтоқсанда Департамент Басқарманың атына іс әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу туралы хабарлама жіберген. Осы хабарламаның орындалмауына байланысты Департамент тергеу жүргізген.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Департамент Басқарманың ісәрекеттерінде Кодекстің 194-бабы 2-тармағының 8) және 9) тармақшаларында көзделген бұзушылық фактілерін анықтаған.
2024 жылғы 19 наурызында Департамент Басқармаға тергеу нәтижелері бойынша қорытынды жобасын ұсынған.
2024 жылғы 27 наурызында Басқарма қорытынды жобаға қарсылы қты келісім комиссиясының қарауына жолдаған.
2024 жылғы 23 сәуірінде келісім комиссиясының отырысы өткізіліп, оның шешімі бойынша қорытынды жобасын қолдау ұсынылған.
Департаменттің 2024 жылдың мамыр айының 27-і күнгі №30-ОД бұйрығы негізінде тергеп-тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті лауазымды тұлғалардың қорытындысы бекітілген. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Департамент талап қоюшының ісәрекеттерінде Кодекстің 194-бабы 2-тармағының 8) және 9) тармақшаларында көзделген бұзушылық фактілерін анықтаған.
Бұйрықтың 2- тармағына сәйкес Департаменттің бәсекелестікті қорғау бөлімі Тергеу объектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау; 3- тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын жою үшін Тергеу объектісіне нұсқама енгізу бұйырылған. Басқарма аталған әрекеттермен келіспей, сотқа жүгінген. Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, Басқарманың мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру тәртібін сақтамауына байланысты өнім берушілердің жекелеген субъектiлерiне, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға қатысқысы келетін әлеуетті өнім берушілерге қатысты артықшылық жағдайға қоятын артықшылықтар беру арқылы тауар нарығындағы бәсекелестікті шектеуге әкелді деген тұжырымға келген. Қабылданған бұйрықтың негіздері мен дәлелдемелері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, уәкілетті лауазымды тұлғалардың қорытындысымен бекітілген.
Бұл жағдайда жергілікті соттармен талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 тамыздағы шешімі мен Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «ARTSPORT.KZ» республикалық қоғамдық бірлестіктің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.