ВС РК - Постановление от 08.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/793 (Административное)

6001-24-00-6ап/793

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 8 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Ө. Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

талап қоюшының өкілдері А.Ж.Зеевтің, Б.Т.Тленшиннің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Еңбек инспекциясы) 5 шілде 2023 жылғы №03РУ-06 нұсқамасының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешіміне, Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы 2023 жылғы 5 шілдедегі нұсқаманы заңсыз деп тану туралы Еңбек инспекциясына қатысты әкімшілік талап қойып, сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Аталған әкімшілік істі қарау нәтижесі бойынша 2023 жылғы 10 қазанда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен Еңбек инспекциясының тарапынан орын алған заң бұзушылықтар туралы жеке ұйғарым шығарылған.

Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы және ұйғарымымен бірінші сатылы сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың актілерінің күшін жойюды сұраған. Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған мүдделі тұлға Бақытжан Тлесбайұлы Тлесбай сот отырысына келмеген.

2025 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 114-бабының 2-тармағына сәйкес, жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысының м.а. Ж.Мақұлбаев өтінішімен аталған істі мәні бойынша жауапкердің қатысуынсыз қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілдерінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақ стан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай - АПК) ережелерімен белгіленеді.

АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтар анықталмады.

Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Б. Тлесбай Департамент 2022 жылғы 26 шілдедегі №20-Т бұйрығымен (бұдан әрі-№20-Т Бұйрық) мемлекеттік лауазымын төмендету түрінде» тәртіптік жаза қолданылған.

Департаменттің 2022 жылғы 26 шілдедегі №187-Ж (бұдан әрі - №187- Ж Бұйрық) Б.Тлесбай атқарып отырған лауазымынан босатылып, осы басқарманың төмен тұрған құқықтық және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындау туралы бұйрық шыққан.

Б.Тлесбай қолданылған тәртіптік жазамен келіспей Шымкент қаласының Абай аудандық сотына талап қою арызымен жүгінген.

Нәтижесінде, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 26 қазан 2022 жылғы шешімімен Б.Тлесбайдың талап қою арызы толығымен қанағаттандырылып, ол 14 ақпан 2023 жылдан бастап қызметіне қайта орналасқан.

2023 жылғы 21 маусымдағы №129 тексеруді тағайындау туралы актіге сәйкес Еңбек инспекциясы Б.Тлесбайдың өтініші негізінде 2023 жылғы 22 маусымнан 2023 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде Департаментке қатысты тексеру жүргізілді.

2023 жылғы 5 шілдеде тексеру қорытындысы бойынша акт түзілген.

2023 жылғы 5 шілдеде Еңбек инспекциясы Департаментке қатысты Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы №03РУ-06 нұсқама шығарған.

Даулы нұсқамаға сай Департамент Еңбек кодексінің 161-быбы 1- тармағының талаптарын орындап, Б.Тлесбайға 2022 жылғы 27 шілде мен 2023 жылғы 14 ақпан аралығындағы бос жүруге мәжбүр болған алты айлық мерзімге 1 733 666 теңге мөлшеріндегі жалақысын төлеуге міндеттелген.

Жергілікті соттар дауды шеше және талап арызды қанағаттандыра отырып, Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағының ережелерін басшылыққа алып, бұйрық заңсыз деп дұрыс қорытындыға келді, өйткені қызметкерді жалақысы төмен лауазымға заңсыз ауыстырған жағдайда, тек қызметкер заңсыз жұмыстан босатылған және жалақысы төмен лауазымдағы жалақының айырмашылығы алты айдан аспайтын мөлшерде төленуге жата~ды.~~

Қаралып отырған іс бойынша әкімшілік актімен жалақыны толық көлемде және алты айдан асатын мерзімге төлеу міндеттелген.

Сонымен бірге, алқа Б.Тілесбайға мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеген уақытына еңбекақы төлеу туралы мәселені қарау бойынша инспекцияның өз құзыретін асыра пайдаланғаны және бұл мәселені соттың айрықша құзыретіне жатқызу туралы жергілікті соттардың қорытындысымен келіспейді.

Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері:

  1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

  2. қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарының, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;

  3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздары мен шағымдарын қарау. Еңбек кодексінің 195-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес, тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі - КҚ) сәйкес тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына байланысты мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарады (құрайды), кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері лауазымды тұлғалармен, жеке және заңды тұлғалармен орындауы міндетті.

Еңбек кодексінің жоғарыда аталған нормаларына сүйене отырып, мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс берушілерді қадағалау функциясын жүзеге асыра отырып, олардың еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтайды және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды.

Нұсқама жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін, жауапты реакция болып табылады, және жеке еңбек дауын шешуді көрсетпейді.

Нұсқама орындамаған жағдайда қызметкер еңбекақы бойынша берешекті өндіру туралы сотқа дербес талап қоюға құқылы.

Жергілікті соттармен іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталғандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, алқа шешімдердің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз таппайды.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қаза~қстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндег~~ і сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешімі мен Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермагамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.